Сарыағашта екі ауылға әкім сайланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында айтылғандай, биылдан бастап мемлекетімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өткізіле бастады. Айта кетейік, елімізде халықтың 40 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұрады. Сондықтан, бұл науқанның реформаларды табысты жүзеге асыруда маңызы зор.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында бұл туралы: «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі азаматтық диалогты дамыту ісіне тың серпін берді. Кеңес еліміздегі жалпыұлттық диалог үдерісін орнықтырып, өз миссиясын орындады. Соның нәтижесінде саяси реформалар топтамасы жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» демократиялық тұрғыдан мүлде жаңа заң қабылданды. «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, Қылмыстық кодекстің 130-шы бабын қылмыс санатынан алып тастау және 174-ші бабын ізгілендіру үшін өзгерістер қабылданды. Жұмысты сапалы әрі жедел атқарғаны үшін Парламентке ризашылығымды білдіремін.
Бұл – саяси саладағы реформаларымыздың бастамасы ғана. Оны жаңғырту ісі жалғаса береді. Мемлекеттік биліктің барлық дерлік институттарын реформалау керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру. Егер азаматтарымыздың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн. Алдағы саяси реформалардың барлығы халықты мемлекет басқару ісіне кеңінен қатыстыруға бағытталуы керек. Мысалы, қоғамдық пікір сауалнамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн. Мұндай жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты білуіміз керек. Алайда, бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын.
Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет. Аса маңызды мәселенің бірі – аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұл ретте, «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек. Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі, бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді.
Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн» -- деген болатын.
Президенттің Жолдауынан кейін елімізде ауыл азаматтары ауыл әкімін өздері тікелей сайлауға мүмкіндік алды. Айталық, 2023 жылдың 14 мамырында Сарыағаш ауданының Дербісек және Жарты төбе ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтті. Нәтижесінде кандидаттар арасында Артықбай Дәулет Сабырұлы басым дауыс жинап, Сарыағаш аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен Дербісек ауылдық округінің, Аширов Абай Зайдинұлы Жарты төбе ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Сарыағаш аудандық аумақтық комиссиясының төрағасы А.Жұмасай ауылдық округтердің әкімдеріне қызметік куәліктерін табыстады.
Айта кетейік, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімі лауазымына соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық бойынша сотталғандар кандидат бола алмайды. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырады.
Әрбір саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады.
Ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды және оны дереу аудандық аумақтық сайлау комиссиясына сайлау материалдарымен бірге тапсырады. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын жинаған кандидат ауылдық округ әкімі болып сайланды деп есептеледі.
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.