Аякөз Еркінбекқызы: Жастарға Қазанғап, Әлшекей, Ақбала күйлерін саф күйінде жеткізгіміз келеді

Ақбала Жаңқабылұлы мен Шағдар Ақылбековтың есімдері қалың көпшілікке таныс емес

Олжас Қасым

  • 24.06.2024

Қазақтың мәдени кодын қаз қалпында сақтап, «дала данышпаны» атанған кемеңгер бабалар жолын ұстануымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда елімізді ұйыстыратын, жастарды бірлікке бастайтын жол ретінде осындай ұстанымда болуды ұсынған еді. Бұл ретте ұлттың мәдениетін байытатын жауһарымыз – күй өнері. Кейінгі уақытта төл мәдениетімізде өшпес із қалдырған күйшілердің өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі  тың қарқын алды.   Осы санатта Қазанғап Тілепбергенұлы, Әлшекей Бектібайұлы олардың жолын жалғастырған Ақбала Жаңқабылұлы сынды дала дарындарының өміршең мұраларын жаңғыртып жүрген өнертанушы, домбырашы Аякөз Еркінбекқызы да бар. Malim.kz зерттеушімен аталған күйшілердің еңбектері және өзінің шығармашылығы жайында сұхбат құрған еді.  


- 2010 жылдан қазіргі таңға дейін Қазақ Ұлттық өнер университетінің мектеп және колледж бөлімінде домбыра класынан сабақ беріп келесіз. Алдымен сұхбатымызды күй өнеріне деген құштарлығыңыз қалай басталғанын сұрасам деймін. Қандай жайттар әсер етті?

- Күйге деген қызығушылық бала күнімде оянды. Әкем, оның  інілері де барлығы өнер адамдары. Үйде үнемі күй тартылып,  ән айтылып,  жататын. Жастайымнан үйде әкемнің  дастархан басында күй тартып отырғанын көріп өстім. Өнер адамы болған соң, әкемнің ауылдас  достары шаңырағымызға жиі жиналып,  рухани мәжіліс өткізетін. Сол жиылыстарда бағзыдан жеткен күй өнері, небір дәулескер күйшілер жөнінде тағылымды әңгімелер айтылатыны есімде. Мен қолыма домбыраны 6 жасымда алдым. Бұл уақытта әкемнің інісі, белгілі күйші-композитор Бәден Айсынов елге Алматыдағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияны бітіріп келген болатын. Ол кісі Әлшекей Бектібайұлының күйлерін насихаттау үшін көп еңбек сіңірді. Алғаш рет домбыраны 6 жасымда үйренуіме осы ағамның әсер-ықпалы ерекше болды.

- Биыл дәулескер күйші Қазанғап Тілепбергенұлының туғанына 170 жыл. Біртуар тұлғаның күйлерін дәріптеп келе жатырсыз. Қазанғаптың күй­ші­лік мәнері, өзге күй мектептерінен айырмашы­лық­тары, туындыларының жанрлық құрылымы несімен ерекше?

- Белгілі күйші Қазанғап Тілепбергенұлының күйлеріне деген қызығушылық бала күнімде басталды. Бірде ауылдың ортасында қосылып тұратын радиодан Қазанғаптың «Торы жорғаның бөгелек қақпайы» атты күйі берілді. Музыкалық шығарманың әуезі, ойнақы ырғағы өн бойымды шымырлатып, ұйып тыңдап қалыппын. Сол күй арқылы Қазанғап күйлеріне деген құштарлығым оянды. Өнер әлеміне қарай бет түзедім. Кейін 1995 жылы Қызылорда қаласындағы музыка колледжін бітіріп, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияға оқуға түстім. Аталған оқу орынына түсудегі басты мақсатым - Қазанғап күйлерін үйрену еді. Бірақ, емтихан тапсырып, түскеннен кейін Құбыш Әшімұлы Мұхитовтың класына қабылдандым. Келесі жылы Қазанғап күйлерін жеткізуші, белгілі күйші Сәдуақас Балмағамбетовпен консерваторияда кездесіп қалдым. Ол кісіге ойымды, түпкі мақсатымды жеткіздім.  Содан ұстазым Құбыш ағайдан Балмағамбетовтан сабақ алуға, Қазанғап күйлерін қатар үйренуге рұқсат сұрадым. Осылайша бала күнгі арманым орындалды. Қазанғап күйлерін, әсіресе бізге беймәлім, көп орындалмаған туындыларын Сәдуақас ағадан үйрендім. Өнер саңлағының жауһар шығармалары ұлттық эпостық жырлармен біте қайнасып, селбесіп жатады.  «Бекеттің жыр күйін», «Ноғайлының босқынын», «Жұртта қалғанын», «Балжанның жыр күйін» тыңдасаңыз, жыраулардың көмейінен ағылған жырларды есіткендей күй кешеміз.  Қазір осы күйлерді музыка академиясында өзімнің студенттеріме үйретіп жүрмін.

- Күйші жайында айтқанда «Ақжелеңнен» айналып өте алмаймыз. Осы күй-понорамасының 15-і Балжан қызға арналған екен.  Балжан ұзатылғалы жатқанда Қазанғаптың күйін тыңдап аттанған деседі. Осы күйлердің ерекшеліктері қандай?

- Қазанғап Тілепбергенұлы Балжан қыздың бүкіл ғұмырына  күйден ескерткіш соққан десек қателеспеспіз. Ең алғаш «Балжан қыз 15-те» атты күй шығарғаны мәлім. Одан кейін «Балжан 18-де», «Балжан 35- те»,  «Балжан келін», «Балжан қатын», «Балжан 55-те» атты күйлері туған. Бұл күйлердің ерекшеліктері - саусақаралық қағыстарында. Қазанғап күйлері күрделі программалы, орындаушысынан  айрықша шеберлікті талап етеді. Олай дейтінім, күйші туындыларында екі қолдың бір-біріне жауап беруі бар. Ал қағыстарының ерекшелігі сұқ саусақ пен ортаңғы саусақтың қимыл қозғалысы арқылы шеңбер тәрізді етіп орындалуында. Қазанғап күйлерінің бірден-бір өзгешелігі осында.

Коллаж: Egemen Qazaqstan   

- «Ақбала мен Шағдардың күйлері» кітабыңызда күйші Ақбала Жаңқабылұлы мен шәкірті Шағдар Ақылбековтың туындылары топтастырылған екен. Екі тұлғаның рухани байланысына аз-кем тоқталсаңыз...  Олар туралы қандай тың деректерді ұшыраттыңыз?

- Ақбала Жаңқабылұлы мен Шағдар Ақылбековтың есімдері қалың көпшілікке таныс емес. Өйткені, олардың  күйлері бізге кештеу жетті. Оның себебі, күйші кешегі аштық жылдарын бастан өткерді, кейіндеу байлардың ұрпағы деп қуғынға ұшыратқан соң Өзбекстанға ауып барған екен.  Ақбаланың күйлерін өзінің жиені Шағдар Ақылбеков айна-қатесіз біздің заманымызға жеткізді. Ақбала күйші денсаулығы сыр беріп жүрген кезде Шағдардың үйіне келеді. Шағдардың ол уақытта бала кезі. Оның анасы Шәргүл Ақбала күйшінің қарындасы. Ақбала киіз үйде жатып, көкірегіне домбыраны қойып тартады. Сол кезде Шағдар киіз үйдің төбесіне шығып, түндігін ашып қойып, күйді құлағына құйып алған көрінеді. Шаңырақтың үстінде жатып ұйықтап та қалады екен. Анасы талай рет ұлының аяғынан тартып, киіз үйден түсіріп алған деседі. Қаршадайынан бойына Ақбаланың күйі сіңген Шағдар өнер саңлағының  баймұрасын дәріптеуге ғұмырын арнады.    

- Сонымен қатар,  Әлшекей Бектібайұлына арналған кітабыңыз да бар.  «Әлшекейдің күйлерін орындау бар да, олардың көркемдік қуатын ашып, бағалау бар» дейді өнертанушы Тынысбек Қоңыратбай. Әлшекей күйшінің бізге беріп кеткен құнды қазынасы қандай?  Өнер адамын толықтай тани алдық па?

- Мен өзім сол Әлшекей Бектібайұлының туған жері Жаңақорған ауданында дүниеге келгенмін. Әлшекей күйлерін негізінен әкемнен үйрендім. Әкем үйде, шәй үстінде ұдайы күй тартып отыратын. Ол кісіні алғашқы ұстазым десем де болады. Кейін музыка мектебінде әкемнің інісі, белгілі күйші-композитор Бәден Айсыновтың класында оқыдым. Музыка мектебін бітіріп, Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжіне оқуға түстім. Онда ұстазым Айтберген Жаңбыршиев болды. Кейін ол кісі өз еліне кетіп қалды. Сосын Ерболат Мұстафаевтың сыныбында оқыдым. Колледж қабырғасында жүріп, Сыр бойының күйшілік дәстүрімен таныстым.

- «Күй-көмбе» еңбегіңізде  Бәден Айсыновтың шығармалары мен өміріне үңілдіңіз. Бәден Айсыновты жалпы жұрт біле бермейді? Мұның себебі неде? Өнер саңлағының көркемдік әлеміне тоқталсаңыз...

- Бәден күйші туралы аз-кем айтар болсам, ол 1946 жылы 15-ші маусымда туған. Бәденнің алғашқы ұстазы - әкесі Айсын ақсақал болды. Айсын Райымбекұлы 2004 жылға дейін өмір сүрді. Әкесі бала Бәденнің музыкаға деген қабілетін байқап, мектеп жасынан өнерге баули бастайды. Өз ауылындағы бұрынғы «Октябрь», қазіргі Ж.Қыдыров атындағы мектептің 7-сыныбын ғана тәмәмдап, 1961 жылы Шымкент қаласындағы музыка училищесіне оқуға түседі. Оны 1964 жылы бітіріп шығады. Өнерге деген құлшыныс Бәденнің бойында уақыт өткен сайын үдей түседі. Қызылорда қаласындағы музыка училищесін үздік бітіргеннен кейін консерваторияға түсіп, өнер жолын әрі қарай жалғастырғысы келеді. Консерваторияға оқуға түсу үшін емтихан тапсырған Бәден орыс тілінен «2» деген баға алады. «Ұстазым Ахмет Жұбанов: «Орыс тілінен қалай тапсырдың?» деп сұрады. Мен: «Екі алдым» деп жауап бердім. Кітапшамда арнайы аспап – домбырадан «4» деген баға алғаным жазулы тұрған болатын. Сол кітапшаңды «алып келші» деп ұстазым сұрады да, өзі Ахмет Жұбанов деп қолын қойып,   қайтадан тапсыруға жіберді деп еске алады Бәден Айсынұлы. «Содан орыс  тілі пәнінен қайта тапсырып, «3» деген баға алып, ұстазымның арқасында консерваторияға оқуға қабылдандым», – дейді.

Күй атасы Қорқыт туған топырақтан нәр алған Бәден Айсынұлы  домбыраның тоғыз пернесін сөйлеткен кәсіби күйші. Осылайша, жастайынан өнерге құмартып, ары қарай да өнер жолын жалғастырғысы келген ол Алматы қаласындағы киелі Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда белгілі ғалым, өнер зерттеушісі Ахмет Жұбановтан тәлім алған. Бәден Айсынұлы студент кезінен атақты Құрманғазы оркестрінің құрамына қабылданып, сонда жұмыс істеді. Ұстазы жайында «Ахмет Жұбанов тек өнер адамы ғана емес, адамның ішкі дүниесін, келешегі мен болашағын бағалап, біліп тұратын кісі еді», – дейтін.

Бәден Айсынұлы Шара Жиенқұлованың концерттік бригадасында

сүйемелдеуші болған. Белгілі әншілер Ғарифолла Құрманғалиев,

Ермек Серкебаев, Жүсіпбек Елебеков, Роза Бағланова сынды өнер саңлақтарымен гострольдік сапарларда ұхбаттас, пікірлес болған. Тіпті әнші Бибігүл Ахметқызы Төлегеновамен бірге бүкіл Еуропаны аралап, концерт берген. Ал консерваторияны тәмәмдаған соң елге оралып, туған жерге қызмет етті. 1997 жылы Бесарық ауылында Сыр бойының тумасы, белгілі күйші Әлшекей Бектібайұлы атындағы оркестр ашуды қолға алады. Әлшекей күйлерін зерттеуші, тарихшы Хазіретәлі Тұрсыновпен бірлесіп лекция концерттер беріп, күйшінің мұраларын халыққа паш етті. Бәден күйшілік өнердің ұмыт қалмауы үшін ізін жалғастырушы шәкірт

тәрбиелеумен де айналысты. Қазіргі таңда өзі еккен мәуелі бақтың жемісін

көруде. Тіпті, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрімен Венгрия, Украина сияқты шетелдерге іссапарларға шығып, үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. Жоғары өнер ордасын бітіре салысымен, Жетісай қаласындағы қазіргі Қасымхан Шанин атындағы музыкалық драма театрына шақырылып, бас дирижер қызметін атқарды. Ал, 1972 жылы Қызылорда қаласындағы музыка мектебіне директор болды. Бұл мекемені он шақты жыл басқарады. 1981 жылы өзінің кіндік қаны тамған жері – Жаңақорған ауданы, Талап елді мекенінде «Талап» балалар өнер мектебін ашып, өзі сол мектепте директор қызметін атқарды. Араға үш жыл салып «Айсыновтар» отбасылық ансамблін құрады. Осы ансамбльдің құрылуына бірден-бір еңбегі сіңген Жаңақорған ауданы мәдениет саласының майталманы Әбілтай Сүлейменов, белгілі халық ақыны Манап Көкенов, Махмут Әуезовтер болды. Ансамбль құрамында Бәден Айсынұлының ұл-қыздары, келіндері мен немерелері, жалпы алғанда 12 адам бар. 1992 жылы отбасылық ансамбльге Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қаулысымен «халықтық» атағы берілді. Осы жиынға арнайы келген Шара Жиенқұлова «Мына ансамбль атақ берсең де, бермесең де аламыз» деп тұрған ансамбль екен» деген екен. Біле білгенге, бұдан артық атақ та, марапат та қажет емес еді. Себебі, тарихта есімі алтын әріптермен жазылған Шарадай өнер иесінің ансамбльге берген бағасы осы бір ауыз сөзіне сыйып тұр.

- Алдағы жоспарыңыз қандай?

- Алдағы уақытта жағарыда аты аталған күйшілердің шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттай беремін. Өйткені, күйшілік өнер, ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, жетіп отыруы керек. Біз шама келгенше білгенімізбен  бөлісеміз.

Көрнекті  ғалым Ақселеу  Сейдімбек күйді қазақтың ұлттық рухына ұлы сілкініс тудырған құбылысқа балайды.  Күй адам жанын тебірентетін, өскелең ұрпаққа жігер сыйлайтын құндылық. Сондықтан да, күйшілік өнер дамуы керек.  Күй құдіреті қастерлі, оның астарында аңыз бен әфсана жатыр, елдің мұң-зары мен сүйініші, жұбанышы тұр. Домбыраны құр шерте беруден саф күйшілік шықпайды. Күй өнері, оны шығарушы тұлғалардың шығармашылығы - бар қазаққа ортақ рухани дүние. Оны қызғануға, біздікі, сіздікі деп бөлуге болмайды. Бұл ұлттық өнерге жасалған қысастық, мәдениеттің өрісін тарылту дер едік. Міне, бұл менің жалпы ұстанымым, күй әлеміне шексіз құрметпен қараймын.  

- Сұхбатыңызға рахмет!