Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндерге мемлекеттік тілді білу міндеттеледі

Енді мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, сондай-ақ еліміздің тарихы мен Конституциясын білмейтін шетелдіктерге азаматтық берілмейді.

Олжас Қасым

  • 23.05.2024

Қазақстан азаматы атану үшін шетелдіктер жоғарыда аталған үш құндылық бойынша тест тапсыруы керек. Мұндай талап 16 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Көші-қон және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамаға енгізілген өзгеріс пен толықтыруда айтылған, деп жазады Malim.kz тілшісі.   

Талап қатал ма?

Көптен талқыланып, президент мақұлдаған заңдағы өзгерісті қоғам әртүрлі қабылдады. Кейбір сарапшылар құжат қазақ тілінің мәртебесін көтереді деп есептейді. Енді бірі бұл заң сырттағы қандастардың елге оралуына кедергі келтіретінін алға тартады. Ал бұл тұрғыда Қазақстанның төлқұжатын иеленгісі келетін азаматтардың ойы қандай? 

Ауғанстандық этникалық қазақ – Насим Найман бала күнінен Қазақстан азаматтығын алғысы келеді екен. Сөзінше, әкесі – қазақ, анасы – хазар ұлтының өкілі.  Ол бала кезінен  кілем тоқуды  жанына серік еткен. Айтуынша, бұл кәсіп арғы аталарынан бері жалғасып келеді. Ол 2023 жылы Астанаға қысқа мерізімге жұмыспен келіп, Қазақстанда біржола қалуға бекінген. Бірақ, ол ойы заңдық тұрғыда жүзеге аспаған. Қазір құжат жинап, онлайн курс арқылы тіл үйреніп, азаматтыққа өтініш бергелі жүр. Журналистермен аудармашы арқылы сөйлескен парсы тілді Насим жаңа тәртіптің енгізілгенін жөн санайды.    

 Насим Найманның Астанада өткен кілем көрмесі. Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі   

Былтыр Қазақстанға келіп, ауған қазақтарының кілем көрмесін өткіздік. Сол кезде осындағы азаматтармен азаматтық алу туралы ақылдасқан едім.  Ауғанстанда туып-өскендіктен, қазақ тілін үйренуге мүмкіндік мүлде болған жоқ. Себебі, мұнда мектепті парсы тілінде оқыдық, барлық қарым-қатынас осы тілде жүргізіледі. Қазір онлайн курс арқылы қазақ тілін үйреніп жатырмын, - дейді Нәсим Найман. 

Тілге сұраныс артады

Қоғам белсендісі Серік Ерғали болса, қазақ тілін, Қазақстан тарихы мен Ата заңды білуге міндеттейтін заңның қолданысқа енгенін құптайды.

Мәдениеттанушы Серік Ерғали. Фото: halyq-uni.kz 

Азаматтық алатын адам тілді білуі керек. Біріншіден осы талап арқылы қоғамда мемлекеттік тілге деген сұраныс артады. Сырттың азаматтарын есепке алмағанда, өзіміздің азаматтар «Мемлекет екенбіз ғой. Тілді білу туралы талап қойып жатыр» деп ойлана бастайды. Сондықтан бұл дұрыс бастама. Осы заңның негізінде үкімет тез арада қаулы қабылдауы керек. Мысалы, кез келген Қазақстан азаматтығын алғысы келетін адам «Қазтест жүйесі бойынша қазақ тілінің белгілі бір деңгейін білу керек» деген. А,В,С,Д,Е деген сияқты. Оларда бірінші, екінші деп бөлінетін базалық деңгей бар. Соларды атау керек. Кез келген адам Қазтесттен тест тапсырады. Ол тесттен ағылшын тілінен IELTS тапсырған сияқты сертификат алуы тиіс, - дейді Серік Ерғали.

Елдің тұтастығына нұқсан келуі мүмкін

Ал қандастардың мәселесін көтеріп жүрген қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек бұл ретте әуелі «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңын қаперге алған дұрыс деген ұстанымда. Сөзінше, бұлай етпесе, елдің тұтастығына нұқсан келуі мүмкін. Ол ойын былай түсіндіреді:

Қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек. Фото: Abai.kz 

Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңының 16-бабында Қазақстан азаматтарының жақын туыстары, оның ішінде бұрынғы одақтас республикалардың азаматтары тұрақты тұру мақсатымен елімізге келген болса, осы жақта тұру мерзiмiне қарамастан, Қазақстан азаматтығын ала алады. Осындай норма бар. Бұл норма Мәскеуде 1999 жылғы 26 ақпанда жасалған Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Ресей арасындағы Азаматтық алудың оңайлатылған тәртiбi туралы келісім негізінде жасалған. Аталған келісім бойынша азаматтық туралы Заңға өзгеріс енгізілген. Егер, Қазақстан азаматтығын алғысы келетін осы үш елдің азаматтарына мемлекеттік тілден емтихан тапсырасың десе, бұл мәселеге бірінші болып Ресей билігі араласуы мүмкін, - дейді Ауыт Мұқибек.  

Емтихан тапсырады

Тілді білудің тиісті деңгейін Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, азаматтық алу үшін тест тапсыру керек. Бұл - әлем елдеріндегі қалыпты тәжірибе. Мәселен, АҚШ, Еуропа елдері мен Ресейде осындай тәртіп бар.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек. Фото: ашық дереккөзден 

Біздегі тесттің үш компоненті болады. Мемлекеттік – қазақ тілін меңгеру, Конституция негіздері мен Қазақстан тарихын білу ескерілген. Қазір арнайы жұмыс тобын құрып жатырмыз. Тиісті ереже мен осы тесттер әзірге дайын емес. Дайындау керек, - деді үкімет қабырғасында журналистерге жауап берген министр. 

Алдымен бейімдеп алу керек
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Бақыт Сарай да біраз уақыттан бері көптеген шетелден келетін қандастардың азаматтық алуына жәрдемдесіп жүр. Белсенді азаматтықтан үміттілерден тест алмас бұрын, оларды алдымен Қазақстанға бейімдеу керек деген пікірде.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының өкілі Бақыт Сарай 

Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы барлық елдегі қазақтармен байланыста отыр. Алайда сырттағы қандастарымыз тарих түгілі тілді білмейді. Ұмытып қалған. Айталық, Қытай, Моңғолиядан келген студенттер Қазақстанда арнайы курс оқиды. Осындай орталықтар көп болғаны дұрыс, - дейді Бақыт Сарай.

Тіл үйрену қиын ба?

Ал мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев шетел азаматтарының қазақ тілін үйренуіне ешқандай кедергі жоқ деп біледі. Ол «SAMRUK-KAZYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылған Soile.kz жобасына тиесілі қосымша мен сайт арқылы жүз мыңдаған шетел азаматы қазақ тілін үйреніп жүргенін айтады.    

                               

Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев. Фото: sk-trust.kz

Тіл үйренемін деген адамға әлемнің қай жерінде болсын мүмкіндік бар. Сайттан, егер мобильді қосымшаға жүгінсеңіз, интернеттің де қажеті шамалы. Мысалы, Қазақстанға ешқашан келмеген канадалық 20 жастағы Роман Коул біздің сайт арқылы қазақ тілін 3-6 айда үйреніп алған. Эстонияның Таллин қаласында тұратын қыз Нейля Алматыға концертке келгенде сахнаға шығып, қазақ тілінде сөйледі. Олар да   Soile.kz арқылы тілімізді үйренгенін айтты. Осындай мысалдар көп, - дейді Азат Шәуеев.

Тест тапсырғанға жеңілдік беріледі

Мәжіліс депутаты Максим Рожинның пікірінше, бұл заң - тиімді. Бастысы талаптар сапалы орындалуы керек. Сонда тілге, тарих пен Ата заңға құрмет артады. Депутаттың сөзінше, бұдан бөлек, осындай емтихан тапсырып, азаматтық алуға ниетті екенін дәлелдегендерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер де қарастырылған. 

Мәжіліс депутаты Максим Рожин. Фото: Жалғасбек Тоқтамысов, Baq.kz 

Мысалы, жаңа заңға сәйкес, қазақстандықтар мен қандастарға, Үкімет айқындаған өңірлерде шаруашылықпен айналысатын жер беру жоспарланып отыр. Елімізде халық саны аз, есесіне, пайдаланылмай жатқан жер жеткілікті өңірлер бар. Заңның дәл осы тұсы «бос жер жау шақырмасын» деген ниетпен жасалды деп ойлаймын, - дейді депутат Максим Рожин.      

Айта кетейік, Қазақстанда 1989 жылдың 22 қыркүйегінде Мемлекеттік тіл туралы заң қабылданған. 1997 жылы елдегі тілдердің қолданылуын реттеу үшін «Тіл туралы» заң қолданысқа енді. 

Фото: total.kz