Партиялық жүйе саясаттағы монополиядан сақтауы керек
Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет
Мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үрдісі еліміздегі партиялардың сапасына, бәсекеге қабілеттілігіне тікелей байланысты. Себебі, партиялық жүйені қалыптастыру – мемлекет жаңғыруының бір көрінісі. Президент Тоқаев биылғы Жолдауында саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы – мемлекетті ілгері басуға емес, керісінше іркіліске алып келетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет» дегенді айтты.
Иә, елде саяси бәсекені дамытып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасалуға тиіс. Осындай қадамға барғанда ғана елдің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алудан сақтайтынымыз түсінікті. Ол үшін саяси жаңғыруға бастайтын сайлау жүйесін жетілдіру маңызды. Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстанда Мәжіліс депуттатары пропорционалды әдіспен сайланатын. 2018 жылдан бері мәслихат депутаттары да осы үлгімен билікке келді. Мұндай қадамдар елдегі партиялық жүйені дамытуға аз да болса септігін тигізді. Алайда аталмыш тәсілдің жағымсыз тұстары да қоғамға әсер етпей қойған жоқ.
Әлеуметтанушы Салтанат Оразбек партияда жоқ азаматтардың Парламентке немесе жергілікті өкілді органдарға сайлана алмауы демократияға қайшы құбылыс болғанын растайды. «Осының әсерінен азаматтардың сайлауға деген сенімі күйреді. Президент айтпақшы, сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейгені рас. Мемлекеттің әрбір тұрғыны өзінің дауысының маңызды екенін сезінбесе, сәйкесінше олардың құқығы да ескерілмейді», дейді ол.
Осы бір жағымсыз жағдайларды ескерген Президент мемлекетті аралас сайлау жүйесіне көшіруді ұсынды. Енді пропорционалды – мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік ауқымда толық көрініс таппақ. Атап айтқанда Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы прапорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық жолмен жасақталады.
Саясаттанушы Қанат Оспанов прапорционалдық жүйенің нәтижесіз болмағанын айтады. «Бұл партиялық жүйеде азаматтарды өзара ұйымшыл, бір мақсат жолында бірігуге үндегені анық. «Аралас жүйеге келсек оның өзіндік артықшылықтары баршылық. Себебі, кейбір үміткерлер саяси партияға қосылғысы келмейді. Сондықтан оларға да Праламентке баруға жол ашылуы тиіс. Екінші тұсы – кейбір сайлаушылар партияларға дауыс бергісі келмейтінін байқаймыз. Олар таңдауындағы нақты бір азаматқа дауыс бергенді құп көреді. Аралас жүйенің басымдығы осында».
Алда келе жатқан сайлауларда партия мен кандидаттар арасындағы бәсекелестіктің артуы маңызды. Осы бағытта жаңа партиялардың тіркелу процесіне кедергі келтірілмеуі қажет. Бұрын партия құру үшін 40 мың адамның одан кейін 20 мың адамның қолын жинау міндетті еді. Қазір мәселен 5 мың адамның қолын жинау жеткілікті.
«Қазақстан халық партиясының» депутаты Айбек Паяевтың айтуынша мәжілісте «Amanat» «Қазақстан Халық партиясы» және «Ақ жол» сынды үш партия бар. Олар бәсекеге түсуі үшін міндетті түрде партиялардың көп болғаны дұрыс. «Өйткені азаматтар алған бағытына, көзқарасына байланысты партияға тіркеліп, ой-пікірлерін партия атынан парламентке жеткізіп отырады. Шыны керек, біздің мемлекетте бәсеке жоқ. Депутаттардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланатыны жасырын емес. Халық партиясынан 10, «Ақ жол»-дың қатарынан сайланған 11 депутат бар. Көптеген шешімдермен келіспегенімізбен, біздің дауысымызға қарамастан кейбір дүдәмал бастамалар өтіп кете береді. Яғни біз азбыз. Келешекте партия көбейіп, бәсеке артатын болса халыққа қажетті заңдарды, басқа нормативтік-құқықтық актілерді де парламентте жүз рет өлшеп барып қабылдар едік. Ол үшін саяси партиялар мықты болуы керек» дейді депутат.
Депутат Паяев көппартиялы жүйені құрудың екінші жағын да ойластыруымыз керек деген пікірде. Өйткені, Абай айтқандай, «Болды да партия, ел іші жарылды» дегендей болмағаны абзал. «Партияларды көбейтіп алып нәтиже болмайтын болса қажеті шамалы. Қазір облыстарда қоғамдық кеңес көбейіп кетті. Саны көп те сапа жоқ, жүйелі жұмыс жасап жатқандары байқалмайды. Осы жағын ретке келтіру керек. Ал партиялар тікелей халықпен жұмыс істеп, елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, халық кемшілігін жоюға атсалысуы қажет».
Мұндай маңызды шешімдердің мақсаты - Қазақстанды суперпрезиденттік басқару нысанынан күшті парламенттері бар президенттік республикаға көшіру. Сол себепті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Amanat» партиясының съезінде ұйым төрағалығынан бас тартып, апртия қатарынан шықты. Себебі, Президенттің ешқандай да партияға басымдық бермегені жөн. Саяси тұрғыда бейтарап ұстанымды болуы керек. Мұндай қағида елдің саяси жүйесінде әділеттілік орнатып, сайлауға қатысатын барлық күшке тең мүмкіндік береді. Яғни Тоқаевтың өзі айтқандай, партия атқарушы билікке тәуелді болмаса ғана, оған бұқараның сенімі нығайып, беделі артады.
Президенттің пайымдауынша, енді әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салынуы керек. Бұл көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруда оң мүмкіндік береді.
Депутат Айбек Паяевтың пайымдауынша, аталмыш жүйе арқылы биліктегі азаматтар халықты мемлекеттік шешімдерді қабылдау үрдісіне тарта отырып, қоғамның саяси мәдениетін көтереді.
«Ата заңға өзгерістер еніп, можаритарлы жүйе қалыптасып жатыр. Күзде тиісті заң қабылданғаннан кейін парламент тарап, жаңа партиялар тіркеліп, халық сайлауы арқылы озық ойлы, іскер азаматтар келер болса билік нығаяды. Елдің жағдайын жақсартуға негіз болады. Суперпрезиденттік жүйеден президенттік формаға ену парламенттің жауапкершілігін күшейтіп, құзыретін кеңейтіп, үкіметтің есептілігін арттырады».
Қазір Президент Тоқаевтың пәрменімен Парламенттің рөлін күшейту жұмысы жандана бастады. Ол тек заң шығарушы орган ғана емес, еліміздегі кадрлық саясатқа тікелей араласып отырған саяси институтқа айналып үлгерді. Ал көппартиялылықтың қазақстандық үлгісі – демократияның бір көрінісі дер едік.
Қазақстандағы ресми тіркелген партиялар алдағы сайлауларға белсенді араласуы керек. Себебі, саяси партиялардың ең басты идеологиялық рөлі – мемлекеттің саяси-әлеуметтік және экономикалық дамудың жолын айқындау. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің меритократиялық жүйесін нықтауға үлес қосу. Осы секілді ашық саяси бәсекені туғызу үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар.