56 мыңнан астам атыс қаруы мен 2 миллионнан астам патрон тапсырған

Соңғы он жылда қазақстандықтар полицияға 1,9 миллиард теңгенің қару-жарағы мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған.

Malim Админ

  • 14.08.2023

2012 жылдан бері қазақстандықтар үкіметке 56 мыңнан астам атыс қаруын 2 миллионнан астам патрон тапсырған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрлігі мәлім етті. Ең көп қаруды Түркістан облысының тұрғындары – 187, Жамбыл облысы – 134, Қызылорда облысы – 94 бірлік қару тапсырған. Нәтижесінде заңсыз сақталған қаруға қатысты қылмыстар саны екі есеге азайған.

«Қаруды өз еркімен тапсырғанда төленетін қаржы  қару түріне, оның техникалық жағдайына байланысты және әр бірлік үшін 34 000-345 000 теңгеге аралығындағы (10-100 АЕК-ке дейін) сыйақы мөлшерін комиссия белгілейді», - дейді қару айналымын бақылау департаментінің бастығы Асылбек Ыдырысов.

Ішкі істер министрлігі тапсырылған қарудың басым бөлігі мұрадан қалған, тауып алған немесе тіркеуге шектеу енгізілгенге дейін алынғанын атап өтті.

Тәркіленген қару-жарақ пен оқ-дәрілер кәсіпорында кәдеге жаратылып, қауіпсіз өндірісте пайдалану үшін балқытылады. Ал антикварлық қарулар мен тарихи құндылығы барлар ғана консервацияланып  криминалистикалық бөлімдерге немесе мұражайлар қорын толықтырады, бірақ алдымен олар пайдалануға жарамсыз күйге келтіріледі екен. Мысалы ШҚО тұрғыны Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қолданған танк пулеметін тапсырса, 2013 жылы Семей қаласының тұрғыны Италияда 1882 жылы шығарылған Веттерли-Витали мылтығы мен 1936 жылы шыққан Лефаше револьвері, 6,5 мм калибрлі тапанша ТОЗ-ды өткізген. Биыл Атырау тұрғыны 1896 жылы жасалған немістің «Маузер» автоматын тапсырған.