Қордай дауы бойынша сот басталды

Malim Админ

  • 03.12.2020

Тараз қаласында Қордайдағы оқиға бойынша сот процесі басталды.  Сотқа тартылған 51 күдіктіге "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "қарақшылық", "қаруды, оқ дәріні заңсыз иемдену, сақтау және өткізу" баптары бойынша айып тағылған.

Алматы қаласынан сотты бақылауға барған 20 шақты белсенді сотқа кіргізілмеді. Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шыққан белсенді Қыдырәлі Ораздың айтуынша, сотқа кейбір айыпталушылардың туыстары да кіре алмай қалған. Белсенділердің алдына шыққан сот төрағасы процесті 23 журналист арнайы залдан бақылап жатқанын айтып, індетке байланысты сот процесінің трансляциясы өтіп жатқан залға тек төрт адамның ғана кіруіне рұқсат етті. Сөйтіп, Алматыдан келген бірнеше белсенді мен айыпталушылардың туыстары монитор қойылған залға кіргізілді.

Судья айып тағылған азаматтарға құқықтарын түсіндіріп берді.  Процесс қазақ тілінде өтіп жатыр.  Күдіктілер қатарындағы  дүнген ұлтының өкілдері  аудармашы алдырған.

7 ақпан күні Қордайдағы дүнгендер мен қазақтардың жанжалынан кейін 120 қылмыстық іс қозғалған болатын.

Осы оқиғаға байланысты 7 адамның үстінен өткен сот 29 қыркүйекте үкім шығарған. Оларға  "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "ұрлық жасады" және аса ірі көлемде ұрлық жасады" деген айып тағылған еді. Ұлан Атамбаев,  Ерлан Бұралқынов пен Алмат Тілеуғалиев 3 жылға,  Абзал Нұраханов 8 жылға, Бақытбек Ибрагимов 7 жылға, Мырзағали  Дүйсенбаев 5 жылға, Рүстем Бежібаев 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

Қараша айында өткен апелляциялық сот Е.Бұралқынов, А.Тілеуғалиев, Р.Бежібаев пен Ұ.Атанбаевтың түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.

Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам экспертиза жүргізіліп, мың жарымнан астам адам сұралған.

Қордайдағы жанжал кезінде негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен.

Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті. Оның орнына сол кезде премьер-министрдің орынбасары болған Бердібек Сапарбаев тағайындалды.​

 

MalimBlocks
Қордай қақтығысы: Қираған үй жаңарды, ал көңілдегі жара жазылды ма?