Киік мүйізі Қытай мен Ресейге жөнелтіледі

Қазақстанның батыс өңіріндегі киік санын реттеу бойынша заң енгізілсе, бұл ең алдымен браконьерлікті өршітуі мүмкін. Бұл туралы зоология институтына қарасты биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Константин Плахов Nationalgeographic.kz-ке берген болжамында айтты.
«2011-2018 жылдар аралығында Қазақстан аумағында киіктің 13 545 мүйізі тәркіленген. Бұл дегеніміз – 6 772,5 жұп. Осы аралықта 1 520 киіктің өлексесі анықталды. Сонда бір киікке 4,46 жұптан келеді. Киіктерді заңсыз аулау салдарынан мемлекетке келтірілген залалды 2018 жылдың өлшемдері мен көлеміне сәйкес бағаласақ, 18 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды екен! – дейді Константин Плахов».
Бұл көрсеткіш 2018-2019 жж жүргізілген зерттеудің нәтижесі бойынша анықталған. Мұның бәрі Қазақстанның халықаралық ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар екенін көрсетеді. Киік мүйізін сатумен айналысатын халықаралық ұйымдасқан топтар киік мүйіздерін бір елден екінші елге ғана емес, бірнеше елдің шекарасын қиып өтуге тырысады. Мәселен, Қазақстанның мүйіздері Қытай мен Ресейге тасымалданса, Қазақстан арқылы Ресей және Өзбекстан сияқты елдерден келген киік мүйіздері өзге елдерге жеткізіледі. Яғни, Қазақстан тек киік мүйізін сыртқа шығарып қана қоймай, контрабандалық тауарларды өткізуге де атсалысады.
Плахов контрабандалық жолмен тасылатын киік мүйіздерінің негізгі бөлігі Қытайға тасымалданатынын айтады. Ал, екінші орында Ресей тұр.
«Контрабандалық жолмен сыртқа кететін киік мүйіздері негізінен төрт бағыт бойынша шығарылатыны белгілі. Оның негізгі үлесін Қазақстан – Қытай бағыты құрап отыр. Сыртқа шығарылатын мүйіздердің 71,1 пайызы осы бағыт арқылы өтеді. Одан кейінгі орында Қазақстан – Ресей бағыты тұр. Оның үлесі – 22,8 пайыз. Ресейден Қазақстан аумағы арқылы заңсыз тасымалданатын жағдайлар да арагідік тіркеледі – 5,1 пайыз. Мүйіздерді Өзбекстаннан Ресейге жеткізу үшін Қазақстан территориясын пайдалану фактілері де жоқ емес (1 пайыз). ...Меніңше, киіктердің санын реттеуге қатысты қоғамдағы қазіргі дау браконьерлердің тәбетін ашып жіберуі мүмкін», – дейді ғалым.
Киік мүйіздері тек транзиттеу кезінде тәркіленеді – 70,9%. Бұл деген сөз, киікті атып, оны сойып, мүйізін жинап болғанға дейінгі процесті ашу көрсеткіші өте төмен деген сөз, бір сөзбен айтқанда, киік қорғалмайды. Броконьерлер бір мүмкіндікпен 5-7 мың мүйізді шетел асырып жіберуге тырысады. Ал, осынша мүйізді жинау үшін қанша киіктің харап болатынын ойлай беріңіз.

Самое читаемое
