Алдағы 6 жылда ана мен бала денсаулығына қатысты қызмет қандай болмақ?

Үкімет қаулысымен ана мен бала денсаулығына қатысты қызметтің 2024-2030 жылдарға арналған «Әрбір әйел- әрбір бала» тұжырымдама жобасы жарияланып, көпшіліктің талқысына ұсынылды.

  • 29.06.2023

Әрбір азаматқа қатысы бар осы қызметке қысқаша шолу жасағанды жөн көрдік. Жалпы, ана мен бала денсаулығын қамтамасыз ету мемлекет мойнындағы жауапкершілік.  2021 жылы үкімет «Дені сау ұлт»: әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын бекіткен болатын.  Осы жобаның негізі міндетінің бірі - жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау, нығайту.

Әлбетте, стратегиялық мақсатта ана мен нәресте өлімін қазіргі жағдайдан екі есеге азайту, ана мен баланың денсаулықтарын нығайту тұр.

Елімізде 20 миллион азамат бар десек, оның 52 пайызы әйелдер. Ал фертильді жастағы әйелдер саны  4 млн 420 мыңнан асады. 18 жасқа дейінгі балалар  6 млн 500 мың шамасында.

Бүгінгі күннің дерегіне қарасақ,  100 мыңға шаққанда босану үстінде 17 ана көз жұмады екен. 2030 жылы осы көрсеткішті 13-ке дейін азайту көзделген. Жалпы,  дәрігерлердің айтуынша, ана өлімі көп жағдайда жатыр атониясы, бала жолдасының патологиясы, босану кезіндегі жарақат пен акушерлік қан кетулерден болады. Бұдан бөлек, ана денсаулығы мен ұрықтың сапасы да аман-есен босануға әсер етеді.

Осы ретте жаңа тұжырымдама әйелдер мен балаларға медициналық көмекті жан-жақты ұйымдастыру мәселесі қаралған. Оның ішінде қыздар мен жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы басты назарда. Жасыратыны жоқ, нәрестелердің өлі тууы, өздігінен болатын аборт, мерзімінен бұрын босану, түсік көрсеткіштері қыздардың, жасөспірімдер әйелдердің репродуктивті денсаулығының бұзылғанын көрсетеді.

БҰҰ-жүргізген зерттеулерге қарағанда, жасөспірімдер арасында жыныстық қатынас орташа есеппен алғанда 16,5 жастан басталады. 15-19 жастағы жасөспірім қыздардың 17 пайызы кем дегенде бір рет жүкті болған.  Оның 62 пайызы жүктілікті босанумен, 22 пайызы жасанды түсікпен, 16 пайызы өздігінен түсік тастаумен аяқтаған.

Елімізде қыздар мен жасөспірімдерге медициналық көмекті ұйымдастыруда бірқатар проблема бар. Мәселен,  денсаулық сақтау кодексінде жасөспірімдерге гинекологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты жазылмаған. Сондай-ақ, 

балалар гинекологы тапшы.  Балаларды емдеуге жатқызатын гинекологиялық төсек орын да аз.

Қыздардың несеп-жыныс жүйесінің туа біткен ақауларына ерте диагностика қойылмау  проблемасы да бар.

 Көпшілік талқылауына шығарылған тұжырымдама жобасында осындай мәселелердің шешілу жолы көрсетілген. Бұдан басқа, жүкті әйелдерді босанғанға дейін бақылау, ұрықты сақтау, босану, босанудан кейінгі күтім, неонаталды көмек, балаларға хирургиялық көмек, иммунизация салаларындағы проблемаларды шешу жолдары да қарастырылған.

Денсаулық сақтау министрлігі жасаған бұл тұжырымдаманы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдап отыр. Алайда, олар медициналық зертханалар тек мемлекеттік болмауы қажет деп біледі.

«Жеке зертханалар әлемдік өндірушілердің заманауи автоматты жабдықтарымен жабдықталған, білікті медициналық персоналы бар, сапаға ішкі бақылау жүргізіледі, сапаны сыртқы бағалау бағдарламаларына қатысады. Ұлттық және шетелдік аккредитациядан өткен. Зертханалық ақпараттық жүйелері, биоматериалды шалғай аудандардан жеткізуді қамтамасыз ететін жеке курьерлік қызметі, демалыс және мереке күндері жұмыс режимімен қадамдық қолжетімділікте 1 500-ден астам биоматериалды алу пункттері бар. Астана, Атырау және Алматы қалаларында төрт толық автоматтандырылған зертхана бар, бір зертхананың өндірістік қуаты тәулігіне 130 мың сынақты құрайды» дейді «Атамекен» палатасы.

Яғни, олар жеке зертханалардың әлеуетін денсаулық сақтау саласындағы проблемаларды  шешуге пайдалану керек дейді.

Кәсіпкерлердің осы тұжырымдамаға назар аударып, жеке зертханаларға мүмкіндік берілуі керек деуі бекер емес.

Неге десеңіз, ана мен бала денсаулығын жақсартуды көздейтін бұл жобаны жүзеге асыруға қажетті қаржы көздері де қарастырылған. Яғни, бұл жоба құжат күйінде қалмайтынын кәсіпкерлер де біліп, көріп отырғандай.