Қазақстанда CryptoCity аймағы пайда болады

Қазақстанда криптовалюта пайдалануға болатын CryptoCity атты пилоттық аймақ іске қосылады, - деп хабарлайды Malim.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Astana International Forum ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы цифрлық трансформацияның қазіргі жағдайы мен болашағы туралы айтты.
"Біз адами капиталға инвестиция салып, жас мамандардың мүмкіндігін кеңейтудеміз. Басты мақсатымыз – өңірлік теңсіздікті азайтып, орта тапты нығайту. Сондықтан біз цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттен бастап, таза энергетика мен жоғары қосылған құны бар өндірістерге дейінгі негізгі салалардағы әлеуетімізді күшейтуді жалғастырып келеміз. Цифрлық трансформация бағытында айтарлықтай жетістікке жеттік – бұл Еуразиялық IT-хаб болуға деген талпынысымызды көрсетеді", – деді Президент.
Президенттің айтуынша, жасанды интеллектке ерекше мән беріліп отыр.
"Біз шетелдік университеттердің филиалдары жұмыс істейтін, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бойынша серіктестік орнатылатын академиялық әрі инновациялық хабқа айналуды көздеп отырмыз. Қазақстанда ең қуатты суперкомпьютер іске қосылады, ол елге жеткізілді. Бұдан бөлек, криптовалютаны тауарлар мен қызметтер сатып алу және өзге де мақсаттарда қолдануға болатын жаңашыл CryptoCity пилоттық аймағын құру жоспарланып жатыр", – деп мәлімдеді Тоқаев.
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Самое читаемое
