Қордай қақтығысы: Қираған үй жаңарды, ал көңілдегі жара жазылды ма?
Жамбыл облысының атқамінерлері былтыр елді дүрліктірген, 11 адамның қаны төгілген Қордай ауданына арнайы сапар ұйымдастырып жатыр дегенді естіп, бір топ тілшіге ілесе кеттік. Мақсат жалқы – бір жылдан кейін кімнің не айтарын көзбен көру, құлақпен есту ғана. Былтыр дау шыққан сәтте ең алдымен орыстілді журналистер бұл қақтығысты ұлтаралық жанжалға балап жіберген. Содан кеп, көп қазақ аз дүнгенді қырып жатыр деген байбалам шықты. Осыдан кейін ұлтаралық жанжалды қазақтардың өздері қалағандай боп, бәріне жазықты, жаман атты болып қалғаны бар.
Ел-жұртқа қираған үй, өртенген шатыр, күлге оранған көлік, қаңыраған кейпімен есте қалған ауыл бүгінде тотықұстай сыланып алыпты. Көшенің бәрі асфальтталып, үйлер шеттерінен жаңарған. Көшеде алаң көңіл жоқ, тып-тыныш.
Былтырғы қақтығыстан кейін Қордай ауданы әкімі Рүстем Дәулет түрлі бастықтарға есеп беруге әбден машықтанған болса керек, журналистер алдындағы сөзін жұмсалған қаржыдан бастады.
Солдан оңға: Қордай ауданы әкімі Рүстем Дәулет пен Масанчи ауылының әкімі Рамазан Малиев
«Өткен жылы Қордай ауданына 35 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. 22 елдімекен табиғи газбен қамтылып, 6,9 млрд теңгеге аудандық маңызға ие жолдардың жөндеу жұмыстары жасалды» – деді әкім.
Одан кейін былтырғы қақтығыста Масаншы, Бұлар батыр және Аухатты ауылдарында 65 нысан зақымданғанын, дәлірек айтқанда 46 үй, 18 кәсіпкерлік, бір шаруашылық нысаны мен 62 автокөлік өртеніп кеткенін жеткізді.
«Қазіргі таңда 213 млн теңге 41 тұрғын үй мен 13 кәсіпкерлік орынды қалпына келтіруге жұмсалды. Қалған 11 нысанның заңдастырылмағаны анықталды. Ал төтенше жағдай салдарынан қайтыс болған азаматтардың отбасылары мен зардап шеккен тұрғындарға бүгінге дейін 133,4 млн теңгеге көмек көрсетілді» – деді Рүстем Дәулет облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың алдында есеп бергендей.
Қордай ауданы әкімі Рүстем Дәулет үшін, көріп тұрсыздар, былтырғы жанжал - төтенше жағдай. Ал былтыр 1 наурызда дәл осы жерге келген сәтінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «қазақстандықтарды дүр сілкіндіріп, әлемді елең еткізген», «мемлекетке, елге нұқсан келтірген» оқиғаны Қордайда заңсыз контрабандамен айналысқан екі қылмыстық топтың арасындағы текетірестен шыққан жанжал деген еді.
Ұлтаралық жанжал, төтенше жағдай, контрабандалық текетірес тағысын тағы дегенімізбен, бұл істе сот үкімі әлі шыққан жоқ. Сәуірдің 13 күні Таразда өтіп жатқан сотта жарыссөз басталып, прокурор судьядан жалпы саны 51 айыпталушыға алды 2 жыл шартты жазадан бастап, соңы 18-20 жылға дейін бас бостандықтарынан айыру жазасы сұраған болатын. Қазақстандағы дүнгендер қауымдастығының төрағасы Хусей Дауров әлеуметтік желіде прокурордың «әділетсіз» жаза сұрағанын жазып, наразылық танытып жатты.
Ал Масаншы ауылының тұрғындары да, жергілікті әкімдік өкілдері де бұл тақырыпқа барғысы келмейтіндерін бірден байқатты. Сұрақ қоя бастасақ, кеттік те, кеттіктің астына алды. Ал үй шаруасының жайын айтқанда асықпайды.
Мәселен, ауыл тұрғыны Химамова Сара жусай мен шалғам өсіріп, сатады екен.
Химамова Сара - ауыл тұрғыны
«Жыл сайын желтоқсан айында жусай дәндерін отырғызып, көктемге дейін күтімін жасаймыз. Жалғыз табысымыз осы. Жусайдың кішкентай бумасын отыз теңгеден алып кетеді. Бұдан бөлек шалғам бар».
Кейіпкерімізді кездестірген жылыжайда әйелдер мен жас қыздар ғана барын байқап, отбасындағы ер адамдардың немен айналысатынын сұраған едік. «Ол бұрын жұмыс істейтін, қазір үйде» деп қысқа қайырды.
Жылыжайдан көрініс. Қордай
Жылыжайдан көрініс. Қордай
Бір байқағанымыз ауыл тұрғындары өткен жылғы оқиғаны айтқысы келмейді. Айтса да, жанжал қалай шықты, кім кінәлі, неге осындай болды дегенге бармайды. Қалай қашып құтылғандарын ғана айтады.
Фаров Юсуф - ауыл тұрғыны
«Қақтығыс кезінде үшеуміз үйде едік. Ал балам мен келінім төркіндетіп Алматыға кеткен. Ауылдің бір баласы келіп, «Ата, қашсаңызшы, енді жағдай қиындай береді» деді. Сосын немерем мен кемпірімді алып, көрші ауылға бауырымның үйіне жайғастыруға кеттім. Түнгі бірден өте қайтып келсем, үй өртеніп жатыр екен. Оны сөндіруге тырыспасақ, күлі де қалмас еді», - дейді Фаров Юсуф есімді қария.
Юсуф қарияның ауласынан
Үйі қайта жөнделген қария облыс пен аудан әкіміне, билІкке шексіз ризашылығын жеткізуімізді сұрады. Үйіне зақым келгені үшін үш миллион теңге өтемақы алыпты.
Ауылдағы мектептердің бірінде ауыларалық оқушылар футболы өтіп жатыр екен.
Ауыларалық спорттық шара
Ауыл тұрғыны Ильясов Абдурашидтің үйі және екі көлігі зақымданған. Жүк көлігі жүргізушінің жалғыз табыс көзі болған. Қазір үйі толықтай қалпына келтіріліпті, енді көлігі үшін өтемақы алуға сот үкімін күтіп отыр.
«Үйге келген зақымды келіп, (баға кесуші – ред.) төрт миллионға бағалап кетті. 150 шаршы метрлік жер екі-үш сағат ішінде өртеніп кетті. Қазір қалпына келтіріп алдық. Жөндеу жұмыстарына ауыл азаматтары да көмектесті» - дейді ол.
Ильясов Абдурашид - ауыл тұрғыны
Абдурашидтің ауласы
Абдурашидтің де үлкен ауласы бар, егістігі бар. Ресми қонақ күтіп үйреніп қалған секілді, үйіне төрлетуімізді сұрағанда аяқ киімді шешуімізді сұрады.
Абдурашид Ильясовтың қызы мен немересі
«Үйге кіріп, өздеріңіз көріңіздер. Қазір бәрі жақсы. Тек аяқ киімдеріңізді шешіп кіріңіздер, намаз оқимыз ғой. Мен оқиға басталғанда да намаз оқып жатқан болатынмын. Көшедегі шуды естіп, бала-шағамен көрші ауылға кетуге тура келді» - деді.
Айтпақшы, былтырғы жанжалдан кейін ресми тұлғалар, бір күнде дүнген танушы боп кеткен сарапшылар дүнгендер қоныстанған бір ауылдың өзінде аула сайын мешіт барын, бірінің мешітіне бірі кірмейтінін, араларында ала жіп барын айтқан-ды. Сондай-ақ, Қытай азаматтарымен ғана қарым-қатынасын дамытқан, сөйтіп, саудадан мол пайда табатын дүнгендердің Қазақстанның тілін, мәдениетін, тарихын білмейтінін, барша халықпен араласпай оқшауланып алғанын, шекара маңында мұндай жағдайдың болуы қауіп екенін жарыса айтқан еді. Тіпті, былтыр этникалық дүнгендер тұратын Сортөбе ауылының тұрғындарымен жолыққан кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы қайғылы оқиға артта қалуы тиіс екенін, алда бірге өмір сүретінімізді, сабақ алуымыз керектігін, осындай жағдайға жетуге бір жағынан биліктің қателігі болғанын айта келіп, дүнгендерді балаларына қазақ тілін үйретуге шақырған болатын.
Ауылдағы мектептердің бірінде
«Балаларыңыз орыс және өзінің дүнген тілін де білуі керек. Мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтау үшін мемлекет бар қолдауды көрсетеді. Сіздердің мемлекеттік тілді білгендеріңіз де маңызды. Әсіресе, ауылда тұратындар білгені жөн» деген еді сонда президент.
Енді қарасақ, тұрғындардың сөзі рас болса, өрт шалған ауылдарда көше мен үй ғана жаңармаған.
Масаншы ауылдық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Двумаров Дыдырхарсаныч
«Өздеріңіз де байқаған боларсыздар, ауыл өмірі біршама жақсарды. Ең басты қуанышымыз – ауылымызға табиғи газ келді. Ауылдағы қырық бір көшеге асфальт төселді. Қазақ тілін үйренуге деген қызығушылық артты. Мектеп оқушылары да, ауыл тұрғындары да қазір арнайы топтарда тіл үйреніп жүр. Тұрғындар ауылдағы осындай жақсы жаңалықтар үшін аудан, облыс әкіміне, президент Тоқаевқа дән риза» - деді Қордай ауданы, Масаншы ауылдық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Двумаров Дыдырхарсаныч.
Ауыл тұрғындарына арналған тіл үйрену сағатынан
Осы ауылға көршілес жатқан тұрғындардың басым бөлігі қазақтар. Қаракемер тұрғыны Ерғазы Бошаев былтырғы қайғылы оқиғадан кейін біраз шаруа жасалғанын айтты.
Қордай. 2021
«Негізі кішкентай кезімізден сыйластықта өстік. Былтырғы жағдайдан кейін өңірдегі барлық ауылдың ақсақалдары жиналып, сөйлесіп, арадағы татулық мәселесін талқыладық. Жастар аралас-құралас болу үшін әртүрлі спорттық, мерекелік шаралар ұйымдастырылып жатыр».
Мектептен қайтқан Рашида мен Бушура
Ақшам да келіп қалған еді. Балалардың сабағы біткен болса керек, көшеге жан бітіп, адамдар көбейе бастады. Рашида мен Бушура есімді 6 сынып оқушылары біздің бөтен екенімізді біліп, қызықтап қасымызға келді. Қайдан келгенімізді, не істеп жүргенімізді сұрады. Оффлайнда оқыған ұнайтынын айтты. Үлкендердің сөзі жаттанды болғандай болса, оқушы қыздардың жанарларында ойнап тұрған бір қуаныш бізге шынайы көрінді.