Қасым-Жомарт Тоқаев бір жылда не жұмыс атқарды?
Биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел президенті ретінде өкілеттілігін атқаруының екінші жылы басталады. Осы орайда әлеуметтанушы Айнұр Бақытжанова президенттің бір жылда атқарған жұмыстарына шолу жасапты. Назарларыңызға ұсынып отырған әлеуметтанушының пікірімен келісу-келіспеу мәртебелі оқырман құзырында.
Қазақстанның әлеуметтік саласында атқарған жұмыстарының нәтижесі
Әрбір мемлекеттің басшысы өз халқының жағдайын жақсартуға мемлекеттік саясатты бағыттайтын шығар, дегенімен бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекетті басқаруында алдыға қойған маңызды мақсарттарының бірінші легінде тұр. Мемлекет басшысы Қазақстан Президентінің қызметін атқару сәтінен бастап-ақ өзінің халқының жанына жақын, мұңына басу айтқан, қуанышында бірге болған мемлекеттік тұлғалардың бірі болды. Өзінің Президенттің сайлау алды бағдарламасында әлеуметтік саладағы жаңғырту жұмыстарын төртінші бөлімінде көрсетіп, оны «Әділ қоғам» деп атаған болатын. Оның ішіне «Қолжетімді сапалы білім», «Заманауи медицина», «Әлеуметтік қорғау», «Ортақ құндылықтар мен мәдениет», «Жаңа ұрпақ», «Экологиялық ойлау» кіші бөлімдерін жазған.
2022 жыл сайлаудағы жеңісінен кейін халықтың жағдайын жақсартуға, мемлекеттегі әлеуметтік саланы реттестіру мен оны дамытуға қатысты жоспарларын атқаруды бастаған болатын, осы жұмыстардың нәтижелері мен Президенттік сайлау алды бағдарламасында айтқан мақсаттары мен жоспарларының жүзеге асуы төменде баяндалып тұр.
Жақында ғана мемлекет басшысы «Ұлттық қор – балаларға» жобасын 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске асуы үшін заңнамалық түзетулерге қол қойған болатын. Бағдарлама аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Аталған жоба Қазақстанның жастарының кәмелет жасқа келген кездерінде олардың сапалы білім алуларына, өздерін жетілдіру үшін немесе пәтер алуларына ресурстарының болатындығын айтуда. Менің ойымша, аталған жоба қазақстандық жастардың жарқын болашаққа, кәсіби салада бәсекелестікке төтеп бере алуларына, білім алып, өз елдерінің дамуына негіз болады деген ойдамын.
Сонымен қатар, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап минималды жалақы 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге көтерілген болатын. Осының нәтижесінде шамамен 1,8 миллион әртүрлі салада жалдамалы жұмыста істейтін отандасымыздың табысы өскен болатын.
Бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылған болатын. 2023 жылдың 1 қарашасынан бастап шамамен 632 мың ата-ана 258 миллиард теңгеден астам сомаға төлем алған болатын. Сондай-ақ, бұрын тауар түрінде берілген атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет енді монетизацияланатын болды. Аталмыш жылдың 1 қарашасынан бастап 182 мың балаға жалпы соммасы 6 миллиард теңгені құрайтындай қосымша төлемдер төленген.
Мемлекет басшысы қандайда бір көмектерді алу кезінде туындайтын көп құжаттылық пен оны алу мекемелерінің жұмысын тиімді ету үшін, соның негізінде мемлекеттік қабылдауды проактивті форматта алуда адам өмірінің барлық бағытын қамтитын отбасының цифрлық картасын енгізуді бастаған. Бұл жоба қазіргі кезде толықтай жұмыс істеуде, аталған нәтиже мемлекет басшысының айтқан жоспарының орындалғанын көрсетуде.
Тоқаев өзінің Президенттік сайлау алды бағдарламасында жаңа цифрлық мүмкіндіктер туралы айтқан еді, осы бастама мен жоспардың жүзеге асуын күнделікті өмірімізде айқын көрудеміз. Мысалы, қазір қажетті құжаттарды алу, өтініш жазу, жұмыс табу кезінде қолданылатын бағдарламалар біздің өмірімізді айқын жеңілдетті.
Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді алу, құжаттарды рәсімдеу, қандай да бір жағдайға қатысты кері, пікір мен ұсыныстар айту, өтініштер білдіру жүйесі қазіргі кезде тиімді жұмыс істеді, халықтың бұл бойынша уайымы азайған сияқты. Бұл біздің мемлекетіміз үшін өте жақсы жетістіктердің бірі болып тұр, себебі осыдан 5-10 жыл бұрын құжаттарды рәсімдеу мен қажетті жұмыстарды атқару үшін ұзақ уақыт пен шыдам керек болатын. Ал қазіргі кезде Халыққа қызмет көрсету орталығының онлайн, мобилдік қосымшалары, eOtinish, eSalyq, eDensaulyq, eNotary, Enbek жобалары бойынша қызметтерді алудың оңайлығы мен тиімділігі айқын болып тұр.
Қазақстан БҰҰ рейтингінде (UN Global E-Government Development Index) электронды үкіметті дамыту бойынша 28 орында, ал онлайн қызмет көрсету бойынша 8 орынға ие екен. Бұның барлығы мемлекеттегі халықтың жағдайын жеңілдетуге, сұранысын орындаудағы тиімділіктің артқандығын, мемлекеттік саясаттың халықтың жағдайын жақсартуға бағытталғандығын көрсетеді.
Президент Тоқаев әрдайым, барлық баяндамалары мен сөздері кезінде мемлекеттегі адамдардың құқықтарының сақталуына, қауіпсіздікке қатысты ойларын айтып отырады. Ол да мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасында айтылған, ал бір жыл ішінде қандай өзгерістер бар? Бұл өзгерістердің болуына елімізде адам құқықтарын таптауға қатысты болған бірнеше жағдайларда өзіндік ықпалын тигізгендігін айту керек. Соның нәтижесінде, Мемлекет басшысы балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдаған болатын.
Әлеуметтік салада болған өзгерістер өте көп, дегенімен осы бөлімнің қорытындысы ретінде жастар саясатына қатысты кешенді өзгерістер жүйесін айтқым келеді. ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды, онда жастарды түрлі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтуды кеңейту, жастар кәсіпкерлігін ынталандыру, жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мен т.б. мақсаттарды көздейтін жоспарлар мен шаралар айтылған болатын.
Экономика саласында атқарылған жұмыстардың нәтижесі
Қазіргі президенттің сайлау алды бағдарламасында Қазақстанда болатын экономикалық өзгерістер «Әділ экономика» бөлімінде айтылған, ал ол өз құрамында мынадай бөлімшелерден құралған: «Мемлекеттің әділ және болжамды экономикалық саясаты», «Бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы және тұрақты ауыл», «Күшті аймақтар және дамыған инфроқұрылым», «Прогрессивті қолданбалы ғылым» және «Цирфлық мүмкіндіктер».
Бағдарламада айтылған кейбір бөлімдер бойынша жұмыстар атқарылды, дегенімен кейбір мәселелер халық арасында талқылауды, бюджетін ұтымды және тиімді ойластыруды және аталған жобалардың ұзақ уақытқа қызмет етуін, яғни өміршеңдігіне де назар аудару керек. Сондай-ақ, Қазақстанның экономикалық даму жолында асығыстық пен дарақойлық емес, жүйелі және кешенді, ұтқыр шешімдер қажет болып тұр.
Аталған бағыт бойынша Қазақстанда қандай өзгерістер бар? Біріншіден, 2023 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9% жеткендігін атап өту керек. Нақты сектордағы өзгеріс динамикасы 3,8% болса, қызметтер көрсету саласында бұл 5,4% құрады. Қазақстанда ағымдағы жылы даму көресткіштері айқын көрінетін салалар төмендегідей:
Құрылыс саласы (+12%);
Сауда саласы (+9,7%);
Ақпарат және байланыс саласы (+8,5%).
Негізгі капиталға инвестицияның өсу қарқыны бір жылда 12,4% құраған. Қаңтар- маусым айлары аралығында сыртқы сауда айналымы 4,3%-ға өсіп, 67,2 миллиард долларға жетті, сонымен қатар елімізде 8,5 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер қолданылуға берілген болатын.
2023 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығынмен есептейтін болсақ негізгі капиталға инвестицияның өсу қарқыны тағы өскен болатын, ол осы аралықта ол 12,6%-ды көрсетті. Олардың ағыны көлік және қойма шаруашылық саласында – 58%, денсаулық сақтау саласында – 40%, сауда саласында – 38%, білім беру саласында – 18%, ауыл шарушалығы саласы бойынша – 8,7%, өнеркәсіп саласында – 8,3%-ға өсу көрсеткіштері анықталған болатын.
Ағымдағы жылы мемлекетте қаңтар-қыркүйек айлары аралығында республикадағы сыртқы тауар айналымының көрсеткіші 2,4%-ға өскен, яғни 102 миллиард долларға дейін. Ал экспорт саласында 57 миллиард доллар, оның ішінде өңделген шикізаттық тауарлардың экспорты 18 миллиард доллар, тауарларды импорттау 44 миллиард долларды құраған.
Жылдың басынан бастап еліміздің Абай, Ақмола, Батыс-Қазақстан, Қостанай, Солтүстік-Қазақстан аймақтары мен Алматы қаласында барлық макрокөрсеткіштер бойынша экономикалық көрсеткіштердің өскендігі анықталды. Дегенімен қазіргі кезде Атырау, Алматы облысы мен Ұлытау облыстарында аталған көрсеткіштердің өсуі мен өзгеруі жағынан мәселелер туындап тұрғандығы белгілі болды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет басшысы және майталман саясаткер ретіндегі басты ерекшелігі ол мемлекеттің халқының жағдайын жақсарту мен мемлекеттегі экономикалық жағдайды реттестіру кезінде мемлекеттің табиғи ресурстары, оның ішінде мұнай мен газды тасымалдауға тәуекелді болуды қою керектігін айтқандығы. Дегенімен, осы уақытқа дейін біздің еліміз дүниежүзінде мұнайы бар басқа мемлекеттердің жағдайына қарағанда төмен. Оны біз халықтың тұрмыстық жағдайынан да көре аламыз. Қазіргі кезде шынымен Қазақстанның экономикалық даму бағытын тек қана әдебиеттерде айтатындай мұнай және газбен ғана байланыстырмай, басқа да салаларды оятып, соларды дамыту керекпіз. Сондай-ақ, бұл шараны біздің мемлекетіміз алғашқы тәуелсіз мемлекет ретіндегі кезеңінен бастауы керек болатын. Мүмкін сонда қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаратын шығар ма еді?
Жалпы, Қазақстанның экономикалық реформалар негізінде даму бағытында еліміздегі барлық салалардағы орта және кіші бизнес, өнеркәсіп салаларын дамытуға тартқан инвестициялары мен жобалары да ықпал етеді. Қазақстанның экономикалық жағдайының өзгеруінде жақсы өзгерістер бар, даму қарқынымызда жақсы болып келе жатыр, дегенімен мемлекет басшысының өзінің 2023 жылы халқына жолдауында, Ұлттық құрылтайдың екінші жиыны кезінде, барлық баяндамаларында айтылған маңызды идеялардың бірі ол Қазақстанның экономикасының жарқын болашағы тек мемлекет қызметшілері, үкіметте емес, сондай-ақ оның халқының қолында, яғни адал еңбегі мен кәсіби біліктілігі мен білімінің жоғарылығында екендігі айтылды.
Бір жылда экономика саласында атқарылған жұмыстар өте көп болды, әлеуметтік-инфроқұрылымды дамыту кезіндегі экономикалық саяси бағдардың тиімді тұстары болды.
Саяси институттарда бір жылда болған өзгерістер мен нәтижелер
Бір жыл бұрын Президент сайлау алды бағдарламасында мемлекеттегі саяси институттардың өзгеруіне қатысты ойларын айтқан болатын. Ол жерде «Әділ мемлекет» деген бөлімде мынадай сұрақтар мен жоспарларын атаған: «Саяси жаңғыру», «Тиімді мемлекеттік аппарат», «Азаматтардың құқықтарын қорғау», «Елдің қауіпсіздігі» айтылды. Солардың бір жылда жүзеге асуының нақты тұстарына шолу төменде баяндалады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы саяси институттарды жаңғырту бастамасы 2022 жылдың 1 қыркүйегінде оның халқына жолдауы кезінде айтылған. Аталған өзгерістер толқыны Қазақстандағы саяси саладағы барлық мәселелерді, мемлекеттік басқаруда Президенттен бастап ауыл әкімдерінің жұмыстарына қатысты жайыттардың барлығы өзгеретіндігі айқын белгілі болды.
Мемлекеттің Президентінің өкілеттілігі енді тек 7 жыл болады, және қайта сайлану құқығы жоқ болады. Осылайша, Тоқаев мемлекетте Президенттің қызмет ету уақытын шектеу арқылы оның өзінің мемлекетінің дамуына барлық күш-жігерін жұмсайтындығына негізделген болатын. Бұндай тәжірибе де мемлекетіміздің дамуына тиімді әсер етеді, себебі ұзақ уақыт бойы монобиліктің болуы мемлекеттің дамуына да әсер етуі мүмкін. 2022 жылдың қыркүйек айында аталған мақсат орындалды, соның негізінде де қараша айында кезектен тыс президенттік сайлау өткен болатын.
Саяси институттардың жаңғыруы ретінде Президенттің мемлекеттік басқаруда өзгерістер енгізуінен басталған, соның нәтижесінде барлық деңгейдегі депутаттарды сайлау қайта жүзеге асырылды, ол сайлаулар Парламент Сенаты депутаттарын, Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын, сондай-ақ тікелей сайлау тетігі арқылы әкімдерді сайлау жүргізілген болатын.
Парламент Сенатының депутаттарын сайлау 2023 жылдың 14 қаңтарында басталды. Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 3167 депутаттың 55-і сайлау бюллетеньдеріне енгізілді. Оның ішінде 20 кандидат 50%-дан астам дауыс жинап, Парламент Сенатында өз аймағының атынан қатысты.
Бұдан кейін келесі жаңғырудың толқыны болды, ол Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткізілді. Бұл ретте Парламент Мәжілісіне, сонымен қатар мәслихаттарға сайлау жаңа аралас пропорционалды- мажоритарлық жүйе бойынша өткізілді, онда депутаттардың 70%-ы (яғни 69 мүшесі) партиялық тізімдер бойынша саяси партиялардан, қалған 30%-ы (яғни 29 мүшесі) бір мандатты аумақтық округтерден, яғни сол аймақ тұрғындарының көп дауысын жинауына байланысты сайланған болатын.
Мәжіліске алты саяси партия өтті, олар: «AMANAT» партиясы, «Ауыл» халық-демократиялық партиясы, «Respublica» партиясы – 8,9%, «Байтақ» жасылдар партиясы – 3,22%, Қазақстанның халық партиясы – 6,25%, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 7,87%, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партия – 5,31%.
Саяси институттағы жаңарулар мен жаңғырулар толқыны өңірлердің әкімдерін де қамтып өткен болатын. Соның негізінде, биылғы жылдың 13 тамызында 7 өңірде 17 ауыл әкімі сайланған еді. 20 тамызда 3 өңірде 21 ауыл әкімін сайлау өткізілді. Сонда барлығы 2023 жылдың соңына дейін 199 ауылдық елді мекеннің әкімдерін сайлау жұмыстары жүзеге асырылатындығы белгілі болды.
Бұл саяси институттарды реформалау кезіндегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүзеге асырылған жұмыстарына шолу ғана. Дегенімен, бір жылдың ішінде халықаралық саяси аренада, аймақтың ішінде де көптеген саяси салада өзгерістер бары анық. Мысалы бір айдың өзінде ғана елімізге Франция, Қытай, АҚШ, Түркия, Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары және т.б., мемлекеттерден саяси лидерлер келген болатын. Бұның барлығы мемлекет басшысы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқарған жұмыстарының нәтижесі, оның көреген саяси бағдары мен жеке тұлғалық қасиеттерінің кемелденгендігінің нәтижесінде біздің елімізге халықаралық басшылардың назарын аудартуда. Шынымен, Қазақстанды осыған дейінгі уақыттағы саяси бағдарынан алшақтауынан оң өзгерістердің бар екендігін көрудеміз. Енді мемлекеттік билікті атқару кезінде өкілеттілікке берілетін уақыттың шектеулігі де бір адамның қолында билікті ұстаудан алшақтатып, керісінше сол билік басшысының аз уақыт аралығында тиімді жұмыстарды атқаруына итермелейді, ал ондай жағдай болмаса керісінше аз ғана уақыт аралығында сол басшының орнына келесі басшының келетіндігін анық көрсетіп тұр.
Басқа салаларда атқарылған жұмыстардың нәтижесі
Бір жылдың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше баяндамалар жасаған болатын, олардың ішінде Мемлекет басшысының VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында алға қойған мақсаттары, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте сөйлеген сөзі, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ cессиясында сөйлеген сөзі, Президенттің Астана Халықаралық Форумының Пленарлық сессиясында сөйлеген сөзі, Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзі мен Мемлекет басшысының Республика күніне орай мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды салтанатты түрде тапсыру рәсіміндегі сөйлеген сөздері болды. Бұның барлығында айтылған мақсаттар мен жоспарланған шаралардың барлығы қазіргі кезде жұмыс істеуін бастаған, нәтижелі тұстары да көрінуде. Аталған баяндамаларда Мемлекет басшысы мемлекеттің даму жолында оның халқының жағдайын жақсарту арқылы, халықтың да барлық қырынан дамуы керектігі туралы нақты айтқан болатын. Мысалы, Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы кезінде қазақстандықтардың бойында болуы керек «адалдық» пен «әділдік» қасиеттерге аса мән берген. Бұның барлығы мемлекет басшысының халықтың жағдайын жақсарту арқылы оны дамуға итермелеу керектігін, соның нәтижесінде мемлекетте даму мен жақсы өзгерістер толқыны болатындығына негізделген.
Бір жылда атқарылған маңызды жұмыстардың қатарында Ұлттық құрылтай шеңберінде атқарылған жұмыстардың кешенді түрде ойластырылып, жасалып жатқандығын айтуға болады. Сол бойынша қазіргі кезде ұлттық киноиндустрия саласында, ұлттық геральдика саласында, тарихи мұраларды жаңғырту, тарихты қайта жазу мен тарихи тұлғаларымыздың еңбектерін қайта зерттеу бойынша да көптеген жұмыстар нәтижесін көрсетуде. Ұлттық құрылтай біздің ұлттық санамыз бен жадымызды, ұлттық кодымызды жаңғыртуда маңыздылығы бар. Осы жолда қойылған мақсаттар тек көшеде көрсетілген постерлер мен билбордтар ретінде көрінбейді, сапалы және ұзақ уақыт жұмыс істеуге бағытталғандығы қуантады.
Бір жылда жүзеге асып жатқан нәтижелі бастамалардың бірі ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында көрініп тұр. Мемлекет басшысы бұл бөлімде экономикалық реформаларды жүзеге асыру, оның ішінде барлық салаларды дамыту, экспортты арттыру, кәсіпорындардағы қауіпсіздік шараларының сақталуына, бұл бағытта орындалатын шараларда экологиялық зиынның болмауына қатысты да мақсаттары мен тапсырмаларын айтқан болатын. Сондай-ақ, осы Қазақстанның экономикалық даму бағдары жолында «Адал азамат» тұжырымдамасын барлық қазақстандықтардың ұстануы керектігін айтты.
Бір жылдың ішінде елімізге көптеген мемлекеттердің басшылары мен лидерлері келген болатын, оның ішінде мемлекетке Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы шақыруымен келгендер де болды. Осындай іс-сапарлар арқылы мемлекет басшысы халықаралық саяси аренада жұмыс істейтін басшылар мен мемлекеттердің лидерлерін Қазақстанның болашағына инвестициялар жасауды, мемлекеттер арасындағы достықты қамтамысыз ету үшін ортақ жобалардың жүзеге асуын, бейбітшілікті қамтамасыз ету бойынша ортақ әрекет ету бағыттары бойынша да келіссөздер өткізіп, маңызды келісімдер жасады.
Қорытындылай келе, 2022 жылдың қараша айында өткен кезектен тыс президенттік сайлауда жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір жылда Президент ретінде өкілеттілігін атқару барысында жасаған жұмыстары көп болды. Қазіргі кезде Президенттің сайлау алды бағдарламасында айтылған мақсаттарының, жоспарларының көбі жүзеге асты. Мемлекеттегі әлеуметтік салада, халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған шаралардың оң нәтижелері байқалуда, экономикалық саладағы өзгерістер халықтың ішерге асын, көретін күнін көрсетіп отыр. Мемлекеттік саяси бағдардың көп векторлы болуы мемлекетіміздің халықаралық, аймақтық саяси аренада өзіндік орнын айқын көрсетіп, бекіткен болатын. Дегенімен, қазіргі кезде Президенттің алдағы уақыттарда шешуі керек мәселелері бар деген ойдамын. Оның біріншісі, Қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі кезде әлемде болып жатқан дүрбелеңдер мен жанжалдар Қазақстанға әсер ететіндігі сөзсіз, сондықтан мемлекет басшысы сырттан келетін соққыларға басты назар аударуы керек. Ол дегеніміз террористік актілерден, саяси дүрбелең тудырушы араңдатушылардың ықпалынан және т.б. қауіптерден қазақстандықтарды кешенді түрде қорғап, бейбітшілікті сақтау бойынша жұмыстар атқаруы маңызды. Сондай-ақ, бұндай қауіп пен дүрбелең мемлекет ішінде де орын алуы мүмкін. Мысалы, адам құқығын қорқау, жалпы қауіпсіздікті сақтау мен мемлекеттегі бейбітшілікті сақтау бойынша мәселелерді анықтау шараларын, оларды болдырмау мен жою бойынша жұмыстар атқару маңызды болып тұр деген ойдамын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халқының қолдауына, құрметіне иеленген мемлекет басшысы. Сайлауда халықтың ең көп дауысын жинады. Қазақстандықтардың мемлекет басшысына артқан үміттері асқар таудай, сондықтан Қазақстанның мемлекет ретіндегі жарқын болашағын құру кезінде оның халқының ғана емес, сонымен қатар басқарушысының еңбегін де атап өту маңыздылығы көрінуде. Осылай бір жылда атқарылған жұмыстарға шолуымды аяқтай келе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттілігін атқаруының екінші жылына толағай табыстар мен нәтижелі жұмыстарды атқаруын тілеймін.