Саясаттағы монополияға жол бермейтін басқару стилі

Саясаткер болудың масаттанар сәттерінен гөрі, мың сан қиындық, сын-қатерімен бірге ықпыл-жықпылы көп. Бұл жолға түскен алғашқы күннен бастап жетекші тұлға зор жауапкершілік пен тәуекелді қатар алып жүруге тиіс. Ұлы көшбасшылар ешқашан өзінің атақ-даңқы үшін емес, ел мүддесі жолында биік мақсаттарды көздеді.
Олар өздерін ұлы ету үшін емес, ұлы істерді жүзеге асыру мақсатында жоғары лауазымдарға ұмтылды. Бүгінде халқының арман-мұратын шын мәнінде жүзеге асырған тұлғалар ретінде Ұлыбритания Уинстон Черчилльді, Франция Шарль де Голльді, Германия Конрад Аденауэрді, Италия Альчиде де Гаспериді, Жапония Сигэру Ёсиданы, Израиль Давид Бен-Гурионды және Үндістан Джавахарлал Неруді әлі күнге дейін құрметтейді. Олардың біразы кезінде саяси сахнада аса танымал болмағанымен, уақыт өте келе тарихтың мәңгілік тұлғаларына айналды. Көбі өз дарынын толық ашып көрсете алмады, алайда бәрі өз елін әлемнің дамыған, беделді мемлекеттерінің қатарына енгізді. Бұл тұлғалар демократиялық қағидаттарды ұстанып, халық мүддесіне адал қызмет етті. Ешқайсысы саясатты жеке мүддеге құрал ретінде пайдаланған жоқ – олар үшін саясат тек мақсатқа жетудің жолы болды.
Шын мәнінде, принциптер тек билік пен бедел үшін емес, нақты іс пен жауапкершілікке қызмет етуі тиіс. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та билікке бас пайдасы үшін келмегені айқын. Ол ауқатты отбасынан шыққан жоқ, материалдық тұрғыдан орта деңгейлі зиялы қауым өкілдерінің шаңырағында тәрбиеленді. Қасым-Жомарт Кемелұлының саясатқа араласуы ерте басталды. Егер оған Президенттікке ертерек үміткер болуға мүмкіндік берілсе, бұл орынға келуі әбден мүмкін де еді.
Саясатта бәріне бірдей ұнайтын тұлға болу әсте мүмкін емес. Қасым-Жомарт Тоқаев шынайы көзқарасымен, ашық ұстанымымен Мемлекет басшысы лауазымына толық дайын болғанын көрсетті. Оның ұзақ жылдар бойғы адал қызметі мен таза абырой-беделі халық сенімін арттырды. Билікке келу жолында ол біршама сындарлы кезеңдерді өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси стилінің өзегінде қарапайымдылық, ұстамдылық және сөз бен істің қабысуы принципі жатыр.
Ел Президенті әрдайым көпшілік алдында ұстамдылығынан, қарапайымдылығынан айныған емес. Ол жұрт алдына шыққанда пафоспен сөйлеуден гөрі, байсалды мінезімен, нақты деректерге сүйеніп пікір білдіруді жөн көреді. Оның сөздерінен ұран мен популизм емес, ел болашағы үшін алаңдаған басшының салмақты ойы сезіледі. Мысалы, “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауында ол елімізде суперпрезиденттік басқару үлгісінің қалыптасып келгенін, қоғам өзгергендіктен мұндай үлгіден бас тарту керектігін қадап айтты.
Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім. Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет.
Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді. Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы қаңтар оқиғаларының туындауына басты себеп болғаны бүгінде бүкіл қоғамға мәлім. Мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді”,-деген болатын.
Ол халықаралық деңгейде де дәл осы принципке берік. Бірнеше тілді еркін меңгерген дипломат ретінде Тоқаев дипломатияда эмоция емес, логика мен салқынқандылық басым болу керек екенін жақсы біледі. Ел тізгінін ұстаған алты жыл ішінде Қазақстанның Қытаймен, Еуропалық Одақпен және Орталық Азия елдерімен қарым-қатынастарын тереңдету барысында Президент шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, елімізге ірі жобаларды тартты. Бұл, сөз жоқ, халық мүддесіне жұмыс істейтін бастамалар.
Қаңтар оқиғалары – Тоқаевтың билік стилінің ең анық көрінген сәттерінің бірі. Сол күрделі кезеңде елдің тағдыры таразыға тартылған шақта, Президент эмоцияға ерік бермей, нақты шешімдер қабылдады. Ол тәртіпті қалпына келтіру үшін Қауіпсіздік Кеңесін өз қолына алып, сыртқы күштерге жол бермей, еліміздің егемендігін сақтап қалды. Осы кезеңде Тоқаев өзіне «күшті Президент» бейнесін жасауға тырыспады, керісінше, халықпен ашық диалог орнатып, сан алуан көзқарасқа құлақ түрді. Бұл оның бұқара алдындағы беделін арттыра түскені сөзсіз.
Президенттің басқару стилі күш көрсетуден гөрі проблемаларды шешуге бағытталған. Мысалы, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы, Ұлттық қордың пайдасын балаларға бөлуді көздейтін «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы — бұл сөзбен емес, іспен дәлелденетін саясаттың айқын көрінісі. Сонымен қатар, Президенттің білім беру саласына ерекше назар аударуы, ауыл мектептерін жаңғырту, «Жайлы мектеп» жобасын іске асыру және әлеуметтік әділеттілікке басымдық беруі — оның нақты мәселелерге бағытталған реформаларының жалғасы.
Тоқаевтың бір ерекшелігі – артық салтанаттан, шектен тыс күзет пен кортежден бас тартуы. Бұл оның жеке қарапайымдылығы мен қоғамнан алшақтамауға деген ниетін көрсетеді. Мысалы, Мемлекет басшысының өңірлерге жасаған жұмыс сапарлары кезінде қарапайым халықпен ашық сөйлесуі, олардың мәселесін өз аузынан тыңдауы – көпшілікпен сенім орнатудың маңызды тұсы. Президент өңірлердегі халықпен кездесулерде ресми есептерден гөрі нақты сұрақ-жауап форматын ұстанады. Ол азаматтардың шағымдарын тыңдап қана қоймай, кейде жергілікті әкімдерге сол жерде нақты тапсырмалар береді. Мұндай тәсіл Президент пен халық арасындағы сенімді нығайтып, биліктің ашықтығына жол ашады.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде артық белсенділік танытпайды. Бүгінгі қоғамда саясаткерлердің барлығы дерлік имидж жасау үшін әлеуметтік желіні қарқынды пайдаланады. Тоқаев болса, ресми парақшаларында тек маңызды ақпаратты бөлісумен шектеледі. Бұл да оның артық жарнама мен жеке тұлға культіне қарсы екенін дәлелдейді. Оның парақшаларында негізінен ресми іс-шаралар мен саяси шешімдер жайлы ақпарат жарияланады, ал жеке өмірі туралы мәліметтер жоқтың қасы. Бұл тәсіл мемлекет басшысының қызметін жеке тұлғадан жоғары қоюдың бір айғағы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқару стилі – XXI ғасырдағы көшбасшылықтың жаңа парадигмасының үлгісі. Ол өзінің билігін көрсету арқылы емес, нақты шешімдер мен жауапкершілік арқылы дәлелдейді. Көпшілік алдында билікті көрсетуге тырыспай, қарапайым әрі нақты істерге бағытталған басшылық стилі – қазіргі күрделі геосаяси жағдайда тұрақтылықты сақтаудың, халық сеніміне ие болудың тиімді жолы. Қазақ қоғамы үшін мұндай стиль аса маңызды. Өйткені бізге жалаң ұран емес, тұрақты даму мен әділетті шешімдер қажет. Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаттағы парасатқа маңдай тірейтін принципі мен ұстамдылығы – осы бағыттың айқын көрінісіндей.
Фото: Ақорда

Самое читаемое
