Ауыл-аймақтарда елдің саяси белсенділігі артты
Соңғы екі жылдан астам уақыт ішінде елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асты. Ал оның аймақтарға әсері қалай? Ел қалай қабылдады? Түркістан өңірінде қандай өзгерістер болды? Осы төңіректегі сауалдарды Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғани Райымбековке қойған едік.
– Былтыр референдум өтті. Оны Түркістан халқы қалай қабылдады? Сіз референдумға атсалыстыңыз ба?
– 2022 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетті дамытуға тікелей ықпал ететін маңызды бастама көтерді. Ол – жалпыхалықтық референдум өткізу. Референдум арқылы қоғамда аса өзекті әрі талқылауға салынып жатқан Заң баптарына өзгеріс енгізу көзделді. Бұл саяси науқанға атсалыстық. Елмен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Байқағаным – халық бұл саяси рфеормаларды үлкен үмітпен жылы қабылдады. Себебі, бұл бастаманың астарында халықтың билік ісіне араласу үлесін молайту, Парламентті, мәслихаттарды күшейту және өзге де мәселелер тұр еді. Түркістан облысында Референдумды қоғамдық қолдау мақсатында екі штаб құрылды. Оның бірі – Облыстық қоғамдық штаб, екіншісі – «Amanat» партиясының облыстық штабы. Облыстық қоғамдық штабқа үкіметтік емес ұйымдар, зиялы қауым, бұқаралық ақпарат құралдары және саяси партиялар («Аманат», «Ақжол», «Ауыл») өкілдері, қоғам қайраткерлері, жас мамандар, облыстық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, этно-мәдени бірлестіктердің және білім саласының өкілдері, блогерлер енгізілді. Барлығы 58 адам тұрақты жұмыс істеді. Өңірде референдумға дайындық жұмыстары қарқынды жүріп, желілік кесте бойынша іс-шаралар ұйымдастырылды. 1500-ден астам түрлі форматтағы кездесулер ұйымдастырылып, 134 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Сондай-ақ «Amanat» партиясы тарапынан құрылған штаб арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін 1 200-ге жуық іс-шарадан тұратын желілік кесте бекітіліп, жұмыстар жүргізілді. Оның 227-сі – Орталық және облыстық деңгейдегі, 905-і аудандық, қалалық деңгейдегі іс-шаралар. Аймақта барлық деңгейдегі штаб мүшелері қатысқан кездесулерде жергілікті тұрғындар тарапынан түрлі мәселелер бойынша 1100-ден астам ұсыныс-тілек жинақталды. Міне, осы маңызды жұмыстар нәтижесінде референдумға қатысу көрсеткіші бойынша Түркістан өңірі республикада бірінші орынға шықты. Өңір жұртшылығы бұл саяси бастаманың мәнін терең түсінді.
– Референдумнан кейінгі заңдағы өзгерістерге көзқарасыңыз қандай? Ол елдің дамуына серпін бере ме?
– Заң баптарын өзгерту, оны айналымға енгізу, саяси реформаларды жүзеге асыру уақытты талап етеді. Бірден бәрі атқарыла салмайтыны сөзсіз. Конституциялық реформалаудың нәтижесінде Президент 7 жылда бір рет сайланатын болып, Парламенттің пәрмені мен депутаттардың қызметі бекітілді. Конституциялық сот құрылды. Облыс әкімдері партия филиалдарына жетекшілік етпейтін болды. Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізіміне ілінбеді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың бәрі өзара байланысты және бір мақсатты көздейді. Атап айтқанда, мынадай үдерістерге құқықтық негіз қалыптастыруға арналған. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көштік. Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру жүзеге асуда. Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту, азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру де көзделген. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауы тиіс деп көрсетілген, нәтижесінде саяси бәсеке артып, барлық саяси партияны дамытуға бірдей жағдай қалыптасып, дербес әрі әділ шешім қабылдауға жол ашылды. Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесімен, яғни пропорционалды және мажоритарлы жүйе бойынша сайланады. Аралас сайлау жүйесі барлық азаматтың құқықтарын толық сақтауға, сайлаушылардың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді. Конституцияның жаңа нормалары азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау кезінде қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға тәуелді болмайды және, ешкімге есеп бермейді. Ол өз жұмысында Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заң арқылы айқындалады. Қысқасы, саяси реформаларға жол ашатын Заңдар қабылданып жатыр. Ол сөзсіз өз жемісін береді.
– Парламент және мәслихат депутаттарын сайлауда да өзгерістер болды. Мажоритарлық жүйе енгізілді. Жастар мен әйелдерге арнайы квота енгізілді. Сіздің ойыңызша осы өзгерістер жаңа тұлғаларға саясатқа жол ашты ма?
– Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек болды. Парламент және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды мәлімдеме жасады.
«Мен Конституцияға сәйкес, Парламент палаталарының төрағаларымен, Премьер-Министрмен кеңесіп, Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойдым. Депутаттарға белсенді әрі жемісті жұмысы үшін алғыс айтамын. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары еліміздегі ауқымды реформаларды іске асыруға барынша атсалысты. Олар сайлаушылармен жиі кездесу өткізді. Шалғайдағы елді мекендерге барды. Сондай-ақ жұртты толғандырған өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық пікірталасқа ұйытқы болды. Жаңадан сайланатын депутаттар да жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, еліміздің жан-жақты жаңғыруына ерекше үлес қосады деп сенемін. Өздеріңізге мәлім, мен былтыр күздегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы осы жылдың бірінші жартысында болатынын жарияладым. Яғни, бұл бастама айтылған сәттен сайлауға дейін жарты жылдан астам уақыт өтеді. Тәуелсіздік жылдарында сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес. Мәжілістің және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – конституциялық реформаның жалғасы. Былтырғы референдумда халқымыз бұл реформаға қолдау білдірді. Соның нәтижесінде еліміз өкілді билікті жаңа, әділ әрі ашық бәсекеге жол ашатын қағида бойынша жасақтауға көшті. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік билік институттарын жаңғырту жұмыстарының қорытынды кезеңі болмақ. Осылайша, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты толық іске асады. Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек», деді Президент.
Биылғы наурыз айында өткен сайлауда Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланды. Бәсекелестік жоғары болды. Ал облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланды. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өткізілді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс берді. Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталып, тұрғындардың сайлауға толық араласып, өз таңдауларын жасауына толық мүмкіндік берілді.
Биылғы тағы бір ерекшелік ретінде Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілгенін айтуға болады. Партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгеріп, оның төменгі шегі 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Бұл жаңа партиялардың жарқырай көрінуіне жол ашты. Бұл ретте сайлаудың Түркістан облысында өте тартысты әрі ашық өткенін айта кеткен жөн. Жаңа тұлғаларға жол ашылды. Мәслихаттарда партиялық тізім бойынша әйелдер мен жастарға да мүмкіндік берілді.
– Ауыл әкімдерін елдің тікелей сайлауына пікіріңіз қалай?
– Әкімдерді тікелей сайлау мәселесі біраз жылдан бері айтылып келе жатыр еді. Бұл бастама да саяси реформалардың бір бөлігіне айналды. Мен ауыл әкімдерін сайлау мәселесін қолдаймын. Біріншіден, сол ауылдың жай-күйін білетін және сол ауылда тұратын іскер азаматтарға жол ашылды. Халықтың саяси сауаты жоғары. Кімнің кім екенін біледі. Түркістан облысында халықтың 80 пайыздан астамы ауылдарда тұрады. Демек, бұл бастаманың өңіріміз үшін маңызы өте зор. Түрлі сала өкілдері басшылыққа келіп жатыр. Арасында жалынды, жігерлі жас буын өкілдері де жетерлік. 2 жылдан астам уақыт ішінде Түркістан өңірінде 140-тан астам ауыл әкімі сайланды. Бұл жай сан болып көрінгенімен, осы деректің астарында үлкен өзгерістер жатыр. Біріншіден, ауыл-аймақтарда саяси белсенділік артты. Екіншіден, ел өз басшысын тікелей сайлап алды. Енді өздері әкіммен тікелей байланыс орнатып, мәселелерді бірлесе шеше алады. Үшіншіден, жоғарыдан төменге қағидасы өзгеріп, төменнен жоғары өрлеуге мүмкіндік берілуде. Яғни, ауылдарға әкімді жоғарыдан тағайындай салмайды. Ел тікелей атсалысады.
– Халық қалаулысы ретінде атқарған жұмыстарыңызға тоқтала кетсеңіз…
– Мен №14 сайлау учаскесі бойынша сайлауға қатысып, ел сеніміне ие болдым. Сайлауалды бағдарлама, жоспарларым елдің ұсыныс-пікірлерімен үндеседі. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Жаңа шақырылымдағы бұл мәслихат та өңірдің дамуына үлес қосуда. Аймақта ауылдың инфрақұрылымын жақсартуға, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілуде. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларына қолдау көрсету де – уақыт талабы. Жалпы сессияларда, тұрақты комиссия отырыстарында әріптестерімізбен маңызды мәселелерді талқылап, тиісті шешімдер қабылдауға еңбек сіңірудеміз. Сайлаушылармен байланыс орнатылған. Өңірде қоғамдық қабылдауларды тұрақты түрде өткізіп тұрамын. Тұрғындар тарапынан газбен қамтамасыз ету, көшені жарықтандыру, ауыз су, нысандарды жөндеуден өткізу және өзге де мәселелер көтеріледі. Жалпы қандай жұмыс болса да, бағаны халық бергені дұрыс. Біздің міндет – сайлаушылар алдындағы борышты өтеу және елге қызмет ету.
– Ой бөліскеніңізге рахмет!
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.