Көктемде тасқын, қыста көшкін – құтқарушылардың өмірі
Malim.kz тілшісі жыл он екі ай әртүрлі апатты жағдайда Алматы тұрғындарының жанынан табылатын 109 құтқару қызметінің өкілдерімен тілдесіп қайтты.
Апаттық жағдайдан құтқару қызметі басшысының орынбасары Самат Серғазинов бұл жұмысқа әскерден кейін келген. 20 жылдық қызметі кезінде жұмыс ауыстыру туралы ойы болғанын айтады. Оның бұл қызметте қалуына бір ғана себеп бар екен.
«Адамдарға көмек көрсеткім келеді. Әртүрлі жағдайдағы адамдарды көріп, соларға көмегің тиіп, алғыс алған кезде өзіңді жақсы сезінесің. Басты себеп осы. Оның үстіне бұл жұмыста әртүрлі жерге барасың, тауға шығып, суда да жүзесің», - дейді ол.
Құтқару бөліміндегі қызметкерлер тәулік бойы ауысыммен жұмыс істейді. Бір ауысымда 26 адам: 21 құтқарушы, 4 көлік жүргізушісі және 1 медицина қызметкері бар. Самат кезекші топтарды бақылап, жұмыстарын реттеп отырады. Оның сөзінше, күнделікті қала ішінде болатын жағдайлар қалыпты өмірге айналған. Яғни жабылып қалған есікті ашып, су басып қалғанда, оны сорғылау, құлаған ағаштарды алып кету, жол көлік оқиғаларына бару – әдеттегі жағдай болса, тауда жоғалған адамды құтқару – мүлде басқа жағдай екен. Жоғалған адамды іздеуге 4-5 күн уақыт кетуі мүмкін.
«Құтқарушыларға арнап, психолог сабақ өткізіп тұрады. Жол көлік оқиғасына немесе басқа жағдайға барып, мәйіт шығарғанда, қан көргенде, ол жігіттермен міндетті түрде психолог сөйлеседі. Бірақ ондай апаттарға тәжірибесі бар адамдарды жібереміз. Жаңадан келген адам бірден қан көре алмайды. Көтере алмай жататындар да бар. Өз еркімен жұмыстан кетеді олар. Қиын жұмыс қой, жүйке сыр береді. Көктем-күзде сумен алысамыз, қыс пен жазда адам іздейміз. Жыл 12 ай қарбалас», - дейді ол.
Құтқарушы әмбебап болуы керегін түсіндік. Себебі ол түрлі құралдармен жұмыс істейді. Қыста ағаш құлаған жағдайда оны кесу үшін арнайы бірнеше ара түрлері бар. Немесе жол апаты мен ғимараттар құлаған кезде темір мен бетонды кесетін тағы бір құрал түрі бар. Электр жарығы жоқ болса, арнайы генераторды жалғай білу керек. Қар астында қалған адамды құтқару үшін оны абайлап, адамға зақым келтірмей қазу керек. Іздеу кезінде шаңғы мен қар үстінде жүретін көлікпен жүруі керек. Су басу кезінде қайықты басқарып, суды сорғылайды. Өрт немесе басқа да апат кезінде улы газдар бөлінгенде олардан өзін және өзгелерді қорғай білуі керек. Саматтың сөзінше, құтқарушыларда «мен мұны істей алмаймын, ол жаққа бара алмаймын» деген сөз жоқ. «Шақырту қай жерден келсе, сол жаққа бару керек». Жұмыстың жауапкершілігіне қарай, мұнда қызметке тұру үшін де тыңғылықты дайындалу керек.
«Құтқарушы болу үшін медициналық тексеруден өту керек. Физикалық, психикалық дайындығын тексереміз. Егер бәрі дұрыс болып, жұмысқа келсе, өзіміз осы жерде тағы оқытамыз. Әртүрлі құрылғылармен жұмыс істеу ережесін үйретеміз. Осының бәрін үйреніп болғаннан кейін тағы бір емтиханнан өтеді. Емтиханнан өткенге дейін ешқандай жұмысқа араласпайды, тек бақылап жүреді. Жұмысқа кіргеннен кейін 3 жылда бір рет норматив тапсырады. 3 жыл сайын санатын жоғарлата алады: 3-санат, 2-санат, 1-санат. Халықаралық дәреже деген бар, оны біз бермейміз, оны Төтенше жағдай министрлігінен өту керек. Көбіне құтқару қызметіне ер адамдар келеді. Әйел адамдар да келе алады. Бөліну деген жоқ. Алайда бұл физикалық жұмыс. Кез келген жерде ауыр жүк көтеріп, ағын судың ортасында жүру керек. Сондықтан көбіне ер адамдар келеді жұмысқа. Әйелдер құтқарушы бола алмайды деген қате түсінік», - дейді ол.
Оксана Меркулованың құтқару қызметінде жұмыс істеп жүргеніне 15 жыл болған. Ол диспетчерлік кезекші төрт бөлімнің бірінің жетекшісі. Қарамағында алты адам бар. Қазақ Бас сәулет құрылыс академиясын бітіре салып, осы жерге жұмысқа тұрған. Айтуынша, ешқашан жұмыс ауыстыруды ойламаған.
«Біз қиын жағдайда қалған шарасыз адамдарға көмектесеміз. Менің қызметім қоғам үшін маңызды екенін білемін. Сондықтан жұмыс ауыстыруым керек деп ойлаған емеспін», - дейді ол.
Оксана шақырту түрлері туралы айтып берді. Қаланың ішінде әсіресе өз үйлеріне кіре алмай қалған адамдар көп хабарласады екен. 101, 102, 103, 104 қызметтері де шұғыл шақырту болған кезде есік бекітулі болса, құтқарушыларға хабарласады. 109 қызметі аталған қызмет түрлерінің барлығына көмекке барады. 101 өрт кезінде аумақты қоршауға шақырса, 103 өздігінен жүре алмайтын ауру адамдарды жедел жәрдем көлігіне көтеріп жеткізу үшін шақырады. 102 табылған мәйітті алып шығудан қиналса, жол көлік апаты кезінде көлік ішінде адам қалып қойса, 104 тұрғындар газды өшіруді ұмытып кеткен жағдайда шақырады.
«Бұрын 109 деген нөмір анықта бөлімінің нөмірі болатын. Сондықтан кейде шатасып, хабарласып жатады. Біз оларға да керекті нөмірін тауып береміз. Басты міндетіміз келіп түскен қоңырауды қабылдап, жылдам көмек беру ғой. Одан бөлек, үйлерінде су, жылу, электр жарығы өшіп қалса бізден сұрайды. Өзімізде бар ақпаратпен бөлісіп, себебін түсіндіреміз. Шарасыз болғандықтан, көп адамдар қатты дауыс көтеріп, әртүрлі сөздер айтып жатады. Біз бәрін байыппен қабылдап, адамды сабырға шақырып, бәрін мұқият тыңдаймыз. Егер диспетчер жауап беруге қиналса, мен жауап беремін», - дейді ол.
Оксана осы қызметке келгелі суицид жасауға тырысқан 10 шақты адамға көмек көрсетілгенін айтады. Тұрғын үй шатырына шығып, секіруге ұмтылған адамдар көбейген. Құтқарушылар оларды шатырдан түсіру үшін тілдесіп, психолог келгенше, оның қызметін атқарып та кетеді.
«Күн жылы кезде болу керек. Ақкентте кешкі уақытта тұрғындар көрші үйде терезе жақтауында 3 жасар баланың тұрғанын көреді. Ата-анасы үйге жалғыз тастап кеткен, ол терезеден шығып, кішкентай ғана жақтауда тұрған. Бір аттаса, төмен қарай құлайды. Тура сол жақта бір бөлім жұмыс істеп жатқан, соларды жібердік. Үйдің есігін бұзып кіріп, баланы құтқарып қалды. Осындай жағдайлар күш-қуат береді», - дейді ол.
Құтқарушылар үшін ең көп жұмыс күз бен көктем айларында. Алматыдағы қар еріп, жаңбыр жауып тұрған кезде, су басып, ағаш құлап жатады. Оксананың сөзінше, бұрын адамдар тек жазда тау ішінде жоғалып кететін. Қазір жаппай, тіпті кейде алдын ала ескертулерге қарамай, тауға шығып кетеді, сондықтан, жыл он екі ай таудан адам іздеуге тура келеді. Құтқарушылар тау мен тасты аралап жүргенде, диспетчерлер бір орыннан қозғалмай, оларға хабар беріп отыруы керек.
«Кез келген адам диспетчер бола алады. Тек шыдай білсе болғаны. Жұмыстың қиын екені рас, себебі әртүрлі жағдайдағы адамдар хабарласады. Бір күн бойы адамдарға көмектесу үшін бір орыннан қозғалмай, телефонда отыру керек. Әр адамның реакциясы, сөйлеуі, өзін-өзі ұстауы әртүрлі, олардың бәрімен бірдей тіл табысу да қиын. Меніңше, бұл жерде адамдарға көмек көрсеткісі келетіндер жұмыс істейді», - дейді Оксана.
Тауда немесе басқа апаттар кезінде жоғалған адамдарды іздеу үшін арнайы жасақ бар. Ол кинология бөлімі. Ішкі істер басқармасында қызмет етіп, зейнетке шыққаннан кейін құтқару қызметіне ауысқан құтқарушы Дәулет Тергеусізов кинологтардың қызметі жайлы айтып берді.
«Иттерді баптап, солармен бірге қызмет жасаймыз. Біздің саламыз жоғалған адамдарға дереу көмектесу. Тауда немесе үйінді астында қалған адамды іздеу жұмыстарына қатысамыз. Ит адамның иісімен іздеп тауып, сол жерге белгі қоямыз. Қазып, адамды шығару құтқарушылардың жұмысы. Бізде 5 кинолог бар. Әрқайсысында бір-бір иттен бекітілген. Негізі алты итіміз бар. Кезекші бөлімге 24 сағатқа түседі. Әр дүйсенбі мен бейсенбі күндері жиналып иттерді баптаймыз. Иттің тығылып, іздеу қабілетін әр күн сайын тексеріп қоямыз», - дейді ол.
Иттерді мемлекеттік сатып алу арқылы алады. Құтқару қызметі негізінен малинуа (Бельгия овчаркасы) алынады. Себебі олар басқа құтқарушы иттермен мысалы, лабрадор немесе неміс овчаркасымен салыстырғанда қабілетті, шағын әрі жылдам. Иттерді 9 аймен 18 айдың арасында қызметке алады. Таңдау ережелері бойынша жасы, есту, иіс сезу мен ойын қабілеттеріне мән беру керек. Жаңа келген итке 10 иіс беріліп, соның кем дегенде 7-8-ін тапса, ары қарай дайындай беруге болады. Иттер жыл сайын аттестациядан өтіп, оқу-жаттығуға қатысады.
«Бізде оқу-жаттығу болған кезде 2 гектар жерге 5 адамды тығып қояды. Соларды іздеп табуға жарты сағат уақыт береді. Жарты сағатта екі адамды тапса орташа, үш адамды тапса жақсы, төрт адамды тапса тамаша деп бағаланады», - дейді ол.
Құтқару қызметі кез келген аумаққа шығуға ыңғайлы болу үшін қаланың қақ ортасында орналасқан. Үлкен Алматы тау шатқалы мен Кіші Алматы тау шатқалында екі кезекші бригада отырады. Кинологтар мен оларға бекітілген иттер көршілердің арызынан кейін қала сыртына көшкен.