Швейцарияның Давос қаласында Украина мен АҚШ президенттері Владимир Зеленский мен Дональд Трамптың кездесуі аяқталды. Әлемдік экономикалық форум (ӘЭФ) аясындағы келіссөздер шамамен бір сағатқа созылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Кездесу соңында Трамп журналистерге Зеленскиймен кездесудің жақсы өткенін айтты. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы аяқталуы тиіс, деді ол Ресей президенті Владимир Путинге қандай үндеу айтқысы келетіні туралы сұраққа жауап беріп. Сонымен қатар ол екі тарап та бейбітшілікке ұмтылатынын жеткізді.
Трамп Давостағы сөзінде Зеленскиймен кездесетінін хабарлап, украин президенті мәміле жасасуға дайын деп сенім білдірген еді.
«Менің ойымша, біз оған біршама жақын келдік», — деді ол.
АҚШ президенті 4 жылға жуық уақытқа созылып келе жатқан Украинадағы соғыс тоқтатылуы керек екенін тағы да атап өтті.
Зеленскийдің Трамппен кездесуі АҚШ арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнердің Ресей президенті Владимир Путинмен Мәскеуде өтетін келіссөздерінен бірнеше сағат бұрын өтті.
Бұған дейін Украина Президенті Владимир Зеленский украин келіссөз тобы АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдіктері жөніндегі құжатты әзірлеуді аяқтап жатқанын, содан кейін ол президенттер деңгейіне ұсынылатынын мәлімдеген еді.
Зеленский өз кезегінде 20 қаңтарда Ресейдің әуе шабуылдары әлі де жалғасып жатқанына байланысты Украинада шұғыл істерінің көп екенін айтқан. Ол Швейцарияға тек қол қоюға дайын құжат әзірленген жағдайда немесе әуе қорғанысы құралдары жеткізілуі сияқты жаңа нақты көмек уәделері болған жағдайда ғана баратынын мәлімдеген.