Жаңаөзен қаласындағы «КЕЗБИ» ЖШС мекемесінің бір топ жұмысшысы басшылыққа екі талап қойып ереуілге шықты, деп хабарлайды Мәлім кз. Олардың талабының бірі атқарылған жұмысқа байланысты 25-35 пайыз көлемінде сыйақы төлеу болса, екіншісі жұмыстан босатылған әріптестерін қайтадан өз орнына алуын сұрап отыр. Алайда басшылық сыйақы мәселесін шешкенімен, екінші талапты заң негізінде жүзеге асты, әрі жаппай ереуілге шығуды заңсыз деп санайды. Қазір 800 жуық адам өз наразылығын білдіріп, әзірге тарамады. Жұмыс барысы толығымен тоқтаған.
«Сәбит Қарабалаев, Нұрғазы Сағындықов, Жанат Бермағанбетова, Абылай Тұрышев қайта жұмысқа қабылдансын! Себебі соңғы екі айда жаңадан жұмысқа орналасқан азаматтар «Халықты жұмыспен қамту орталығынан келмегендігіне жүз пайыз сенімдіміз»,- дейді олар.
Компанияның бастауыш кәсіподағының басшысы Жолмұрат Ұлықпанов аталған жағдайдың бостан босқа шықпағанын айтады.
«Соңғы екі айда компанияға жұмысқа алынған адамдардың арасында басшылардың жақындары бар. Кейбірінің жоғары білімі жоқ. Ал жұмыстан шығып кеткен адамдардың көбі 2012 жылдан бері компанияда жұмыс істейді. Олар түрлі себеппен жұмыстан босатылған. Мысалы, біреуі өз орнына басқа адам шығарып, жақындарының садақасына сұранып кеткен. Кейбірлеріне басшылық «кәсіподақтан шық, әйтпесе жұмыстан шығарамын»,-деп қорқытқан. Ар-намысы жіберген жігіттер өз еріктерімен жұмыстан шығып кетті. Үйлерінде 5-6 баласы, үлкен әке-шешесін бағып отырғандары бар.
"Жиналған наразы топ оларға жанашырлықпен қарап, «қайтадан жұмысқа алынсын» деген ниетпен мекеме басшыларынан талап қойды. Оны басқалар дұрыс қабылдамай, өзге мекемелерге әсер етеді, заңсыз әрекет деп бағалауда. Біз жұмысқа алсын деген адамдардың орнына кімдер алынды? 17 адамды ішкі саясат, еңбек инспекциясына хабар берместен орналасты. Кімнің қай жақтан келіп жатқанын көріп отырмыз. Жұмысшылар соған наразы", - дейді Жолмұрат Ұлықпанов.
Жұмысшылар ереуілге шыққан соң компанияның атқарушы директоры олардың жұмысқа қайту шығуын сұраған. Олай болмаған жағдайда заң аясында іс-әрекетке көшетінін ескерткен.
«Компанияның атқарушы директоры жұмысшыларға жұмысқа қайта шығуын сұрап, егер олай болмаған жағдайда заң аясында шара қолданамыз деп отыр. Егер компанияға жұмысқа кірген 17 адам заң аясында тиісті орындарға ескертілмесе, қалай алынып отыр деп наразымыз. Себебі, жұмыс кезінде түрлі заңмен тыйым салынған өнімді тұтынып, жұмыстан шығып кеткен адамдарды қайта орнына алған кездері болды», -дейді Ж.Ұлықпанов.
Кезінде жұмыстан шығып қалғандардың әрқайсының тағдыры әрқилы. Бірі қудалауға ұшыраса, енді бірі жұмыстан тыс уақытта оқыс оқиғаға ұшырап заң бойынша жазаға тартылған.
«Басшылық кезінде жұмыстан өз еркімен шыққандарды қайта жұмысқа алған кездер болды, сондықтан біздің талабымызды орындауы керек. Бұл көптің тілегі"- дейді компанияның бастауыш кәсіподағының басшысы.
Маусым айында ереуілге шыққанда олар сыйақы мәселесін талап еткен. Қазір ол мәселе шешілгенімен, жұмыс жоспары орындалмаған кезде көлемі азайып тұрады. Мекеме басшылығының сөзінше, бұрынғы келісім бойынша орындалған жұмыс көлеміне байланысты 25-35% көлемінде сыйақы төлеу толығымен шешіліп отыр.
Айгүл Өтешова, «КЕЗБИ» ЖШС атқарушы директоры:
"Біз сыйақыны барлығына бірдей төлей алмайтын себебіміз бар. Әр адам жасаған еңбегіне қарай алу керек. Осы айдағы есеп бойынша жоспар мүлдем орындалған жоқ. Сондықтан орындағандар, жоғары орындағандар 35 пайызға дейінгі деңгейде сыйақыларын алды. Жоспарын орындамағандарға 5-10 пайызда берілді. Бірақ қазіргі жағдайды ескере отырып, мекеме басшысы барлығына бірдей сыйақы беруге келісті. Дегенмен жұмысшылар арасында түсініктеме жұмысын жүргізіп отырмыз. Жоспар орындалмаған жағдайда ақшаның болмайтындығын айтып отырмыз.
Бұрын жұмыстан босатылған 4 қызметкер барлығы да заң талабы бойынша шықты. Екеуі өз арызы бойынша босатылса, екеуі еңбек кодексі баптарын өрескел бұзды. Сол себепті жұмыстан шығарылды. Бұл жағынан бізден заңсыз әрекет болған жоқ. Сондықтан олардың талаптарын заңсыз деп санаймыз".
Мекеменің атқарушы директорының сөзінше, жұмысшыларға қыркүйек айында сыйақы берілмеген. Себебі, жоспар орындалмаған жағдайда барлығына бірдей 35 пайыз сыйақы беру мүмкін емес еді дегенге салады. «Болашақта бәріне бірдей жасаған еңбегіне сай сыйақы беріледі. Жоспарымызды орындаған соң тапсырыс беруші мекемеге барлық құжаттар жіберіледі. Олар бір аптада ақшаны аударады. Осы жолы ақша уақытылы түспегеннен кейін «Өзенмұнайгаз» АҚ жылдамдатылған түрде ақша аударды. Содан кейін біз сыайқыны бердік»,-дейді Айгүл Өтешова.
Бүгінде «КЕЗБИ» ЖШС «Өзенмұнайгаз» АҚ сервистік қызмет көрсетеді. Тариф бойынша сағатына 37 мың теңге көлемінде тапсырыс алған. Бұл компаниялар арасындағы ең төменгі тариф болып саналады.
«Қазіргі таңда жұмыс істеуімізге байланысты 940 сағат айына орындауымыз керек. Бірақ орындалғаны 720 сағат болып отыр. Осыдан кейін мәселе туындады. Жігіттер жоспарды орындаған жағдайда, мәселе туындамайды», -дейді Айгүл Өтешова.
Нұралы Сәбенұлы, еңбек инспекциясы басшысының орынбасары:
"Ереуілге шығудың жолдары бар. Бірінші татуластыру рәсімі өтуі тиіс. Татуластыру комиссиясымен оңай шешілмесе, еңбек түрлерінде шешілуі керек. Олай болмаса, ары қарай жұмысшылары тиісті орындарға ереуілге шығатыны туралы хабарлама беру арқылы жасалады. Бүгінгі арнайы комиссияға облыс аумағынан кімдер қосылатыны туралы ақпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберілді. Министрлік оны үкіметке жолдады. Жақын күндері шешімін айтады".
Талабын қойған жұмысшылар жұмыссыз қалған әріптестері үшін соңына дейін тұрамыз дейді. Алайда, олардың талабын «КЕЗБИ» компаниясы қалай шешетіні белгісіз болып тұр.
Әліби Ерқосай.
Фото және видео автордікі