457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

АҚШ қорғаныс министрі генералдарды шұғыл жиналысқа шақырды

Жиынның күн тәртібі ашылған жоқ

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет келесі аптада жүздеген генерал мен адмиралды шұғыл жиынға шақыруға бұйрық берді. Жиынның күн тәртібі ашылған жоқ, деп хабарлайды Malim.kz Washington Post басылымына сілтеме жасап.

Басылым дерегінше, шақырту әлемнің түкпір-түкпіріндегі дерлік барлық жоғары командирлерге жіберілген. Бұл жағдай әскерилер арасында алаңдаушылық туғызып, мұндай жиынның қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар көтерілген.

Пентагонның баспасөз хатшысы Шон Парнелл тек Хегсет аға офицерлерге үн қататынын растағанымен, егжей-тегжейлі ақпарат бермеді.

Washington Post атап өткендей, бұл бұйрық қорғаныс ведомствосындағы бірқатар даулы отставкалардан кейін және Хегсеттің генералдар мен адмиралдар санын 20 пайызға қысқарту, сондай-ақ қолбасшылықтарды ірілендіру жоспары аясында берілген.

Газет деректеріне қарағанда, жиынға бригадалық генералдан бастап одан жоғары шендегі және қолбасшылық қызметтегі барлық офицерлер шақырылған. Олардың қатарында Еуропа, Таяу Шығыс және Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы әскери басшылар да бар.

Әңгімелескен бірнеше дереккөз мұндай кең ауқымды командирлерді жинау – өте сирек кездесетін жағдай екенін атап өтті.

Washington Post мәліметінше, әкімшілік жаңа қорғаныс стратегиясын әзірлеп жатыр. Ол құжат АҚШ аумағын қорғауға басымдық бермек. Жаңа стратегия осы жиында талқылануы әбден мүмкін.

Бұған дейін Хегсет шамамен жүз генералдық және адмиралдық лауазымды қысқартуға пәрмен беріп, Пентагонды «Соғыс департаменті» деп ребрендинг жасауды бастаған болатын.

Фото:depositphotos.com