Дәрігерлер баланы самакат, сусын, смартфоннан қорғауға шақырады!
Оқушылардың жазғы демалысқа шыққандарына санаулы күн өтті. Оқушы мен ата-ана үшін бұл қуанышты жаңалық болса, дәрігерлер үшін нағыз алаңдайтын уақыт екен.
Себебі, жазда баланың жарақат алуы жиілеп, таңнан кешке дейін смартфоннан бас алмауы әдетке айналып кетеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің редакциямызға жіберген мәліметтері адам шошытады.
Мәселен, еліміз бойынша, жыл сайын 14 жасқа дейінгі 200 мыңға жуық бала жазатайым оқиғаларға түсіп, 20 шақтысы мүгедек болып қалады екен. Өкінішке орай, көз жұматындары да бар. Күйік шалу, тұншығу, жол-көлік жарақаты, кездейсоқ құлау және да басқа қатерлер бала өмірін ерте үзіп жатады. Бүгінде үйдегі жарақаттар көбінесе баланы қараусыз қалдырудан болса, көшедегі жарақат электр самокаттарынан болып тұр екен. Бұл енді, ең қауіпті құбылысқа айналған.
Балаға одан кейінгі қауіп судан екен. Ата-аналарға жүргізген зерттеуде балалардың шамамен жартысы суда жүзгенде қауіпсіздік құралдарын қолданбайтынын көрсеткен.
Яғни, жазғы демалысында қараусыз қалған бала су жағалап кетеді. Немесе ата-анасы қасында болса да, судағы балаға назар аудармайды.
Сондай-ақ, жол көлік ережелерін сақтамау, көшеге жүгіріп шығу, автокөлікте бала орындығының болмауы да соңғы жылдары балалардың жарақат алуын көбейтіп жіберген.
Тараз қаласының тұрғыны, бала дәрігері Айзада Ақбасованың айтуынша, жазғы демалыста үйде тып-тыныш отырған баланың денсаулығына да қауіп көп. Өйткені, ондай балалар әдетте физикалық тұрғыдан қозғалмайды.
«Көптеген ата-ана «бала тыныш отыр ғой» деп мән бермейді. Ал ол смартфоннан көз алмайды. Бала күнінен бір сағаттан артық смартфон қарап отырса, онда бұл төтенше жағдай. Біріншіден, телефоннан жылтыңдаған әр нәрсені қарау, баланың ойлау қабілетін шектеп, мінез-құлқын өзгертеді. Екіншіден, көз жанарын тез құртады. Үшіншіден, бала физикалық қозғалыста болмаған соң, дене бітімі дұрыс дамымайды. Төртіншіден, тәбеті дұрыс болмай, түрлі сусындарға үйір болып, жылдам артық салмақ жинап алады. Қысқартып айтсақ, баланың смартфонда қадалып отыруы, жүздеген ауруға себеп болады»,-дейді дәрігер А.Ақбасова.
Расымен де, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының деректеріне қарағанда, еліміздегі 6-9 жас аралығындағы әрбір бесінші оқушының артық салмағы бар екен.Сондай-ақ, 6-9 жас аралығындағы балалардың 5 пайызында дене салмағы төмен, ал 2 пайызында бойының өсуі артта қалуда.
Дәрігерлер мұның негізгі себебінің бірін таңнан кешке дейін немесе кештен таңға дейін телефонда ойын ойнаумен түсіндіреді.
Жоғарыда айтқан орталықтың бір мәліметіне қарасақ, 11-15 жастағы балалардың 42,6 пайызы энергетикалық сусындарды үзбей ішеді екен. Бұл да бас ауыртатын қауіпті құбылыс дейді дәрігер.
Бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі Оқу және ағарту министрлігімен бірігіп денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер жүйесін жетілдіріп жатқанын айтады. Ондағы мақсат мектепте оқушы үшін физикалық белсенділікті арттыру, дұрыс тамақтануды жолға қою, санитарлық-гигиеналық жағдайларды жақсарту, балалардың денсаулығын нығайту, саламатты өмір салтын қалыптастыру сияқты жұмыстар жүреді.
Алайда, бұл мектептегі жүйе. Ал қазір жазғы демалыс кезінде оқушы мұғалім қадағалауында болмайды. Сондықтан, дәрігерлер бала денсаулығы мен қауіпсіздігін ойлап, баланы самакат пен энергетикалық сусыннан және смартфоннан қорғауға шақырады!