Президент болғысы келмейтін кандидаттар

Елеусізов пен Қосановтың ізбасарлары Жаңа Қазақстанда да көп.

  • 12.10.2022
М.Елеусізов, С.Тұрсынбекова, Ә.Қосанов / Фотоколлаж: Malim.kz / Суреттер ашық дереккөздерден алынды

Кеше Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы президентін кезектен тыс сайлауға кандидаттарды тіркеуді аяқтады. Әзірге 12 кандидат тіркелген. Олардың төртеуі мемлекеттік тілді меңгергенін дәлелдеген, қалғаны 23 қыркүйекке дейін осы және өзге де тексерулерден өтеді. Демек, үміткерлер саны әлі де азаюы мүмкін.

Қоғам кезектен тыс сайлауға ұсынылып жатқандардың барлығын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың символикалық қарсыластары деп бағалап жатыр. Кандидаттардың ішінде билікке оппонент болатындай ұстаным білдірген, елдің көзіне түскен ешкім жоқ, Тоқаевтан басқа ешкімді танымаймыз, бұлар кімдер деген лептегі жазбалар әлеуметтік желіде де, БАҚ беттерінде де көп жазылуда.

Сондай ешкім танымайтын кандидаттардың бірі Салтанат Тұрсынбекова сайлауға не үшін түсіп жатқанын анықтап айтып бере алмады. Журналист Дархан Өмірбектің «Не үшін президент болғыңыз келеді?» деген сауалына ол «Президент болғым келмейді», деп жауап берді. Әлеуметтік желіге шыққан шағын ғана видеодағы диалог былай өрбиді:

- Президент атану үшін бара жатырсыз ба сонда?

- Жоқ, мен президент атану үшін бара жатқан жоқпын.

- Президент болуды көздеп тұрған жоқсыз.

- Жоқ.

- Неге?

- Елдегі мәселелерді шешуге, өзгерістерге өз үлесімді қосу үшін бара жатырмын.

- Сіздің сайлауға түсуіңіз бұл мәселелерді шешуге қалай көмектеседі?

- ...І-і-і...

Осылай. "Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған құқық қорғаушы сайлауға түседі, бірақ, президент болуды армандамайды. Әрине, кандидаттың мұндай сөз айтпаса да не үшін сайлауға түсіп жатқаны көпшілікке түсінікті. Оның үстіне, сайлауға кандидат тіркелгенмен, келесі кезеңге өте алмай қалатындар аз болмайды, сөйтіп, 11 псевдокандидаттың көбі не өз еркімен, не талапқа сай болмай шығып, атын бәйгеден шығарып ала салады. Мәселен, 2015 жылғы сайлауда бірінші кезеңде 28 адам ниет білдіріп, ең соңында үшеуі ғана қалған.

Тұрсынбекованың бұл сөзі 2011 жылғы президент сайлауына кандидат болған Мэлс Елеусізовтің әрекетін еске түсіреді. Ол өзі таласып жатқан сайлауда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріп, айды аспанға бір-ақ шығарған. Ол бұл қадамын спортшылардың дәстүрімен түсіндірген.

«Барлық спортшылар қашан да бір бірінің қолын алады. Міне, мен де оған, жеңімпазған құрметімді білдірдім. Ерекше ештеңе күтпеймін, өте заңды нәрселер ғой. Он сөзсіз анық жеңімпаз», - деп, сайлау күні журналистерге сұхбат берген.

Ол кезде Назарбаевтың кез келген қарсыласы Назарбаевтың басты фаворит екенін мойындайтынын білдіріп бағатын. Бәрін жіпке тізу мүмкін емес. Одан кейінгі үлкен оқиға – 2019 жылғы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі қарсыласы саналған Әміржан Қосановтың дауыс санағы аяқталмай жатып, ОСК қорытындысынан бұрын Тоқаевты құттықтауы болды. Осыдан кейін ел Қосановты сатқын деп атаған.

Демек, Жаңа Қазақстанда ештеңе өзгерген жоқ. Ескі Қазақстанда да мақсатсыз кандидаттар көп болған, қазір де көп. Президент болғысы келмейтін кандидаттар сайлауға түседі. Және сайлау әділ өтеді.

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов шағын құрамда келіссөз жүргізді

10.10.2024

Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

10.10.2024

Мемлекет басшысы Түрікменстанға ресми сапармен барды

10.10.2024

Мемлекет басшысы Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шикпен кездесті

09.10.2024

Ішкі істер министрінің орынбасары тағайындалды

07.10.2024

Тоқаев Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президентін қабылдады

04.10.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов шағын құрамда келіссөз жүргізді

Тоқаев Ашхабадта Абайға арналған ескерткіш ашты

Мемлекет басшысы Түрікменстанға ресми сапармен барды

Мемлекет басшысы Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Төрағасы У Вон Шикпен кездесті

Ішкі істер министрінің орынбасары тағайындалды

Тоқаев Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының президентін қабылдады