Қазақстанның позициясы - кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтауға үлес қосу

Әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Ресей мен Украина текетіресі де тыйылатын рай байқалмайды. Израиль мен Газа секторы арасындағы шайқас та назар аудармасқа қоймайды. Осындай сын-қатерлер уақытында Қазақстан Президенті қандай саясат ұстанып отыр? Осы ретте Malim.kz оқырман назарына әскери сарапшы, журналист Амангелді Құрметұлының пікірін ұсынып отыр.
- Әлбетте, халықаралық геосаяси жағдайларға байланысты Қазақстан Президентінің ұстанымын білеміз. Қазақстан 6 жылдың ішінде және бұрын да БҰҰ нормаларына, жарғылары мен қарарларына айрақша назар аудару керек екенін алға тартатын. Соңғы жылдары біз бұл позицияны айқын байқататын болдық. Қ.Тоқаев 2020 жылдың күзінде Қарабақта соғыс болып жатқан кезде де аумақтық тұтастық мәселесінің маңызды екенін айтқан-ды. Яғни, әлем елдері БҰҰ-ның негізгі принциптеріне құрметпеу қарау қажет екенін жеткізді. БҰҰ негізгі принциптерінің бірі – аумақтық тұтастық болатын болса, екіншісі-әр этностың, ұлттың өз тағдырын өзі шешіп, ел болу құқы деген принцип бар.
Алайда, 2020 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде осы 2 принциптің арасында қарама-қайшылық болғанын, көптеген ұлт пен ұлыс 20 ғасырдың соңына дейін өздеріне тиесілі мемлекетін құрып, өздерінің болашағын айқындап үлгергенін, ендігі кезекте кез келген мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтау деген принцип бірінші орында тұруы қажет екенін алға тартты. Сол позициядан әлі күнге дейін айныған жоқпыз. Ресей-Украина текетіресі кезінде де біз осы позицияны байқаттық. Қазақстан Президенті тіпті ЛНР, ДНР сияқты квазимемлекеттік құрылымдарды Қазақстанның мойындамайтынын ашық білдірді. Осы ұстанымынан айныған жоқ. Дегенмен әртүрлі қақтығыстарды, жанжалдарды келіссөздер арқылы шешу қажет екенін ұдайы алға тартып келе жатыр. Бұрын Астана процесі деген процесс болды Сирияға байланысты. Астана процесінің соңғы отырысы 2024 жылдың жазында өтті. Ондай келіссөздерге алаң ұсынудан тартынған емеспіз. Ұдайы дипломатиялық мәмілелер арқылы көп мәселені шешуге тырысамыз. Сондықтан, бұл - Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттардың бірі. Қазақстан БҰҰ-ның күшті болғанын қалайды.
Бірақ, күшті халықаралық ұйым болу үшін оның құрылымдары реформалануы керек екеніне назар аудартады. БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне жаңа мүшелер қабылдау мәселесі, Ассамблеяның қарарларын орындауды әр мемлекетке міндеттеу деген сияқты нақты талап-ережесі бар реформа болуы мүмкін. Әзірше біз ондай ірі реформа жобасын жариялай қойған жоқпыз. Дегенмен оны жақтайтын елдердің қатарындамыз.
Фото: None