Қаңтар ісі. Мемлекеттік адвокаттарға шағым көп

Мемлекет бекіткен адвакаттарға наразы тараптан  90-95 пайыз шағым түсіп отыр

Олжас Қасым

  • 14.11.2022

Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау бастағалы азаматтардан дегбір қашты. Көтеріліскезінде «қару ұрлаған» деген айыппен алғашқы лекпен 5 жылға сотталған Өжет Жеңісханның әкесі Жеңісхан Әкірамұлы ұлым қашан шығады деп алаңдап отыр.  Өжетпен бірге Еңбекшіқазақ ауданы Есіл қаласының тұрғыны Бақыт Оңтай да бірге сотталған. Ата-аналарының 17 ақпаннан бері 9 ай бойы қақпаған есігі, бармаған мекемесі жоқ. 


Жеңісхан  Әкірамұлының білуінше, Қаңтар оқиғасында абақтыға жабылған 40-тан астам рақымшылыққа ілігіп, түрмеден босап шыққан.

«Әзірше шығатын-шықпайтыны белгісіз. Өжетті Алматыдан Қапшағайда ауыстырып жіберді. Өткенде бір мәрте ғана жолығып қайтқанмын. 3-4 айда бір рет телефон арқылы сөйлестіреді. Екінші адвокатым баламның істерімен толықтай таныс. Сотқа арызымыз да жолданды. Баламның тұрғылықты мекен-жайы туралы құжатты жеткіздік. Өжет үйдің үлкені еді. Темір торда  отырғанына 10 айға жуықтап қалды. Ұлымды көре алмай анасы мен бауыры  құлазып кетті,» дейді жәбірленуші. 

Жеңісхан Әкірамұлы бірінші жалдаған мемлекет бекіткен адвокатпен 6 айдан бері келісімшартты үзген. «Ұлымызды қорғауға аламын деп сендірген адвокат  керісінше оларды  ұстап берді.  Көп ұзамай,жауапкершіліктен жалтарып, қашып кетті. Қайда кеткенін білмей қалдық. Қазір балалардың ісімен құқық қорғаушы Жалғас Сапарханова айналысып жатыр» - деп мәлімдейді ол. 

Malim.kz тілшісі Өжет Жеңісхан мен Бақыт Оңтайдың адвокаты Жалғас Сапархановамен сөйлесіп, мән-жайды білді. Құқық қорғаушының айтуынша, бүгінге дейін сотталушыларды рақымшылықпен шығару үшін  5-6 рет кездесу өткен. «Мен кеше ғана бір рет кездестім. Осыдан  соң екі азаматты бірден жазасын өтеу мекемесіне алып кетті. Сотқа бірнеше рет кассациялық шағым жаздық. Неге екенін білмеймін, қараусыз қалдырып жатыр. Бас прокуратураға да  наразылық шағымын жібердік. Бірақ, толық жауап жоқ. Алайда, соттан істі қарау мерзімін создық деген жауап келіп жатыр».

Адвокат. «Сотқа  Кассациялық шағым  жаздық, қараусыз қалдырып жатыр»  

Қазір шағымданушы тарап құзырлы мекемеден жауап күтіп отыр. «Рақымшылық бойынша  шығу жайын қарастырудамыз. 3-қазан күні амнистияның өтініш хатынЗаречныйдағы 14-ші мекеме сотқа жібергенін айтты. 7 қазанда хат тіркеліпті. Соның нәтижесін  күтіп отырмыз. Амнистиядан кейін жазаны өтеу мерзімі қысқартылса, қалған жаза мөлшері қалайын деп тұр. Оны шартты немесе жеңіл жаза түріне ауыстыруды сұраймыз. Қуантып тұрғаны, балалар өздігінен амнистияны қолдану туралы өтініш хат жазбапты. Кейін реабилитацияға беретін кезде осыны негізге алсақ болады деп ойлаймын. Есебімізше, жаза мерзімін қысқартқан күннің өзінде 3 ай өтейді», дейді адвокат Ж.Сапарханова.  

Адвокат Сапарханова күні кеше  Заречныйдағы тергеу изоляторына  барып, мекеме басшысы мен арнайы бөлімге кірген. «Олар сотталушылардың ата-аналарынан тұрғылықты мекен жайы бойынша құжат сұратты. Бүгін тиісті құжатты жақындары  апарып  берді. Мен балаларға рақымшылыққа өтініш хат жазғызып алдым. Өтінішті бірден сотқа жібереміз» деп отыр.  

Құқық қорғаушы маман  мемлекет тағайындаған адвокаттарға азаматтар тарапынан шағым көп түсіп жатқанын айтады. Сондықтан ол оны да қараусыз қалдырмау керек деген пікірде.

«Өжет пен Бақыттың жақындары адвокат Құралай Қалиасқарованың үстінен бірнеше шағым түсірген. Осыдан соң ол жұмыстан өз еркімен шығып кеткен. Шағымды жәбірленушілер  ары қарай да жазуына болатын еді. Баласымен бас қайғы болған ата-аналар ол істі  тоқтатып қойды.  Ақыр соңында құқық қорғаушы «шығып кетті» дегенмен жазадан құтылып отыр.  Ол мемлекет тарапынан тағайындалып, келісімшартпен  жұмыс істеген адам. Маған мемлекет бекіткен адвакаттарға наразы тараптан  90-95 пайыз шағым түсіп отыр. Үкім шығар алдында баласы мен ата-аналарын тілдестірмей, тергеу изоляторына кіруге жол бермеген. Бүгін де маған азаматтар хабарласты. Сондай адвокаттың кесірінен балалары 7 жылға сотталып кеткен. Сотта сөйлеген де жоқ деді. Сотталған адамдарға көп  залал тигізген. Енді мемлекет тағайындаған адвокаттардың ісін қарастырамын».

Өжет Жеңісханұлының ағасы Ербол Қакенұлы да бізге Өжет пен Бақытқа  мемлекет бекіткен адвокаттың ешқандай да жұмыс істемегенін айтқан болатын. «Сот отырысында «айтарың бар ма?» деп сұрағанда қорғаушы ләм-мим демеген. Бауырларым адвокатқа ашулы. Сот қорғаушыдан тағы бір мәрте сөз сұрағанда тағы үндемей отырып алған. Содан соң жағдай осылай шешілді. Негізінде судья қылмыстық істі қайта қарауға ниетті болыпты. Қорғаушының кесірінен сотталды. Баламыз «неге осы уақытқа дейін өздерің келмедіңдер, қасымыздағы үш-төрт баланы босатып әкетті»,- деп еңіреп  отыр. Адвокат Құралай Қалиасқарова бізге заң бойынша қорғау қағазын беруі тиіс екен. Өзі бермеген соң біз де талап етпеппіз. Барайық десек, адвокат тергеу изоляторы қызыл зонада деп кіргізбеді. Біз қорғаушыға имандай сеніп жүре беріппіз. Сөйтсек, ол бауырымызды соттаудың жолын қарастырған секілді. Жуас баланы солай мойындатқан»  деген еді Е.Қакенұлы.  

Адвокаттан «оңбай опық жедік» деген Өжеттің туыстары бұл жағдайда қайта қарастыруға әрекеттеніп көрмек. 

Естеріңізге сала кетейік, 21 ақпан күні сотталушы Өжет Жеңісханұлының әкесі Президент Тоқаевқа үндеу жолдап, «Менің ұлым террорист емес. Ешқандай ұйымға, басқа да қылмысқа қатысы жоқ» дейді. Оның айтуынша, ұлы алаңға көзқарасын білдіру үшін шыққан. Сол кезде біреулер қорқытып, қару кезеп, қолына қару ұстатып жіберген. Ол қарудан ешқандай оқ атылмаған»,- деп араша  сұраған болатын.  


2022 жылы 2 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды.  Бас прокуратураның мәліметінше, Қаңтар оқиғасына қатысқан 1520 адам рақымшылыққа ілінуі мүмкін. 

Ресми деректерге  сүйенсек, еліміз бойынша 5 мыңнан астам азамат сотқа дейінгі тергеуге тіркелген. Оның ішінде: терроризм бойынша – 27 іс; тәртіпсіздіктер бойынша – 131 іс; кісі өлтіру бойынша 146 сотқа дейінгі тергеу жоспарланған. 1612 адам күдікті деп танылса, оның 787-сі жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны үшін ұсталған. Ұсталғандардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтың 41 мүшесі бар. Сондай-ақ 126 азамат  өлтіру, ұрлық және тонау  бойынша істі болған.