Қантөгісті қолдау немесе желідегі жұрт қайда бара жатыр?
Адамгершіліктен аттап кеткен қоғам. Зорлық-зомбылықты заңдастыру риторикасы белең алған ел. Әлеуметтанушылар Қазақстанның бүгінгі кейпін осылай бағалап отыр.
PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі, әлеуметтанушы, жария саясат зерттеушісі Серік Бейсембаевпен сұхбатымызда осы мәселені аз-кем сөз еттік.
-Билік өкілдері айта бермейтін, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі ұмыта бастаған Қордай қақтығысын MediaNet жиынында қайтадан еске салдыңыздар. Болары болып, бояуы сіңген тақырыпты қандай мақсатпен қозғадыңыздар?
-Қордайдағы жағдайды сіз айтқандай билік айтқысы келмесе де, баспасөз жазарға ақпараттық ілік таппаса да, әлеуметтік желі ұмытып кеткен болса да, қоғамдағы жағдайларды қадағалап отырған мамандар үшін ол болары болып, бояу сіңбеген тақырып. Қордай оқиғасы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең бір ауыр оқиғалардың бірі болды. Бұл тек адамдар өліміне алып келген екі тарап арасындағы кездейсоқ жанжал емес. Бұл қоғамымызда нәсілшілдік немесе радикалды этноұлтшылдықтың дерті бар екендігінің белгісі. Яғни жүйелі мәселе. Сондықтан бұл тақырыпты үнемі назарда ұстау және жан-жақты зерделеу өте маңызды.
Cіз атаған жиында MediaNet халықаралық журналистика орталығының жобасы аясында жасалған зерттеу нәтижелерін таныстырдық. Әлеуметтанушы, лингвист, журналист болып бірнеше маман әлеуметтік желілердегі өшпенділік тілін зерттеген болатынбыз. Басты кейстердің бірі ретінде осы Қордай ауданында орын алған жанжалды алдық. Яғни желідегі осы оқиғаға қатысты туындаған өшпенділік риторикасына, оның мазмұны мен құрылымына талдау жасадық.
-Қазақстанда Қордай қақтығысына дейін де шетін жағдайлар болған. Бірақ, өшпенділік тілі деген сипаттама айтылмаған еді. Бұл қазақ баспасөзіне, қазақ қоғамына келген жаңа термин сияқты. Бұған дейінгі қақтығыстарда осы тақырыпта зерттеу жүрген бе еді?
- Әлемде хейтспич (hate speesh), яғни өшпенділік тақырыбы соңғы он жылда жан-жақты зерттеліп жүр. Оның ішінде әлеуметтік желідегі өшпенділік тіліне қатты назар аударылады. Себебі кейбір елдерде басқа адамдарды нәсіліне, дініне немесе этникалық тобына қатысты жасалатын қылмыс пен желідегі өшпенділік арасында байланыстың бар екендігі анықталған. Қазақстанда бұл тақырып енді ғана зерттеліп жүр. 2017 жылы алғашқылардың бірі болып MediaNet фейсбуктегі өшпенділік тілін зерттеген болатын. Содан кейін бұл түсінік кең айналымға енді. Соңғы жылдары бұл талқы өзінше бөлек ауқымды тақырыпқа айналды және ол жақсы құбылыс. Әлеуметтік желіде де этика бар екені және оның аса қажет екені түсінікті бола бастады.
Биыл 2020 жылдағы MediaNet халықаралық журналистика орталығы осы тақырыптағы тағы бір жобаны бастап кетті. Бірақ биылғы зерттеудің методологиясы басқа болды. Қазақ және орыс тіліндегі кілтсөздердің көмегімен Facebook пен Instagram, онлайн сайттарда жарияланған материалдарға шолу жасалды. Соның негізінде сонда жарияланған комментарийлер мен посттар жинағын бізге, авторларға жіберді. Өте ауқымды жинақта Қордай оқиғасы уақытында жарияланған өшпенділік тілі бар барлық комментарий, постты жинап берді. Әріптесім Дәмеш Сатова екеуміз оларды алдымен сұрыптадық, сосынға сандық және сапалық контент анализ жасадық.
Талдау жасау үшін біз батыстық зерттеушілер Сьюзан Бенеш пен Кэтрин Брюгер жасақтаған «қауіпті тіл» (dangerous speech) методологиясын негізге алып, зерттедік. Бұл ғалымдар «өшпенділік тілінің түрі көп, бірақ кейбірі қоғамда шынайы жанжалға ұластыратын, тікелей өшпенділік әрекетіне әкелетін түрі бар, оны жеке қарастыру керек» деген болатын. Осы методологияны пайдаланып, біз қазақстандық желі қолданушылары этникалық жанжалды талқылағанда қандай риторикалық механизмдерді пайдаланытынын анықтадық.
-Қордай қақтығысы кезіндегі өшпенділік тілінен не байқадыңыз? Сізді не таңқалдырды?
-Қордай оқиғасында әлеуметтік желіде өзге ұлт өкілдеріне үлкен жеккөрушілік пайда болғанына куә болдым. Қатты таңқалдырды дей алмаймын, бірақ жай комментаторлардың өзге ұлт өкілдерін балағаттауы, сол қантөгісті қолдап, өзге ұлттарды елден көшіріп жіберу керек дегендей радикалды ұсыныстарды оқыған кезде, әрине, жағымсыз әсер етті. Әлеуметтік желіде жазылған әр нәрсе эмоциямен жазыла салған жай комментарий емес, ол белгілі бір қоғамдық ұстанымдардың көрінісі, белгісі екенін білемін. Мұндай комментарий немесе пікірлер алдағы ұлтаралық қақтығыстарға жол салуы әбден мүмкін. Біздің адамдар неліктен осыншалықты өшпенділікке берілген? Біздің азаматтар ұлты өзге болғаны үшін ғана дәл өзі сияқты адам баласына неліктен жек көрушілікпен қарайды және сонысын неге ашықтан-ашық білдіріп отыр? Мұндай жағдайға қалай жеттік дегендей сұрақтар пайда болды. Зерттеуде бұл сұрақтарға толық жауап бере алмасақ та, елдегі дұрыс шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден өшпенділік тілі туындап жатқанына сипаттама бере алдық.
-Қордай қақтығысында өшпенділік тілі қай тілде өктем болды? Қазақ тілділер мен орыс тілді аудитория арасында көп тартыс болды ғой.
-Қай тілде қатты өршіп тұрғанын және оларды жарыстыра қарау мақсаты болған жоқ. Бірақ, сұрағыңызға шамамен 50-50 деп жауап бере алам.
Жалпы, бұл жерде өшпенділік тілінің құрылымын айта кету керек.
Өшпенділік тілінің құрылымын талдау үшін қолымызға берілген барлық хабарлама үш түрге бөлінді. Хабарлама деп отырғанымыз зерттеу мониторинг үшін Facebook желісіндегі 20 пікір көшбасшысының, Instagram желісіндегі 10 танымал парақшаның, сондай-ақ қазақ және орыс тіліндегі 10 БАҚ жазбасынан жиналған барлығы 372 хабар іріктемесі. Міне, осы хабарламалардың бірінші типі – өшпенділіктің сәйкесінше «жеңіл» тілі. «Жеңіл» өшпенділікте комментаторлар этникалық топ өкілдеріне теріс қарап, жиі қорлап, олардың «өз» тобына жатпайтын «бөтен» екенін баса айтқан.
Екіншісі – өшпенділіктің «орташа» типі. Этникалық топты кемсітуге және олардың әлеуметтік, саяси және басқа құқықтарының теңдігінен бас тартуға шақыратын сөздер. Мұндай лексика көбінесе комментаторлардың «өз» тобының артықшылығын баса көрсетуімен бірге жүреді. Мысалы, дүнгендердің Қазақстаннан күштеп жер аударылуы немесе басқа өңірлерге қоныстануы дегендей.
Үшіншісі – өшпенділік тілінің «қатаң» типі. Этникалық топқа қатысты зорлық-зомбылық жасауға шақырып, зорлыққа қолдау көрсету немесе бұрын жасалған әрекеттерін ақтау әрекетіне байланысты («Өздері кінәлі», «енді олар өз орнын білетін болады», «Ұлтты қорлаған дүнгендерді өлтірген жігіттер нағыз батыр»).
Талданған хабарламалардың 37 пайызы өшпенділік тілінің бірінші түріне, жеңіліне жатады.
Оқи отырыңыз: Айнаға қарау қиындап кетті - сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққандардың хикаясы
Бұл топтағы хабарламалар дүнгендерге қатысты көптеген аңыз бен наным-сенімді тудырады. Мысалы, дүнгендердің «Қытай тыңшысы» екені туралы шым-шытырық құпияға толы қауесеттер белсенді түрде тарады. Пікір көшбасшыларының бірінің «Қытай 2012 жылдан бастап Орталық Азиядан келген дүнген жастары үшін арнайы гранттар бөле бастады» деген хабары осындай болжамдардың таралуына түрткі болды. Ксенофобияға тола хабарламалардың көп бөлігі – дүнгендер жайлы келімсектер кейпінде жазылған, елдегі «қожайын» саналатын ұлт алдында мәңгі қарыздар болуы керек деген сарындағы пікірлер. «Дүнгендер қазақтарды, олардың мәдениетін құрметтемейді, сондай-ақ мемлекеттік тілді білмейді» деген айыптаулар да жиі айтылатын. Кейбір комментаторлар этникалық топтың моральдық, тәрбиелік және басқа да кемшіліктерін санамалап өтті.
Екінші, «кемсіту» тілі типіне 35 пайыз хабарлама кіреді. Бірінші типке қарағанда, кемсітушілікке қолдау көрсету немесе шақыру Facebook-ке қарағанда Instagram хабарламаларына көбірек тән (40 және 31пайыз).
Хабарламалардың үшінші тобы қатаң тіліне өшпенділік тіліне қатысты пікірлердің жалпы санының 20 пайызына тең. Facebook-ке қарағанда Instagram-да «қатаң» өшпенділік тілі жиі кездесетініне назар аударылды (25 және 15 пайыз).
Яғни, үш категорияға бөлгенде, бірінші - әлсіз өшпенділік тілі - орыс тілінде комментарий жазатындар арасында - 40 пайыз, қазақ тілінде бұл категория - 35, орта категория екеуінде де 35, ал ауыр категория бойынша 20 пайыздан, екі тілді аудиторияда өшпенділік тіліне байланысты аса айырмашылық жоқ.
-Қордай қақтығысы кезінде этникалық дүнгендерді қаралау басым болғандай көрінді. Тіпті, жергілікті билік араласып, дүнген ақсақалдарынан кешірім сұратты. Биліктің мұндай әрекеті өшпенділік тілін одан әрі өршітуге әсер етті ме?
-Иә, біздің зерттеу мұндай жағдайда басқа ұлт өкіліне кешірім сұрату өшпенділік тілін азайтпайтынын көрсетті. Себебі әлеуметтік желіде кешірім сұрағаны жайлы ақпарат тараған соң желідегілер «бұл қайта аз» деп жазып жатты. Олар мұны ортақ келісімге келу жолы емес, екінші ұлттың қателігін мойындау белгісі ретінде қабылдады. Бұл оқиғада, расында, дүнгендер кінәлі деген пікірдің тууына алып келді. Бұл мәселені шешу емес, керісінше мұндай оқиғалардың алдағы уақытта тағы да қайталануына алып келеді деп ойлаймын. Қордай оқиғасы немесе өзге де осындай оқиғалар географиялық жағынан әр жақта, әр өңірде болса да бір-бірімен тығыз байланысты. Қордай оқиғасына қатысты комментарийлерге қарасақ, «қазақтар бұған дейін кемсітіліп келді», «бізді басып келді» деп бағалауға алып келген. Яғни, өкінішке орай қоғамда «бұл құқық бұзу, заңға қайшы әрекет» деген баға, түсінік үстем бола алмады, керісінше, «бүкіл қазақ ұлтына жасалған кемсіту», «қазақты мойындамау», «қазақ жерінде тұрып, қазақты сыйламау» деген сынды ой тудырады. Қоғамда бағасын алмаған, түйіні шешілмеген мәселелер қоғамдық негатив ретінде көрініп, «біз тек күш көрсету арқылы өзімізді мойындата аламыз» деген кереғар стереотиптің таралуына әкеп соғады.
-Дегенмен, Қордай қақтығысында дүнгендердің халықаралық ұйымдарға, шетел баспасөзіне «қазақтар бізге қысым көрсетіп жатыр» деуі де өшпенділікті одан әрі өршітіп жібергендей. Бізде Қазақстан халқы ассамблеясы деген ұйым бар. Осындай ұйым бар елде өшпенділік тілі неге өршіп тұр?
-Жалпы әлеуметтік желідегі өшпенділік тілі қоғамда қалыптасқан теріс стереотиптер мен жек көруге негізделген ұстанымдардың көрінісі. Ассамблея және құзырлы мемлекеттік органдардың жұмысы мұндай стереотиптермен күресуге бағытталмаған. Олардың жұмысы ақпараттандыру мен үгіт-насихаттан аса алмайды.
Ғалымдардың айтуы бойынша өшпенділік тілін жай адамдардың пікірі ретінде ғана қарастыру дұрыс емес. Олардың түп-тамырында тұрған мәселелерді көре білу өте маңызды. Тарихта жай риторикадан басталып, жаппай адам өлтіруге алып келген оқиғалар көп болған. Мысалы, 90-ы жылдарда Руанда елінде болған геноцид бір топтың екінші топ өкілдеріне қатысты дақпырт ақпарат таратудан бастау алған, оларды мақұлыққа теңеген. Нәтижесінде мұндай риторика жеккөруді үдетіп, қанды қырғынға алып келген.
Қордай кейсінде де басқа ұлт өкілін адам санатынан шығарып тастап мақұлыққа теңеу кеңінен көрініс тапты. «Олардың Қытаймен байланысы бар», «сырттан келгендер» деп ішкі жау ретінде сипаттау басқа ұлт өкілдеріне қатысты зорлық зомбылық жасауды жеңілдете түседі.
-Басқа ұлыс өкілдеріне осындайда күш көрсету заңдылыққа айналып кетеді дейсіз ғой?
-Біз зерттеу барысында 370-тен аса жазбаға талдау жасап, бірнеше риторикалық әдістерді анықтадық. Ғалым Джонатан Лидер Мейнард мұндай риторикалық әдістерді «ақтау механизмі» немесе адамдар тобына қарсы зорлық-зомбылықты ақтау үшін қолданылатын сөз деп атайды. Осы теорияны дамытқан Сьюзан Бенеш пен Кэтрин Брюгер «қауіпті сөйлеу» практикалық нұсқаулығында өшпенділік риториканың 5 негізгі жолын айтады: адамгершіліктен аттау, біржақты айыптау, өз тобындағы жандардың адалдығына күмән келтіру, өзге ойдағы топтың тұтастығы мен тазалығына қауіп төндіру және әйелдер мен балаларға қиянат туралы мәлімдемелер. Қордай оқиғасындағы өшпенділік тілінде осы бес сипаттама толықтай көрініс тапты. Көпшілік сөзін жақтамағанды жау көрді. Қандай да бір топ басқаша ой айтса, оны жабылып жамандап тастады.
Риторикалық механизм іске қосылғанда жалған дерек, фейк ақпарат өшпенділіктің өршуін күшейтеді. Мысалы, депутат және үкімет комиссиясының мүшесі Бақытжан Смағұл Қордайға барып, артынан Facebook парақшасында пост жазды. «Дүнгендер әскерге бармайды, қазақша сөйлемейді, жергілікті адамдармен араласпайды, тіпті дүнген жігіті қазақ қызын зорлаған» дегендей негізсіз, дәлелсіз нәрселерді жазды. Жалпы, осындай дәлелсіз сөздер зорлық-зомбылықты заңдастырудың риторикалық әдістері боп келеді.
Оқи отырыңыз: Айғайлап шақырдық. Жазушылар одағынан ешкім шықпай қойды
-Бізде бір қақтығыс бола қалса, қоғам оны ұлтаралық қақтығысқа балайды. Билік тұрмыстық жанжал дейді. Қоғам мен билік сөзінің бір жерден шықпауы өшпенділік тілін өршітіп жатқан жоқ па?
- Қай тұрғыдан алып қарасақ та, билік осындай ұстанымынан ұтылады деп ойлаймын. Нақты билік өкілдері емес, алайда оларға зерттеу дайындап жүрген сарапшылармен сөйлесіп көрдім. Айтуларына қарағанда, олар тиісті орындарға елдегі жағдайды ашық айтып, болуы мүмкін қақтығыстар мен олардың алдын-алу жолдарын көрсетіп жүр. Бірақ, биліктегілер қазанның қақпағы жабулы күйінде қала бергенін қалайды екен. Оқиға тым өткір, қоғам бұған дайын емес деп қашқақтайды дейді. Дегенмен, орталық биліктің бағасы қаншалықты ресми болғанымен, жергілікті әкімдер жергілікті халықпен тікелей араласқан соң, орталықтың ұстанымын соңына дейін ұстай алмайды, себебі шындықты, күнделікті өмірді күнде көріп жүр ғой. Мәселен, Пенжімдегі балалардың төбелесінен кейінгі ауылдағы қазақтар мен ұйғырлардың дауында ауыл әкімінің «шаңыраққа қараңдар!» деуінің өзі орталық биліктің ресми ұстанымына яғни, қатардағы төбелеске келмейді ғой.
-Елде өшпенділік тілі бұдан әрі өршіп кетпес үшін қоғам, билік, этникалық ұлыс өкілдері не істеуі керек?
-Өшпенділік тілін болдырмау үшін әлеуметтік желідегі этика мәселесін көтеру керек. Бұл бағытта мемлекеттік органдар Facebook пен Instagram секілді платформалармен бірге жұмыс істеуі маңызды. Этникалық саясат тұрғысынан айтсақ, бізге ортақ коммуникация кеңістігін қалыптастыру қажет. Билік қазақ тілінде бір, орыс тілінде бір сөйлеп екі жаққа екі түрлі хабарлама таратпай, ортақ риторика ұсынса екен. Одан бөлек, “біз кімбіз?” деген сұраққа этникалық емес, азаматтық белгілер арқылы жауап іздеу керек. Осы орайда білім беру институттарының мазмұнын қайта қарау маңызды. Мәселен, «Өзін-өзі тану» мектеп оқулығында Қазақстан тұрғындары - қазақтар және тағы да басқалары деп бөлінеді. Мұндай бөліну мектеп оқулықтары мазмұнында кең тарап кеткен. «Бәріміз Қазақстан азаматымыз», «Қазақстан заңы бәрімізге ортақ» деген инклюзивті принцип алға шығуы керек. Қазір өшпенділік тілімен күрес үшін әкімшілік жауапқа тарту жазасын енгізу қажет деген ұсыныс айтылып жүр. Меніңше, ол керек емес. Олай болатын болса, Facebook пен Instagram қолданушыларының жартысын әкімшілік сотқа тартуға тура келеді. Сол себепті, жазалау-қудалаудың орнына, ағартушылықты алға шығару қажет.
Азаматтық қоғамды дамыту шарт. Билік кез келген мәселеде қоғаммен ашық сөйлесуі тиіс. Өйткені өшпенділік тілі бір ұлттың екінші ұлтқа деген теріс пікірден ғана туындамайды. Ол билік институттарына деген сенімсіздікпен тығыз байланысты. Қордай оқиғасына қатысты жазбаларда мемлекеттік органдардағы жемқорлық, әділетсіздік және біліксіздік мәселелері этникалық ксенофобиямен қатар жүрді. Зерттеу мақсатында біз қай тіл өшпенділік тіліне үйір, қай ұлт қайсысын қатты кемсітіпті немесе билік пен қоғамның қайсысы бірінен бірі асып тұқыртыпты дегендей жайттарды қарастырған жоқпыз. Біз бар болғаны Қордай оқиғасында анық көрінген өшпенділік тілінің уытын сипаттап бердік. Өшпенділік тілі жақсылыққа апармайтынын түсініп, барлық тарап сабақ алуы тиіс деп санаймыз.
Оқи отырыңыз: Ақан Сатаевтың "Боксер" фильмін көрген соң
2020 жылдың ақпан айында Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, соның салдарынан 11 адам қаза тауып (көбі дүнгендер), 50-ден астам адам жарақаттанған болатын. Масанчи, Сортөбе, Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарында 25 үй, 30 нысан, 40 автокөлік өртенген еді. 2021 жылы Қордай ісі бойынша өткен сотта 51 адам (37 қазақ, 14 дүнген) қылмыстық іске айыпты деп танылды. Ең ауыр жаза ретінде алды 20 жылға сотталды.