Баланы қорғау дәрігер назарынан тыс қалмайды

Бірінші маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні Алматыда «Аңсаған сәби» мүсіні ашылып, еліміз бойынша түрлі шаралар өтті.

Орал Кайрат

  • 01.06.2023

Дәрігерлер өткізген осы шараларда баланы қорғау мен балалы бола алмай жүрген жандардың мәселесі назар аудартты. Мәселен, еліміздегі ЭКҰ (экстракорпоралды, яғни, денеден тыс ұрықтандыру әдісі) негізін қалаушы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарованың сөзінше, елдегі әрбір алтыншы ерлі-зайыпты бедеулікке шалдыққан. Ресми статистикаға сәйкес елімізде 21 мыңнан астам адамға бедеулік диагнозы қойылған. Ал өз денсаулығын тексертпей жүргендер қаншама? Және бедеулік жылдан жылға жастар арасында көбейіп келеді.

Абай айтпақшы, ортада «адамның бір қызығы – бала деген» болмаған соң, ерлі-зайыптылар арасында жанжал, тұрмыстық зорлық, ажырасу да көп.

Яғни, баланы қорғау дегенде біз балаға жете алмай жүргендердің де жағдайын ойлауымыз керек екен.

Алматыда «Аңсаған сәби» мүсінінің ашылу іс-шарасында осыны анық түсіндік. Мүсінде бейнеленгендей ана алақанында сәби отырса, адамға одан артық бақыт жоқ екенін сөз алғандар да жүрекке жеткізіп баяндады. 

"Бұл мүсін жай ғана символ емес. Мүсін – ана болуды армандайтын әрбір әйелдің қуаты мен нәзіктілігінің, сенімі мен батылдығының символы. Сондай-ақ, біздің мақсатымыз – репродуктивті медицина саласындағы зерттеулерді, инновацияларды қолдау мен дамытуға қоғамның назарын аудару. Сонымен қатар, бедеулік мәселесіне тап болған ерлі-зайыптыларға көңіл көмек пен жанашырлық таныту да маңызды", - деді Салтанат Байқошқарова.

Дәрігердің «бұл мүсін жай ғана символ емес» деуінің және бір себебі, ол жаңадан ашылып жатқан репродукция орталығының ғимаратының алдына қойылғаны. Енді, «New Generation Clinic» атты заманауи халықаралық репродукция орталығы балаға зар болған азаматтарға қол ұшын созбақ. Ондағы зертханалар әлемдік стандарттарға сәйкес келеді, әйелдер мен ерлер бедеулігін емдеуде ЭКҰ-ның барлық озық технологиялары енгізілген.

Бір айта кетерлігі, ЭКҰ негізі елімізде шағын зертхана ретінде 1995 жылы құрылды. Оның басы-қасында Салтанат Байқошкарованың өзі жүрді.

Енді міне, халықаралық деңгейі бар орталық ашылып жатыр. Бұл әлемдік стандарттарға сәйкес жұмыс істейтін, ең жоғары санаттағы қызмет пен емдеуді ұсынатын озық жаңа буын клиникасы. Мұнда Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект арқылы бедеулікті емдеудің ең заманауи әдістері қолданылмақ.

Бұл ретте президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған «Аңсаған сәби» бағдарламасының өзектілігін де айта кеткен жөн. 2021-2026 жылдарға арналған бұл бағдарламада экстракорпоралды ұрықтандыруға жыл сайын жеті мың квота бөлінді. Әлбетте, ЭКҰ қызметі көптеген қазақстандықтар үшін өте қымбат екенін ескерсек, жыл сайын бөлінетін 7 мың квота айтарлықтай көмек екені де рас.

Осы күнге дейін «Аңсаған сәби» квотасының арқасында  

3 мыңнан астам бала дүниеге келген. Енді Алматыдан ашылған жаңа орталық баланың иісіне зар болған ата-аналарға үлкен қолдау көрсетері де анық.

Балаларды қорғау күнінде дәрігерлер таратқан қуанышты жаңалық бұл ғана емес. Осы күні бес жүзден астам медициналық ұйымдарда балаларға арналған көрме, сурет салу, ән айту, топтық ойындар, өнер, мәдениет, спорттық жарыс сияқты түрлі іс-шаралар өтті. Және бұл бір реттік қана науқан болып қалмайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, былтыр елімізде 403 мың сәби өмірге келген. Ал 17 жасқа дейін баланың саны  6,6 млнға жеткен. Яғни, ел азаматтарының үштен бірі. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының басты мақсатының бірі балалардың ауырмауына барынша жағдай жасау. Осы ретте министрліктің айтуынша, биыл мектеп медицинасы қолға алынады. Яғни, әрбір емханада мектеп медицинасын үйлестіретін дәрігердің жаңа лауазымы ашылады. «Ондай дәрігердің негізгі міндеті мектеп мейіргерлерінің жұмысын үйлестіру, оқушылардың денсаулық жағдайына терең талдау жүргізу, мектептерде кәсіби тексерулер жүргізу» дейді министрлік. Яғни, баланы қорғау мәселесі енді, дәрігер назарынан тыс қалмайды.