Тоқаев: ЕАЭО-ның одан әрі дамуы тең құқылы қағидатқа арқа сүйеуі керек

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумға қатысты, деп хабарлайды Malim.kz.
Мемлекет басшысы Минск қаласында өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөз сөйледі.
Дәстүрлі жиынның биылғы тақырыбы – «Еуразиялық экономикалық интеграция стратегиясы: қорытынды мен перспектива».
Президент форум интеграциялық бірлестік қызметінің өзекті мәселелері жөнінде мазмұнды диалог өрбітетін маңызды алаңға айналғанына назар аударды.
– Дамудың жаңа кезеңіне қадам басар алдында аталған одақ Еуразиядағы ең ірі бірлестіктердің бірі ретінде өзінің лайықты орнын иеленіп отыр. Ұйымға мүше елдердің жалпы экономикалық әлеуеті – 2,6 триллион доллар. Өткен жылы өзара сауда айналымы 98 миллиард долларға жетті. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары. Ал елдеріміздің жиынтық ІЖӨ-нің өсімі екінші жыл қатарынан әлемдегі орташа көрсеткіштен асып түсті. Бүгінде бірлестіктің халықаралық беделі артып, жаһандық экономика жүйесіндегі маңызды субъектіге айналып келеді. Біздің ойымызша, ЕАЭО-ның одан әрі дамуы тең құқылық, ортақ игілік және прагматизм қағидаттарына арқа сүйеп, елдеріміздің экономикалық мүддесін нығайтуға қызмет етуі керек. Интеграция көп жағдайда біз қалаған нәтижеге жеткізбейді, бұл үшін өзара ымыраға келіп, бірлесе жұмыс істеу керек, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев модератордың ЕАЭО елдерінің өзара сауда-саттық үдерісіндегі цифрлық технологиялардың перспективасы туралы сауалына жауап берді.
– Заманауи сын-қатерлер экономиканы өркендетуде жаңа тәсілдерге жүгінуді талап етеді. Бұл ретте цифрлық технологиялар маңызды рөл атқарады. Жалпы, цифрландыру мен жасанды интеллект біздің мемлекеттік саясатымыздың басым бағытының бірі. Электронды коммерция, цифрлық құжат айналымы, автоматтандырылған басқару жүйесі және логистика ЕАЭО елдері экономикасының ажырамас бөлігіне айналды. Олар шығынды азайтып, тауарлар қозғалысын жеделдетуге және бизнестің ортақ нарыққа шығуын жеңілдетуге мүмкіндік берді. Жаппай цифрландыру әлемнің тез өзгеруіне, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуіне түрткі болып отыр. Біз осы кезеңнің куәгеріміз. Аталған үдерісте ең ерекше назар аударатыны – жасанды интеллект. Бұл технология өнімділікті арттырып қана қоймай, экономиканың жұмыс істеу қалыбын, тіпті мемлекет пен қоғамды түбегейлі өзгертіп жатыр. Қазірдің өзінде ЖИ коммуникация, көлік, энергетика, өндіріс, денсаулық сақтау және білім беру секілді салаларға дендеп енді. Әрине, жасанды интеллектіні енгізудің теріс әсері де бар. Мысалы, студенттер ChatGPT пайдаланады. Тіпті, кейбір саясаткерлер баяндамаларын жазу үшін ChatGPT көмегіне жүгінетін көрінеді. Бірақ мұның бәрі жасанды интеллектінің, жалпы цифрландырудың жанама әсері деп ойлаймын. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай цифрландыру мен жасанды интеллект әлемдік ішкі жалпы өнімге 15 триллионнан астам табыс әкеледі, 300 миллионға тарта жұмыс орнын алмастырып, мүлдем жаңа мамандықтардың пайда болуына ықпал етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Фото: t.me/aqorda_resmi


Ең көп оқылған
