Сапарбаев бесағаштықтарды шұңқырда қалдырды

  • 04.11.2021

Жамбыл облысы Жамбыл ауданындағы Бесағаш  ауылының тұрғындары жуырда ғана ойпырмай, елбасының сөзі де рас, президенттің ісі де рас, мемлекеттің еститіні де рас екен дескен. Оған дейін олар мүлдем басқаша ойлап келген-ді. Бүгінде бұрынғы қалыптарына қайта оралып жатыр. Былай қарасаңыз, көптен бері сұрағандарын құдай естіп, тілеулерін Бердібек Сапарбаевтың өзі бергендей еді. Бірақ, атқарған қызметінен жаңғырығы жер жаратын жарнамасы үнемі озып кете беретін облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың атқамінерлерінің тірлігінен шошып отырған жайлары бар. Сондағысы бәлкім, шенеуніктер мен тендер жеңімпазы үшін болмайтын іс. Ал ауыл тұрғындары үшін өмір мен өлімнің ортасы- шұңқыр боп тұр.   

Ауыл ішіндегі су құбырларын ауыстыру жұмыстары ұзаққа созылып,  тұрғындарды әбден әбігер қылған. Көлік жүргізушілерді титықтатып, балаларға қауіпті апанға айналған.  

Бесағаш ауылы аудан орталығына қарағанда, облыс орталығы Таразға тиіп тұр. Бірақ біз тұрғындарға барар жолда адасып, қала сыртында енді салынып жатқан тұрғын үйлерді айналшықтап кеттік. Қоғам белсендісі Абай Жүндібаев бастаған бірнеше ауыл тұрғындары: «Сендер де билік сияқты боп кеттіңдер ме?» - деп, кешіккенімізге, айтқан уақытында келмегенімізге  реніш білдірді.

Абай Жүндібаев, Бесағаш ауылының тұрғыны:

­– Осылай ашық жатқанына екі аптадан асты. Күзгі жауын-шашыннан соң көшеміз лайға толды. Кеш батып келеді. Көшемізде жарық жоқ. Оны қоя тұрайықшы! Бізге кәріз құбыры қарастырылмаған дейді. Аудан әкіміне кіріп бұл әңгімені айтқанбыз. «Кәріз құбырын жасамасаңдар, дамыған 30 елдің қатарына қалай кіресіңдер?», - дедім. Біз жақта ылғал тым жоғары. Көшеміздің бәрін қазып тастады. Бірде бастығын [жұмысшылардың] ұстап алдым. «Інім, құбырды салғаннан кейін неге жауып кетпейсіңдер? Әлде бәрін қазып кете беру керек пе?»-деп сұрадым. Экскаваторлары болса, тоқтамай қаза беретін сияқты. Бала құлап мертігіп кетсе не істейді? Бір көшені бітірген соң, келесі көшені бастамай жатып бітірмей ме? Асфальттың бетіне саз топырақтар үйіліп қалды. Жолдың бетін жуып немесе қыруға болады ғой. Жолдардың да тас талқаны шықты. Өзі совет үкіметінен қалған жол еді. Енді қар түссе қиын болады. Ауылымызда дәріхана да жоқ. Қалаға сандалуға тура келеді. Су соратын сорғы станциясы ауылда бар еді. Оны да әкім сатып жіберген. Әкім қаралар ауылға келіп көздерін салмайды. Құжаттардың қабылдану актісіне қол қоятын солар. Халықтың жағдайын ойламай ма? Жемқорлық жайлаған заманда бәрін бір қолмен шешеді. Халықтың жағдайына қарау керек қой! Бар жұмыс алдымен халыққа ыңғайлы ма, зардабы тимей ме деп неге ойламайды? Шұңқырды қазып, құбырды ауыстырып, оны көміп, артынан жолды тегістей салса, істің бәрі ретімен жүріп, елдің берекесін кетірмес еді ғой. Ал бізде бәрі керісінше. Қалай болса да халықты зарлату, қорлау үшін жасалатындай. Әйтпесе, құбырын дереу ауыстырмас болса, шұңғырды неге қазады? Тапсырыс орындаушының жұмысты толық істеуге шамасы жетпесе, оған неге тендер береді? Ал енді, міне қараңыз? Ауылдың ішін опырып-опырып қазып кетті. Заң бойынша, жол үстіндегі үйілген мына топыраққа көлік соқтықпас үшін арнайы белгі қойып, қоршауы керек. Қауіпсіздік ережелері де сақталмаған. Ауыздарының бәрі ашық. Елдің малын қойшы, бала түсіп кетсе не болады, сонда? Ауылда 80-нен асқан кемпір бар еді. 10 күндей байқұс үйінен шыға алмай қалды. Қақпасының алдың көметін ешкім жоқ.

Бұған қандай мердігер компания жауапты? Жұмыстың аяқталмағанына қандай уәж айтуда?

– Бәрімізді әбігерге салған алматылық «Кольца и Строй» компаниясы. Бірақ жұмысшылары өзіміздің жамбылдықтар. «Материалдарымыз жоқ» деп жатыр. Мына жерге ешқандай да материалдың керегі жоқ. Экскаватор мен бір жүк көлігі болса жеткілікті. Қақпақтарын жауып, көшені тазалап берсе бітті ғой. Суды үйге толықтай кіргізу, ендігі жылдың желтоқсан айында дейді. Сонда бір жыл бұрын мына шұңқырды несіне қазды?

Күздің суық желі үдей түсті. Сәт сайын екпіндетіп барады. Ауыл тұрғындары оны елеп тұрған жоқ. Айтарларын қалдырмай, айтып қалғылары келетіндей.

– Бізде бір метрден су шығып кетеді. Жауын жауғанда лай болып кеткен. Тіпті сыртқы есіктерді де аша алмай қалдық қой. Ауылдың бәрін қазбаса да, біраз көшелерді қазып тастаған. Аралап көріңіздер, – дейді Сәкен Тайтөлиев.

– Біз қақпамыздың алдын өзіміз тегістеп шықтық. Біздің жасымыздағылар тегістеген соң, олардың техникасы бес тиынға да жарамайды ғой онда, – деп зейнеткер Тенеш Утегенова өз ренішін білдірді.

Сәбит баба көшесіне қарағанда Мұхтар Әуезов көшесіндегі шұңқырлар өте көп. Кешқұрым жайылымнан малдарын күткен тұрғындар, ауылды айналдыра суретке түсірген мына бізді жат санады.

– Кімсіңдер, ей? Не істеп жүрсіңдер?

–  Журналист! Журналистпіз!..

–  Ааа, Аямай жаз онда! Атасының ... Менің немерем мектепалды даярлыққа барады. Осы шұқырға өткенде құлап кеткен. Үйден жүгіріп шықсам, шыңғырып жатыр. Басында ары-бері қарап таппаймын. Тура осы жерге түсіпті. Енді арғысынан қорқып отырмыз. Ол ұзына бойы ашық. Немерелеріміз көп. Қазір интернет журналистиканың заманы ғой. Газеттердің жағдайын білеміз. Осыны жазсаңдар, әкімнің, президенттің өзі оқысын! –  деп Тәттібек Келгенбаев бізді шығарып салды.

Бесағаш ауылының тұрғындары ауылға шұңқыр қазылғаннан бастап мазалары кеткенін айтады. Әлбетте, жергілікті шенеуніктердің шағымдарына құлақ асып, сан жылға сағыздай созған уәделерінде тұрып, бюджеттен қаржы бөлдіріп, таза ауыз су бағдарламасын тастай ғып орындау үшін істі бастағандарына риза болып, елбасының сөзі, президенттің ісі, облыс әкімінің әрекеті рас екен ғой дескен. Алайда, тендер ұтып алған компанияның, оның ісін қадағаламайтын жергілікті әкімдіктің ісінен кейін, шіріген құбырдан су ішкен уайымсыз-қайғысыз күндеріне зар болып қалған. Бұл жерде мердігер компанияның уәжі  мен сылтауы материалдың жоқтығы қытай шекарасының жабық тұрғанына, жабық тұруының себебіне үкіметтің тиімсіз ісі екені айтпаса да түсінікті.

Дегенмен, бізде бір нәрсе анық сияқты. Біздің шенділер не істесе де елдің ығырын шығарып, шашын ағартуға шебер. Әйтпесе, ың-шыңсыз атқара салатын оңай тірлік осы емес пе!

Қайрылда МАЖЫРАҰЛЫ