Жаңа жолдауды ескіше қолдау
Бірінші қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына екінші жолдауын жасады. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев та жылда халыққа жолдау жасап, елдің жағдайын айтып, уәделер беріп, жаңа стратегияларын ұсынатын. Жолдау жолданғаннан кейін-ақ депутаттар мен министрлер, ақын-жазушылар, ғалымдар, белсенділер қолдауларын білдіріп, пікірлерін жариялап жатады.
Назарбаев кеткеннен кейін бұл үрдіс еш өзгерген жоқ. Тоқаевтың былтырғы жолдауын да, биылғы жолдауын да бәрі жаппай қолдап, жоғары бағалады. Тіпті, «1,5 сағат тоқтамай сөйлеген Тоқаев» деп жабыла мақтады. Кейін президенттің екі жағына қойылған суфлердің суреті тарады.
Тоқаевтың биылғы жолдауын Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов былай қолдапты. Оның айтуынша елде демократия болу үшін, демография дұрыс болуы керек.
«Ең алдымен бөле атарымыз – Президент әңгіменің әлқиссасында-ақ жаһанда жаңа жағдай қалыптасқанын, қазіргі кезеңнің күрделілігін, адамзаттың мылтықсыз майдандағы күресі әлі жалғасып жатқанын, сын сағатта жұдырықтай жұмылсақ қана көзге көрінбейтін жауды жеңетінімізді, Үкіметтің о бастағы қателіктерден сабақ ала білгенін, ахуал жақсарып қалды екен деп бойды босаңсытуға болмайтынын сығымдап айтып өтті де, Қазақстанның пандемияға байланысты қандайлық ғаламат қаржы бөлуге шамасы келгенін нақты деректермен дәйектеп, аз сөздің астарында-ақ мұның өзі мемлекет мығымдығының айқын айғағы екенін аңғартып кетті. Сондықтан да біз Тоқаевтың барлық республикалық деңгейдегі жолдарды 2025 жылға дейін қайта жөндеп шығуды, ұзындығы 24 мың шақырымдық жолдарды сервиспен қамтамасыз етіп бітуді тапсырғанына таңданған жоқпыз. Былайша қарағанда, таңдансақ таңданатындай. Жолдар бар ма – бар, көліктер жүріп жатыр ма – жүріп жатыр, жүк тасылып жатыр ма – тасылып жатыр, бұған дейін қанша жыл жөнделмеген жолдар тағы біраз жыл жөндеусіз тұра тұратынын жақсы білеміз. Мемлекет экономиканың күретамырына бес жыл бойы триллиондаған теңгелер таба алады екен, демек, қара аспанды суға алдыра сөйлейтін еш жөніміз жоқ. Бір өзінің ішкі жалпы өнімінің көлемі Орталық Азиядағы төрт көршінің ішкі жалпы өнімінің көлемін қосқандағыдан асып түсетін Қазақстанымыздың әлеуеті әлі де күшті. Ел іргесі берік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргідей дағдарысты дәуірде де сенімділік стратегиясындай салиқалы Жолдау жасауы жасампаздық жолының жалғаса беретініне кәміл сендіреді...
«Демократия бізде қилы-қилы қиындықтар туғызбай қоймауы да мүмкін, оларды шешуге де бізге демография көмекке келуі ғажап емес» дегенді кезінде жетіскеннен жазбағанымыз тағы анық. Айналамыздағы ағайындарға, шешілмеген мәселесі бізден артық болмаса кем түспейтін туысқандарымызға қарағанда халқымыздың табиғи өсімі сын көтермейтінін ашық айтатын кез келген еді.
Аттың жалындағы, түйенің қомындағы әңгіме ғой дегеннің өзінде, Жолдауда ертеңге қалдырмайтын, арнайы айтпай тұра алмайтын тағы бір тақырып бар. Ол – ұлттың жаңа болмысы. Тоқаев халықтың алдындағы қазіргі мәселенің мәселесін осылайша түйіндеді. Ерінбей еңбек етсек, темірдей тәртіпке бағынсақ, әділеттің ақ жолынан айнымасақ, адалдықты, адамдықты ту етіп ұстасақ, ұқыптылықты ұмытпасақ, тиянақтылықтан танбасақ, ысырапшылдық пен даңғазалықтан, боссөзділік пен мақтаншақтықтан арылсақ, біз алмайтын қамал да болмайды, біз таппайтын амал да болмайды. Президент осыны айтты. Президент халықты жаңа жағдайда жаңаша ойлауға, жаңаша жұмыс істеуге шақырды. Мемлекет басшысы еліміздің ең күрделі міндеттерді шеше алатынын айтып отыр. Ендігі сөз елдің өзінде. Ол сөздің елдің сөзі боларына сенеміз».
"Сондықтан да біз Тоқаевтың барлық республикалық деңгейдегі жолдарды 2025 жылға дейін қайта жөндеп шығуды, ұзындығы 24 мың шақырымдық жолдарды сервиспен қамтамасыз етіп бітуді тапсырғанына таңданған жоқпыз".
Сауытбек Әбдірахманов 2018 жылы Назарбаевтың жолдауын «Елбасы Жолдауы – тың серпіліс беретін құжат» деп бағалаған еді. Депутат Назарбаев жолдауын қолдап: «Елбасы жолдауы біздің елімізді жаңғырудың жаңа белесіне шығарады. Президент сөзінің басында «біз жаңа биіктерді бағындыруға дайынбыз» деген сөзді айтты – әрбір қазақстандықтың, әрбір қазақтың есінде жүретін сөз. Біздің алдымызда жаңа биіктер, жаңа қиын күрделі міндеттер тұр. Әлем, өзгеріп бара жатыр, өкінішке орай орынсыз саясиланып, саясат экономикаға аралысып бара жатыр. Саясаттың салдарынан экономикаға тікелей әсер ететін, ықпал ететін факторлар көбейіп бара жатыр. Осындай кезде Елбасы Қазақстанның экономикасын, халықтың әл-ауқатын жаңа сатыға көтеру үшін нақты ұсыныстар еңгізіп отыр...» деп пікір білдірген.
Ал Сенат спикері Мәулен Әшімбаев құжат деп Тоқаевтың биылғы жолдауын есептейді. «Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму бағытын және ұлттық басымдықтарды анықтап берген құжат» дейді Әшімбаев өз сөзінде.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ел дамуының алдағы жалпыұлттық бағдарын және оның негізгі басымдықтарын анықтап берді.
Жолдауда, ең алдымен, мемлекеттік басқару саласын реформалау мәселесіне көңіл бөлінуі тегін емес. Себебі қолға алған жаңғыртуларды мемлекеттік аппараттағы өзгерістерсіз жүзеге асыру мүмкін емес екені белгілі. Бұл, әсіресе, пандемия кезеңінде анық байқалды. Мемлекеттік аппарат негізсіз мақсаттарды көздемей, азаматтарды алаңдатқан нақты әрі өзекті мәселелерді шешуге жұмылу керек. Өз кезегінде қазақстандықтар қабылданған шешімдердің мәні мен маңызын терең түсінуі қажет. Қазіргі таңда қоғам түсінікті және тиімді мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды талап етуде. Сондықтан ұтымды ұлттық жобалар форматына көшу дер кезінде қолға алынып отыр.
Президент Жолдауы жан-жақты пысықталған, Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму бағытын және ұлттық басымдықтарды анықтап берген құжат деп айтуға толық негіз бар. Жолдауда экономиканы қалпына келтіруге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған нақты шаралар қарастырылған. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының барлық бастамасын іске асыру үшін тиісті заңдар қабылданады. Бұл жаңа сессияда депутаттар жұмысының негізгі басымдығы болып саналады».
Алайда 2018 жылы «Нұр Отан» партиясының Төрағасының Бірінші орынбасары кезінде Мәулен Әшімбаев Назарбаевтың жолдауын да тарихи құжат деген екен. «Елбасымыздың Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру мәселесіне арналғанын өздеріңіз білесіздер.Енді біздің партиямыздың мақсаты - Елбасының Жолдауында айтылған негізгі идеяларды, негізгі ұсыныстарды халыққа жеткізу, түсіндіру. Осы Елбасы Жолдауында берілген үлкен тапсырмаларды орындалу барысында қоғамдық бақылау жүргізуді біз қолға алуымыз керек», – деген Әшімбаев.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин Мәжілістің алтыншы сессиясындағы алғашқы Бюро отырысында Тоқаевтың жолдауын «еліміз үшін жаңа мүмкіндік» деп бағалаған. Енді Нығматуллин Тоқаевтың бастамаларын заңнамалық тұрғыда қолдау керек деп есептейді.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Тоқаевтың биылғы жолдауы «ел дамуының алдағы жалпыұлттық бағдарын және оның негізгі басымдықтарын анықтап берді» десе, Мәжіліс спикері Нығматуллин 2018 жылғы Назарбаев жолдауы туралы «Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын Қазақстан халқына өз Жолдауын арнап, тәуелсіз Қазақстанның дамуының басты бағыттарын белгілеп келеді» деген.
«Соның нәтижесінде егемен еліміз әрқашанда жаңа биіктерді бағындырып, бүгінгі күні «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдаған, ең дамыған 30 елдің қатарына жету мақсатын көздеген айбынды мемлекетке айналды.
Енді осы ұлы мақсаттарға жетудің жаңа тарихи дәуірі басталды.
"Бүгінгі күні «Қазақстан-2050» Стратегиясын қабылдаған, ең дамыған 30 елдің қатарына жету мақсатын көздеген айбынды мемлекетке айналды".
Оның ішінде ең алдымен индустрияландыруға, әсіресе кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға, кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізуге, «Ақылды технологиялар» арқылы аграрлық ғылымды дамытуға, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға, құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізуге, қаржы секторын қайта жаңғыртуға айрықша назар аударылып отыр» деген болатын Нығматуллин.
Бұдан әрі де көптеген пікірлерді келтіруге болатынын оқырман жақсы түсінеді. Бірақ көріп отырғандарыңыздай, одан пәлендей олжа таба қоюларыңыз екіталай. Өйткені президент ауысқанымен, жолдау бар. Жолдау бар да, оны жаппай қолдау тағы бар.
Ең қызығы парламент спикерлерінің екі президенттің жолдауларын қолдап айтқан пікірлері ұқсас. Қай жолдауға да жарап тұрған сөздер. Тіпті, ендігі жолданар сөздерге де көз жұмып қолдана беруге болатындай.
Тағы байқағаныңыздардай, президенттер жолдауларынын тарихи құжат деп айту сәнге айналып бара жатқандай.
Айтпақшы сөзге жүйрік Сауытбек Әбдірахманов Тоқаев жолдауын «аттың жалындағы, түйенің қомындағы әңгіме ғой» деп сипай қамшылап та өткен екен.