Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласындағы Сәтбаев атындағы орта мектепте 9-сынып оқушысы көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz-ке сілтеп Malim.kz хабарлайды.
Қарасай аудандық білім бөлімінің мәліметінше, қайғылы оқиға алғашқы сабақтан кейінгі үзіліс кезінде болған. Толық мәлімет жарияланбағанымен, олардың айтуынша, 15 жастағы жасөспірімнің кенеттен жағдайы нашарлап, мектеп әкімшілігі дереу жедел жәрдем шақырған.
"Жедел жәрдем бригадасы көрсеткен реанимациялық және медициналық көмекке қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады. Оқушы оқиға орнында қайтыс болды. Бұл отбасы, жақындары және бүкіл мектеп ұжымы үшін ауыр қайғы", – деп хабарлады Қарасай ауданының білім бөлімі.
Сондай-ақ білім бөлімінде құзырлы органдар тексеру және тергеу іс-шараларын жүргізіп жатқанын айтты. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысында 14 жастағы оқушы өліміне кінәлі деп сотталғандар бостандыққа шықты. Ақтөбеде облыстық сот алқасы мектеп оқушысы Нұржан Сыдықтың өліміне қатысты іс бойынша үш сотталушыға берілген нақты түрме жазасын шартты жазаға ауыстырды. Оқиға 2024 жылдың қыркүйегінде Қопа ауылында болып, 10-11-сынып оқушылары 9-сыныптағы балаларды ұрып-соққан, салдарынан 14 жастағы Нұржан оқиға орнында көз жұмған. Іс бойынша 17 жастағы алты жасөспірім айыпталған. Сотталғандардың кінәсін мойындауы, өкініш білдіруі және жәбірленуші тараппен медиациялық келісімге келуі, сондай-ақ марқұмның туыстарының жазаны жеңілдетуді сұрауы бұл шешімге негіз болған.