Ферроқорытпа зауытындағы тынымсыз еңбек иесі

Malim Админ

  • 27.02.2024

Үнемі қимыл-қозғалыспен қатар қатаң қадағалауға мәжбүрлейтін кәсіптің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрудің машақаты қаншалықты болатынын бәріміз білеміз. Соған қарамастан өмір жолын өндіріс саласымен ұштастырған адамдарды «Еңбек қаһарманы» деп қалайша атамасқа?! Бұл тұрғыда жаратылысы жаны нәзік әйел затынан болса да ауыр жұмысқа азаматтармен қатар араласқан қазақтың қайсар қыздарының бірі Жәмила Құрмансейітовадай нәзік жандыны ерекше атап айтуға болады. Мақаламызға арқау еткен жанның өмір жолы өнегеге толы, қалай дәріптеп айтсақ та артықтық етпейтін, қайта қанша майын тамызып айтсаң да артықтық етпейтін мақтауға лайықты десек, ақиқаттан аттамасымыз анық.

Өйткені, ол Ақтөбенің атағы алысқа жайылған ферроқорытпа зауытында 37 жылдан бері тынымсыз еңбек етіп келеді. Расы керек, мұндай алып өндіріс орнында осылай ұзақ жыл, тіпті, жас адамның ғұмырындай мерзімде қызмет атқару үшін үлкен төзім қажет. Оның үстіне жұмыс ырғағы ыстық жалынмен біте қайнасқан өндіріс орнында метал балқытып құюды меңгерудің өзі қаншалықты күрделі болатыны тәптіштей айтпасақ  та түсінікті.

Алғашында мектеп бітірген құрбы-құрдастарымен бірге арман жетегімен Жәмила да жоғары оқу орнына түсуге Ақтөбеге келді. Алайда, қалаған мамандығының иесі болудың сәті түспеді. Бірақ, қайтадан кері бұрылып, ауылға қайтуға тумысынан қайсар қыздың намысы жібермей, ыңғайы келсе қаладан жұмыс тауып, біраз өмір тәжірибесін жинап ысылғанды дұрыс көрді. Сөйтіп жүргенде танысқан құрбыларының бірінен Ақтөбе ферроқорытпа зауытына кәсіп игеріп, жұмысқа тұруға болатынын естиді. Бұл жаңалықты айтқан замандас қыз да сонда істейтінін жасырған жоқ. Ойлана келе, тәуекелге бел буып, 1986 жылдың қыркүйек айында болашақ жұмыс орнының табалдырығынан аттаған он сегіздегі бойжеткен зауыт іргесіндегі краншылар даярлайтын учелищеге құжат тапсырып, көп кешікпей өндірістік тәжірибеден де сәтті өтті.

Осылайша 1987 жылдан еңбек жолын бастаған кейіпкеріміз қиындыққа мойымайтын, өз ісіне берілген маман ретінде жылдан-жылға мойындала бастады. Әр сәті қырағылық пен ширақтықты талап ететін өндіріс орнында басты қажеттілік жауапкершілік екендігін айқын ұғынған Жәмила Құрмансейітова білікті де тәжірибелі болудан аянып қалған жоқ. Күн сайын №1 Балқыту цехында орналасқан 1800 градус ыстық пештің қасында кранды тізгіндеп тұруға әйел тұрмақ кез келген ердің жүйкесі шыдауы неғайбыл.

«Негізінде жаз мезгіліндегі аптап ыстықта жұмыс қиындай түсетіні рас. Менің негізгі міндетім ыстық металды құю. Шындығы керек, мұнда келіп жұмыс істеуге жастар көп қызыға бермейді. Ал, босағамыздан аттаған кейінгі толқындағы қыз-жігіттерге білгенімді үйретуден ешуақытта аянған емеспін. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген ұлы Абай сөзі менің өмірлік асыл мұратым болып саналады. Қазақ «жас кезіңде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп босқа айтпаған ғой»,-дейді өз ісінің кәсіби шебері Жәмила. Тәжірибесі толысқан маман жұмысқа енді келіп жатқан жас буынға да өмірден түйген-білгенін аянбастан үйретіп келеді. 

Бұл күнде жан-жарымен бірге екі қыз тәрбиелеп, олардың өмір жолына өнеге беріп отырған оны әріптестері де ерекше қадірлейді. Балалары да осы өндіріс орнында өмір жолын жалғастыруды жөн көріп отыр. Демек, алдағы уақыт көшінде Ақтөбенің ферро қорытпа зауытында династиялық жұмыс үлгісін де көруге боларына сеніміміз мол.

Байланысты жаналықтар

Сабыны сұранысқа сай кәсіпкер

26.02.2024

Масыл болмай, асыл болудың жолы   

28.02.2023
MalimBlocks
Сабыны сұранысқа сай кәсіпкер

Масыл болмай, асыл болудың жолы   

Бәрі өздігінен келе қалса деген түсініктен арылатын уақыт жетті