Кремль Трамптың Ресейді «қағаз жолбарыс» деген сөзіне жауап берді

Кремль АҚШ президенті Дональд Трамптың Украина өзіне Ресей оккупациялаған жерлерді қайтара алады деген мәлімдемесін Украина басшысы Владимир Зеленскийдің ықпалында жасалған пікір деп бағалады. РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, бұл көзқарас Ресейдің жағдайды түсінуімен мүлдем үйлеспейді, деп хабарлайды Malim.kz.
Осыған байланысты Песков Трамптың Ресейді «қағаз жолбарыс» деп атауын жоққа шығарды.
«Ресей ешқандай жолбарыс емес, Ресейді көбіне аюмен салыстырады. Ал қағаз аю болмайды», – деді ол.
Песковтың сөзінше, Трамптың пікірлері Зеленскиймен кездесуінен кейін айтылған және дәл соның көзқарасына негізделген.
Сонымен қатар, Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Нью-Йоркте АҚШ тарабына Мәскеудің ресми ұстанымын жеткізуге мүмкіндік алады.
Трамптың «Ресей үлкен экономикалық қиындыққа тап болды» деген сөзіне қатысты Песков:
«Ресей экономикасы толықтай тұрақтылық пен болжамдылықты сақтап отыр және соғыс жағдайында қарулы күштердің барлық қажеттілігін қамтамасыз етіп келеді. Санкцияларға қарамастан, бұл міндет орындалып жатыр», – деді.
Оның пікірінше, Трамптың мәлімдемесінің артында ең алдымен АҚШ-тың бизнес-мүдделері және мұнай мен газды көбірек сату мақсаты жатыр.
Фото: Getty Images/AFP/B. Smialowski