Кәсіпкер: Мемлекетіміз еңбек адамдарына жол ашып отыр
Тұрмыстық жағдайы нашар немесе дипломы жоқ жастарды оқытуға арналған жобаны қолға алдық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы істің жөнін тапқан, отандық экономиканы еселеймін деген әр азаматқа қолдау көрсетуді қадап тапсырғаны белгілі. Ол үшін бизнеске даңғыл жол ашылуы керектігін, ешқандай да көлденең кедергілердің болмауын жіті назарда ұстап келеді. Сонда ғана елімізде жігерлі, табысты азаматтардың үлесі молая бермек. Кәсіп жолында жетістікке жету үшін асқан табандылық пен мол тәжірибе керек. Астаналық Ботакөз Сейітханқызын да осы қатарға жатқызуға әбден болатындай. «Mumtaz» мейрамханалар желісін аяққа тұрғызып, көптеген жастарды кәсіпке бейімдеп жүрген еңбек адамын сұхбатқа тартқан едік.
- Әңгімемізді үлкен кәсіпке келу жолыңыздан бастасам деймін. Жетістікке жету үшін өмірдің түрлі кезеңдерінен қалай өттіңіз?
- Көп адамдар үлкен отбасы бола тұрып осындай кәсіпті қалай жүргізіп отырсыз деп таңғалысын білдіріп жатады. Ниет болса бәріне де үлгеруге болады. Жолдасымның мамандығы ветеринар-зоотехник, мал дәрігері болып біраз жыл жұмыс істеді. Мен үйдің үлкенімін, жолдасым да үйінің тұңғышы. Екеуміз үйленген соң еншімізді алып ауылдан қалаға шықтық. Ауылда өзімізге тиесілі үй-жайымыз болды. Бірақ өмірді жаңадан бастайық деп үйімізді қалдырып қалада пәтер жалдап жұмыс істеуге кірістік. Ол кезде мен банк қызметкерімін. Жұмыс басталғаннан кейін он ай өткен соң декреттік демалысқа шықтым. Бұл 1990 жылдардың соңы. Заманның құбылып тұрған шағы деуге болады. Жоқшылық белең алған уақытта халықтың нан таппай қалған кезі көп болды. Бірақ құдайға шүкір, жолдасым бізді нансыз қалдырған жоқ. Күндіз өзінің жұмысын істеп келгеннен кейін, түнде қосымша еңбек етіп отбасымызды, өзге де ағайын-туысымызды асырады. Ол кезде жолдасымның туыс-туғандары, менің ағайындарым біздің үйде қона жататын. Келімді - кетімді қонақтан бөлек, үйде алты студент жүреді. Біз мұны өзіміз біреудің босағасын сағалап жүргендіктен олар да біздің көрген күнімізді көрмесін деп жасасақ керек. Жолдасым қолына түскен олжаны үйге тасумен болды, мен оны әзірлеп берумен болдым. Өзім де бос отырмай, жолдасыма болысайын деп көрші қариядан қалған жіптерін сұрап алып шәйнектің, шәугімнің астына қоятын төсеніш тоқып сатуға қойдым. Оны сол көршіміздің сататын заттарының қасына қоятын болдым. Күйеуім үйге деп маған 500 теңге беріп кетеді. Оның айлығы 5000 теңге болатын. Ол кезде бөлке нанды 15 теңгеге аламыз. Үйдегі адамдарға бір күнде он бөлке нан кететін. Бір күні 11 сынып бітіргелі жатқан көрші қыз мемлекеттік емтиханға шығарма жаза алмай жатқанын айтып, жазып беруімді өтінді. Мен қыздың меселін қайтармай жазып берейін дедім. Ол шынымен де жаза аласыз ба деп қайыра сұрақ қойып жатыр. Көркем әдебиетті оқуды ұнататын, мектепті алтын белгіге бітірген мен үшін қиынға соқпайды-ау деп топшыладым. Бірақ үйіміз шағын болғандықтан әрі келімді-кетімді адамның көптігінен үйде жазу жазуға мұрша болмайтын. Оның үстіне жазу жазатын үстел де болмады ол шақта. Дегенмен уәде беріп қойғаннан соң Баянның шығармасын үйде сандықтын үстінде отырып жазып бердім. Алғашқы жазбамыз емтиханнан бес деген баға алыпты. Кейін ол маған «Әпке, егер сыныптас қыздардың шығармашылық жұмыстарын алып келсем қаншаға жазасыз?», - деді. Әрқайсысына 200 теңгеден бес шығарма жазып беріп мың теңге алдым. Ол ақшаға бір айлық азық-түлігімді алдым. Сөйтіп технологиялық университеттегі Баянның сыныптастарының сапроматын, шығармашылық жұмыстарын жазып беретін болдым. Кейіннен олар маған курстық жұмыстарын жаздыртатын болды. Шығарма жазу үшін қызымнын ұйықтағанын күтіп, арасында кітапханаға барып қажетті кітаптардың көшірмесін үйге алып келетін едім. Содан кейін бес мың теңгеге арнайы машинка сатып алдым. Машинканың көмегімен курстық жұмыстарды әзірлеп беріп отырдым. Кейін декреттен шығып жұмысыма қайта оралдым. Бұл кезде жағдайымыз жақсарып, студенттердің алды өмірге араласып кетті. Көп ұзамай екінші балама аяғым ауыр болды. Декреттік демалысымды пайдаланып таныс сот орындаушыларына көмекші болып, ақшаға есептерін жасап беріп отырдым. Босанғаннан кейін де олар маған клиент болды. Айдың аяғында 10-12 сот орындаушысына есептерін әзірлеп бердім. Осылай жүргенде балаларымыз да өсіп қалды. Арада уақыт өте келе жұмыс істейтін бөліміміз қысқартуға ұшырап, жұмыстан босап қалдық. Жолдасымның да саласы ветеринарияға сұраныс азайған уақыт. Екеуміз де қысқартуға ұшырағандықтан қиындықтарға тап болдық. Көп ойланбай үйдің маңындағы дүңгіршекті жалға алып ұсақ-түйек заттар сатып, сауда жасадық. Өзімнің екінші балама аяғым ауыр. Қызмет еткен кішкентай ғана бутка алмағайып кезеңде бүкіл отбасымызды асырап отырды. Сонда сауда жасасаң әйтеуір тіршілік етуге болатынына көзім жетті. Жолдасым базардан заттар алып келеді, мен үстіне мың теңге қосып сатамын. Осылай жұмыс істедік. Кейіннен банк бухгалтері мамандығы бойынша курсқа жазылдым. Сол уақытта кәріс әйелдің қарамағына бухгалтер болып жұмысқа кірдім. Оның саудасына, жұмысына ерекше қызықтым. Сағат 10- нан 20:00 ге дейін өз жұмысымды істеймін. Ал таңғы сағат 7-ден 9 – ға дейін екі сағат, үш ай бойы бухгалтерлік курта оқыдым. Бір күні Ирина менен сен бухгалтерсің бе деп сұрады. Мен бұл саланы толық білмейтінімді айтып, үйретуін өтіндім. Білгір маман бухгалтерияның жаңа бағытын түсіндіріп, барынша жақсылап оқытты. Иринаның қоластында жұмыс істеп жүргенде табысым еселене түсті. Бірде мені бұрынғы банктегі әріптестерім шағын несие орталығына жұмысқа шақырды. Ол жақта тек бухгалтериясын жасап қоямын. Сол уақытта менің айлығым 30-35 мың шамасында болса, онда сауда жасайтын қыздар күніне 8 мың теңге табыс табатын. Қалай керемет деп таң қалатынмын. Кейін олардан « Мен де сатсам болады ма?» деп сұрадым. Маған ЦУМ-ның ішінен №264 бутикті берді. Кішкентай ғана, бұрышта отыратынмын. Ол жердің сатушысы еріншек болатын. Сосын мен барған соң, ол бутиктің саудасы жүре бастады. Бала-шағаны да асырау керек болды. Ол бутик қойма болған. Барлығы өтпей қалған заттарын әкеліп қоятын жер еді. Содан ол жерде сауда жүріп, алғаш кәсіпкерлік жолды бастадым. Өзім саудагер болып, ештеңе тасыған жоқпын. Өйткені өзіме ұят, ар санадым. Екі дипломым бар. Мектепті, университетті жақсы оқыдым. Елдің бәрі мені таниды деп арландым. Сауда жасап кетсем бе деп те ойлап жүрдім. Содан кездейсоқ ұсыныс келіп, Алматыға екі айға оқуға кеттім. Көп ұзамай Шымкентте орталық ашып, сол жерде жеті жылдай жұмыс жасадым. 2007-2008 жылдары қатты дағдарыс болып, қаржылық тығырықтан шыға алмай қалған уақытта бастығым ломбард ашты. Сол ломбард керемет жұмыс жасап жатыр. Бастығымның әйелімен бірге ломбардтың программасын жаздық. Мен сол жерден декреттік демалысқа шықтым. Осы тұста үлкен үйімізді алып, кейін жолдасым жеке кәсіпкерлікпен айналыса бастады. Ештеңе аспаннан келген жоқ, барлығы жолдасым екеуміздің еңбегіміз.
- Елордаға қалай келдіңіздер? Бас қалаға кейдейсоқ келдіңіз бе?
- Елордаға келу туралы ұсынысты сол қалада тұратын бауырым жасады. 2010-2011 жылдары үшінші балама аяғым ауыр еді. Ол уақытта жолдасым КСеll компаниясында жұмыс жасайтын. Ол жұмысынан шығып, інімнің жанына барды. Мені бір жыл декретте бос отырғанша жаныма кел деп шақырып алды. Төрт баламмен екі айлық балам қолымда үйді жауып, ауылдағы барлық тірлікті тастап Астанаға екі айға уақытша келдім. Нар тәуелкел деп осы жақтан ас орталығын қамдау жұмысына кірісіп кеттік. Асханамызды ең бірінші осы «Әзірет Сұлтан» мешітінің ішінен аштық. Соның арасында қолым бос кезде Шымкенттегі аудит компаниясының бірінде консультант болып жұмыс істедім. Аудитор болып жүрген кезде бір мейрамхананы тексердік. Сол кезде мейрамхананың қалай жасалатынын, әр тамақтың калькуляциясының қалай болатынын бәрін сол жақтан білдім. Әр тамақтың өзіндік құны, бағасы болатынын көрдім. Сонда бұл қызметті не деген кірпияз жұмыс деп ойладым. Содан өзім есепшімін, ресторатор адам тауып істі бастап кеттік. Шүкір, жеті жыл болды осы бизнеспен айналысып келе жатырмыз.
- Сіз тек кәсіпкер ғана емес, бір әулеттің ұйытқысы, ағайындардың әпкесі екенсіз. Өжет те бауырмал болуыңызға өмірден түйген жайттар ықпал еткен болар...
- Анам экономист болды. Есеп-қисапқа жүйріктігім нағышылар жағынан берілген болуы керек. Мектепті де жақсы оқыдым. Мен ана, кәсіпкер ретінде ғана емес, әпке ретінде де жауапкершілікті сезінген жанмын. Әкем мен шешем түйдей жасты болды. Анам қырық жасқа шыққанда қан қысымына ұшырап өмірден ерте өтіп кетті. Ол кезде мен 17-де, кішкентай сіңілім 2 жаста еді. Отбасымыздағы осы жағдайға байланысты үйде қалып, техникумға сырттай оқуға түстім. Жоғарғы оқу орнына түсе алмай қалғандықтан болар, әлі күнге дейін оқуға деген қанағатсыздығым басылмай келеді. Анамыз үйден кеткеннен кейін біртүрлі құлазып қалдық. Әкеміз де жалғызсырап жүрді. Арада бір жарым жыл өткеннен кейін дос қызымның әпкесімен сөйлесіп әкеме жар, бізге ана болуға ұсыныс жасап көрдік. Әкем де ол кісімен танысып, ұнатып екеуі сол жылы қараша айында шаңырақ көтерді. Ал мен олардан жеке бөлініп шықтым. Нағашыларым мені банкке жұмысқа тұрғызып, қолдау көрсетті. Көп уақыт өтпей ата-анамыз балалы болды. Сол кезде мен әке-шешеме көмектесемін деп өз өзіме сөз бергендей едім. Содан бергі осынау жиырма жеті жыл бойы төрт туған бауырыма ана болып келе жатырмын. Анам өмірден өткенде екі жаста болған сіңілім қазір менің қоластымда жұмыс істейді. Бесеуміз де отбасылы, үй-жайлы болдық. Барлығымыздың бойымызда Алла берген талант бар. Өзімнен кейінгі сіңілім Алматыдағы №2 мектеп интернатта оқыды. Ол өте өжет, ақылды, тілге шешен, бойында ақындық қасиеті бар. Қазір Алматыдағы мектептердің бірінде қазақ тілімен әдебиеті пәнінің мұғалімі әрі оқу ісі жөніндегі орынбасары. Сіңілім білгір ұйымдастырушы. Кіндігінен төр бала тараған аяулы ана деуге болады. Екінші сіңілім ағылшын тілінің маманы. Анам өмірден өткен соң ол ауылда әжемнің қолында оқыды. Мектепте олар неміс тілінен сабақ алды. Кейін қалаға келген кезінде мектепте шет тілінен ағылшын тілі оқытылады екен. Сабақ оқығанда ағылшын тіліндегі сөздерді немісше екпінмен айтқанда шет тілі мұғалімі «барлық баланы өзің сияқты көресің бе?»,- деп ұрысқан екен. Ұстаздың сөзі намысына тиген болса керек, сіңілім бірден ағылшын тілі курстарына қатысып, тілді жетік меңгеріп шықты. Оқушы кезінде түрлі республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанды. Он төрт жыл бойы ағылшын тілінен сабақ берді. Бір өзі бірнеше тілді еркін меңгерген. Қазір үшінші жылға таяп қалды «Мумтаздың» Шымкент қаласындағы филиалдарын басқарып, жүргізіп отыр. Үшінші ағайынымыз Данияр. Ол кәсіпкерлік саласында. Біздің тәрбиемізбен тікелей айналысқан - әжеміз. Әкеміз де иманды кісі. Ауылдан алған дала академиясының білімімен бәрімізді тәрбиелеп, жеткізді. Кейінгі анамызға да рахмет! Ақкөңіл, ешкімге арамдығы жоқ. Еңбегін бағаламай кетуге болмайды. Ол кісінің көзінше өз анамыз туралы айтуға ұяламыз. Анамыздың кіндігінен екі бала тараған. Барлығымыз қазір жетеу болып отырмыз. Бірінші бала ұл. Ол ҚазГЗУ –ды заңгер мамандығы бойынша тәмамдады. Бүгінгі таңда біздің орталықта жұмыс істейді. Одан кейінгі қызымыз мектепті алтынға, университетті үздік бітірді. Үшінші қыз Шымкент қаласында экология мамандығы бойынша білім алып жатыр. Әкеміздің принципі балаларды алысқа жібермей, көз алдында өсіргенді жөн кереді. Қыздары да жанында жүргені сондықтан. Ағайын болғандықтан бірлігіміз мығым, бір бірімізге шәй дескен кезіміз жоқ. Бөліп – жармай, бір өзеннің сағасындай, бір қолдың саласындай ынтымақпен өмір сүріп келеміз! Әкеміз қазір зейнет жасында, анамыз екі жылдан соң зейнеткерлік демалысқа шығады деп отырмыз. Әкем кітапқұмар кісі. Маған тартқан Бота ғана болды. Кітапты жақсы көреді. Ботаның артықшылығы қазақша-орысша оқиды. Мен тек қазақша оқимын деп айтып отырады. Қамқоршымыз қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» жырын, «Абай жолын» жатқа біледі. Ол кісі шежіре мен тарихты қозғаған кезде тұнып тұрған энциклопедия екенін түйсінемін. Кез келген тақырыпта әкемнен кеңес алып отырамын. Әңгімелері басшылық қызметте көп көмегін тигізді. Әр кезде әділ бол деп отырады. Ал барған жерім өте қарапайым, адал адамдар. Үйде келіндердің үлкенімін. Жолдасым тоғыз ағайынды. Қайын сіңлілерім мен қайныларым ардақтап мен дәу мама деп атайды. Өскен, өнген үлкен әулет болдық. Барлығымыздың басымыз қосылса 700-800-дей адам боламыз.
Кәсіпорында кадрлармен жұмыс істеу ұйымдастыру оңай емес екені белгілі.
- Үлкен ұжымды басқара жүріп қандай ой түйдіңіз? Түрлі мінездегі адамды бір арнада тоғыстыру қиын ба?
- Кәсіп бастау деген талант пен еңбектің ұштасқан жері. Адам өзі жасап жатқан жұмысын сүю керек. Ақша табатын қазан ретінде көрмей, сол адамдардың жағдайына кіру керек. Қазір қоластымда 200-ге тарта жұмысшы бар. Жұмыс көбейген кезде қосымша адамдарды тартамыз. Ал ораза кезінде 500-ге жуықтайды. Бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Басшы көп төлеп жатырмын деп, ал қызметкер аз алып жатырмын деп ойлайды. Ол өмір заңдылығы екен. Жұмыскердің көңілін табамын деп зыр жүгіріп, құрақ ұшсам сенің адал көңіліңді өзінің жеке мүддесі үшін пайдаланып кетеді. Бизнестің алғашқы алғашқы салымын салған інім болды. Әу басында жағдайым қиын деген адамдарға көмектесіп, алдағы айлардың айлығын алдын ала берген кезім көп болды. Сонда мейрамхананың басқарушысы болып істейтін Ұшқын деген азамат: «Бота, сен бекер жасайсың. Бұрын жоғары білімі бар, қағаздағы штраф саламын деген сөзді қағаздан оқып уайымдайтын адамдармен жұмыс жасағансың. Ал бұл кісілер ондай адамдар емес. Бұлар өмірден шаршаған адамдар. Бәрінің өмірінде проблема бар. Жағдайы дұрыс болса осы айлыққа келіп ыдыс, еден жумайды ғой. Ол адамның өмірге реніші бар. Сенің дұрыс емес деген сөзіңді олар көтере алмайды. Олардың өз тілі бар. Ұжыммен сөйлесудің өзіндік тәртібі болады. Керемет адамдармен жұмыс жасаймын деп ойлама. Сенің қол астыңда жұмыс істеп жатқандардың 80 пайызының дипломы жоқ. Орта көріп, керемет жерде жүрген жоқ. Айналаңдағылар өмірмен күресіп жүрген адамдар. Мұндай жандарға ақылыңның, білгіштігіңнің қажеті шамалы. Сондықтан олармен дұрыс қарым-қатынас орнату жағын қарастыр» деп айттты. Ұшқын аға қазір менің аудармашым сияқты. Менің сөзімді қоластымдағы адамдарға түсінікті қылып жеткізеді. Осы бизнесті бастағанда штатқа алатын қызметкерлерді алар кезде ыдыс жууға, еден тазалауға адамдар келер ме екен деп алаң көңілмен көп ойландым. Ал хабарландыру берген соң жұмыс іздеп келген жандардың арасында «мен әкімші болайын, мен бухгалтер болайын» деп келген адам таппадым. Бәрі де еден, ыдыс жуу, картошка, сарымсақ аршу сияқты қара жұмыс істегісі келеді екен. Мен осындай әлеуметтік топты көріп таң қалдым. Ұшқын ағай айтпақшы, бұрын ылғи зиялы, әлеуметтік жағдайы жоғары адамдардың арасында жүріп, сондай жандармен ғана араласып келген екенмін. Жұмыс бастаған соң мен өмірді басқа қырынан көре бастадым. Біз бұрындары қаламның ұшымен нан тауып келіппіз, түсінгенім қара жұмыспен де күнелтіп жүрген жандар көп екен. Осы кәсіпке келмей тұрып алдымызға келген астың қандай жолмен дайындалатынын білген жоқпыз. Асханада жүрген әрбір қызметкермен жеке тілдессеңіз өмірдің құпиясына көзіңіз жете түседі. Бірде жұмыста жүріп мынадай әңгімені құлағым шалып қалды. Жұмыстағы екі қызметкеріп сөйлесіп тұр екен. Біреуі тұрып, «қазір Ботадан 200 мың теңге ақша сұрасам ба екен» деді. Әріптесі «оны не істейсің» деп сұрағанда «білмеймін, ол сұраған адамның бәріне бере береді екен ғой» деген әңгіменің ұшығын шығарды. Осы әңгімені естігеннен кейін дереу ойланып, оларға балық емес, қармақ беру керек деген шешімге келдім. Содан кейін шұғыл жағдайлар болмаса материалдық көмек көрсетуді тоқтатуға тура келді. Көп ұзамай жақындарыммен ақылдаса келе кәсіподақ құрдым. Қызметкерлер айлығының бір пайызын кәсіподаққа жинаймыз. Ол қаржыны жұмыскерлердің игілігіне жұмсаймыз деген тоқтамға келдік. Бұл қаражаттың үстіне өз тарапымнан да ақша қосып беремін. Үйленген жастарға жүз мыңнан бір рет жәрдемақы төлейтін болдық. Сондай-ақ тұрмыстық жағдайы нашар немесе дипломы жоқ жастарды оқытуға арналған жобаны қолға алдық. Студенттеріміз оқуын оқып жатыр. Жұмыс күні сабақ оқитын жағдайда бір күндік еңбекақысы қиылмай толық түсіп отырады. Десек те үмітті ақтамай, не жұмысқа келмей,не сабаққа бармай жүретін жастар да кездесіп қалды. Осыдан кейін мен өресі жетпейтін жастарды қинап жатырмын ба деген ойға келіп отырмын. Дегенмен үлкен жауапкершілікті мойыныма алған соң жастардың диплом алып шығуы үшін ұдайы қадағалап отырамын. Ізденімпаз, білімге құштар жастар баршылық. Бұл жұмыс мені жауапкершілікке, сабырлы болуға үйретті.
- Кәсіпті бастау оңай емес екені белгілі. Бастаған соң оны жүргізу де шыдамдылықты, төзімді қажет етері анық. Сіздің бизнестегі жолыңызда қандай кедергілер жолықты?
- Мейрамхана болғаннан кейін белгілі бір ғимарат керек. Ғимаратта алған соң жөндеу жұмыстары жасалуы тиіс. Оның әсемдігі әрі жайлылығы, қызмет көрсету ісі, тамағыңның дәмді болуы, қызметкерлерді ұстап отыру - басты назарда. Осының бәрін жүзеге асыру үшін нысан керек. Нысанды қаладан оңайлықпен таба алмасыңыз анық. Мен ресторан бизнесі туралы сабақ алып жүрген бір маман «ас үйден шығып жатқан әр тағам шығын, ол сенің арендаң мен ішіп жеміңе ғана кетеді. Бардан түсетін пайда сенің таза пайдаң» деген болатын. Бізде бар жоқ әрі халал стандартын алған кәсіпорынбыз. Ұннан бастап өзге де тағамдардың арнайы сертификаты болу керек. Оның ішінде адам ағзасына зиян келтіретін бір нәрсе болмауы тиіс. Осы қағиданы ұстап тұру, баланс жасау өте ауыр жұмыс. Менің бұл кәсіпті бастағандағы үш жылымның қалай өткені есімде жоқ. Таңның атысынан күннің батысына дейін жұмысты ойлап, уайымдап жүрдік. Жұмыстың жүруіне аренда да қатты әсер етеді. Себебі тапқан табысымыздың көп бөлігі соған кетеді. Одан бөлек күндлікті тапсырысыңыз бар. Қалған ақшаң коммуналдық төлемдер, айлық беруге жұмсалады. Одан қалған ақша ғана саған тиесілі болмақ. Сонымен қатар ас үй жабдықтары істен шығып қалса оған қаражат жұмсайсыз. Бітпейтін тіршілік біздің орталықта жалғаса абереді. Кейде қызметкерлерім клиенттер көңілімізге тиді деп реніш білдіріп жатады. Мен ол кезде әріптестеріме осындай қызмет сферасын таңдап алған соң көніңдер деймін. Біз біле білсеңдер осы қоғамның келініміз деп айтып отырам. Кадр тапшылығы да кәсіптің алға жүруіне қолбайлау болады. Біздің азаматтар ресторан бизнесін уақытша қызмет деп түсінеді. Официант болуға арланады. Даяшы болған жастарға да біздің қоғам менсінбеушілікпен қарайды. Енді кедергі жайындағы сауалыңызға өмірімде кездескен бір жайтпен жауап беріп кетсем...
Біздің ресторан Елордадағы цирк ғимаратында болған еді. 860 шаршы метрлік нысанды тендермен алдық. Жөндеу көрмей, қараусыз жатқан мекемені ресторанға айналдыруға қаншама ақша жұмсалды. Арнайы Қытайдан мебельдік заттар әкеліп жөндеу жұмыстарын жасадық. Себебі халық үшін ыңғайлылық, жайлы орта құрғым келді. Неге халалды көпшілік асхана ретінде көруі керек, неліктен ресторан болмайды деген оймен нысанды дайындап қойдық. Басында адам аз болғанымен кейін келушілер саны көбейе түсті. Сол жерде мен деген айтулы азаматтар дастарханнан дәм татты. Ресторанды қалыптастырып, үш жылдан асқанда әкімшілік СПК-ға өткізіпті. Менің келісімшартым бойынша екі жылым бар еді. Әкімшіліктен шарт аясында екі жыл отыруға рұқсат беруін сұрадым. Себебі ресторанның тұрақты келушілері қалыптасып, географиялық жағынан жақсы жерде орнығып қалған болатын. Егер көшіп кетсем клиент жоғалтамын және көшудің өзі қаншама қаржыны қажет ететінін айттым. Нысанды шектік мерзіміне дейін пайдалану үшін көптеген жерге барып көмек сұрады. Бірақ өкінішке қарай бұл әрекетімнен ешқандай нәтиже шықпады. Маусымда басталған әңгіме жыл аяғына дейін сиырқұйымшақтана созылып қаңтар айында басқа жаққа көшуге мәжбүр болдым. Ресторанға қойылған жабдықтардың бәрі қақаған аязда жарамсыз болып қалды. Жаңа орынға көшуімнің өзіне 10-12 миллион шамасында ақша кетті. «Орнында бар оңалар» дейді, қазір жұмыстар ретімен жүзеге асып келеді.
Көрнекі фото: Kathyfang.com
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.