Саяси өзгерістер болмай, іс алға баспайтынын қоғам түсінді

Malim Админ

  • 10.12.2023

Соңғы екі жылдан астам уақыт ішінде елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асты. Маңызды шешімдер қабылданып жатыр. Ал оның аймақтарға әсері қалай? Ел қалай қабылдады? Түркістан өңірінде қандай өзгерістер болды? Осы төңіректегі сауалдарды  Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бахыт Басымбекке қойған едік.

– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде саяси реформалар жүріп жатыр. Референдум, Жолдаудағы саяси міндеттерді Түркістан халқы қалай қабылдады?  Ел пікірі қандай?

– Дұрыс айтасыз. Соңғы 2-3 көлемінде мемлекетімізде ауқымды өзгеріс болып жатыр. Оны қоғам біліп, көріп отыр. Солардың арасында ең маңыздысы әрі реформаларға бастамашысы – бүкілхалықтық референдум. 2022 жылы өткізілген бұл саяси науқанға Түркістан өңірінің тұрғындары белсене атсалысты. Өзім де түсіндіру жұмыстарына үлес қосып, бұл бастаманың мәнін ұғындыруға үлес қостым. Түркістан облысында арнайы қоғамдық штаб құрылып, барлық дерлік ауылдарда үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Халық бастаманы оң қабылдады. Себебі саяси өзгерістер болмай, іс алға баспайтынын қоғам түсінді. Нәтижесінде Түркістан облысында 1 миллионнан астам сайлаушының 80 пайыздан астамы референдумға қатысып, өз таңдауларын жасады. Конституциялық реформа нәтижесінде Ата Заңдағы 98 баптың 33-і өзгеретіні айтыллды.  Конституцияның 6-бабына «Жер және жер қойнауы – халықтың меншігі, байлығы» деген бап енгізілетіні туралы бастама да елдің оң көзқарасына ие болғаны анық.

– Референдумнан кейінгі заңдағы өзгерістерге көзқарасыңыз қандай?  Ол елдің дамуына серпін бере ме?

– Референдумның басты мәні – Заңға өзгеріс енгізу. Бұрын елдің дамуына кедергі келтіретін бірқатар бап өзгеріске ұшырап, жаңа идеялар ұсынылды. Референдумнан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үндеуінде «Референдум еліміздің тарихындағы маңызды белес болды. Ұлтымыздың шынайы өзгерістерге деген дайындығы мен ұйымшылдығын көрсетті. Дауыс беруге азаматтарымыздың белсенді қатысуы қоғамымыздың кемелдігі мен жауапкершілігін білдіреді. Сайлау учаскесіне келіп, елімізді жаңғырту бастамасын қолдағандардың бәріне алғыс айтамын. Ата заңға өзгерістер енгізу реформаларымыздың соңғы сатысын емес, енді басталғанын білдіреді. Біз елімізді жан-жақты жаңғыртуды жалғастырамыз. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институты қызметінің мейлінше тиімді моделін қалыптастырамыз. Олардың арасындағы үйлесім мен тепе-теңдік механизмін нығайтамыз. Дәйекті саяси жаңғыру ұлттық экономиканы дамытуға, ұлттық кәсіпкерлікті нығайтуға ықпал етеді. Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды. Біз кәсіпкерлердің бастамаларына қолдау көрсетіп, жекеменшікті сақтап, бәсекелестікті күшейтуіміз керек», деді. Экономиканы әртараптандыру, азаматтық қоғамды орнату, адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру бағытында жұмыс жүретінін айтты. Басым бөлігі жүзеге аса бастағанын көріп отырмыз. Мемлекетіміз суперпрезиденттік басқарудан бас тартты. Конституциялық реформалаудың нәтижесінде Президент 7 жылда бір рет сайланатын болып, Парламенттің пәрмені мен депутаттардың қызметі бекітіліп, Конституциялық сот құрылды. Менімше, бұл өзгерістердің бәрі азаматтық қоғамның дамуына серпін береді.

– Парламент және мәслихат депутаттарын сайлауда да өзгерістер болды.  Мажоритарлық жүйе енгізілді.  Жастар мен әйелдерге арнайы квота енгізілді. Сіздің ойыңызша осы өзгерістер жаңа тұлғаларға саясатқа жол ашты ма?

–  2023 жылы Сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне қатысты бірқатар жаңа өзгерістер күшіне енді. Президенттің саяси жаңғыру бағдарламасы аясында ауқымды істер атқарылды. Халқымыз жаңа бастамаларға, өзгерістерге сенім артты. Референдум Президент сайлауы, Сенат пен Мәжіліс сайлауы, әкімдер сайлауына ұласты. Азаматтардың саяси өмірге бұрынғыдан да белсене араласуына еркіндік берілді. Бірінші рет партиялармен бірге өзге де үміткерлер бір мандатты округ бойынша өзін-өзі депутаттыққа ұсынды. Депутаттардың сайлаушылар алдындағы жауапкершілігі көтеріліп, өзара диалог нығая түсті.  Мемлекет басшысы Конституцияға сәйкес, Парламент палаталарының төрағаларымен, Премьер-Министрмен кеңесіп, Мәжілісті тарату және мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтті.

«Өздеріңізге мәлім, мен былтыр күздегі Жолдауымда Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы осы жылдың бірінші жартысында болатынын жарияладым. Яғни, бұл бастама айтылған сәттен сайлауға дейін жарты жылдан астам уақыт өтеді. Тәуелсіздік жылдарында сайлауға дайындалу үшін кандидаттар мен саяси партияларға осыншама көп уақыт берілген емес», деді Мемлекет басшысы. Шынында да барлық партияға, үміткерге уақыт та, тең мүмкіндік те берілді. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланды. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша таңдалды. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтті. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден таңдалды. Депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді. Мұның бәрі саяси бәсекені күшейтіп қана қоймай, жас тұлғаларға жол ашты. Үміткерлер ақпараттық технологияларды кеңінен қолданды, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдаланды, ауылдарды аралап, халықпен тілідесті. Ұсыныстарын, өтініштерін тыңдады. Елді мекендердегі мәселелерді көзбен көрді. Бұл жұмысты дұрыс жоспарлауға серпін береді. Міне, осы процестерден өткен депутаттар, әріптестеріміз өз округтеріндегі проблемаларды зерделеп, біліп келді. Бүгінде Түркістан облысында ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту бағытына баса назар аударылып жатыр. Біраз жылдар бұрын іске қосылып, құрылысы тоқтап қалған энергетикалық нысандар қайта жөнделді. Елді мекендерге газ берілуде. Ауыз су, жол, мектеп, медициналық нысандар салуға облыстық мәслихат та өз үлесін қосуда.  Облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есеге артып, 751 млрд. теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн. АҚШ долларын құрады. Облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 719-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4 пайызды құрады. Биыл қосымша 20 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 11 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде қамту деңгейі 88,6 пайызға жетеді деген болжам бар.  465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56 пайызды құрап отыр. Биыл 63 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 52 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Елді мекендердің 98 пайызы орталықтандырылған электр желісімен қамтылған. 5 жылда облыстың 214 елді мекені сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілсе, биыл қосымша 47 елді мекен қосылады деп жоспарланған.  Біз бұл жұмыстардың бәрін тұрақты бақылап, қаржының уақтылы бөлінуіне ықпал етудеміз. Жергілікті атқарушы органдармен облысты дамыту жұмыстары жалғасады. Депутат ретінде сайлаушылармен тұрақты кездесулер, қабылдаулар өткізілуде. Елдің ұсыныстары мен пікірлері біз үшін маңызды.

– Ауыл әкімдерін елдің тікелей сайлауына пікіріңіз қалай?

– Көзқарасым дұрыс. Ауылды дамыту, ауылда реформалар жүргізу, ауылға көңіл бөлу облыс экономикасына тікелей әсер етеді. Түркістан облысының негізгі драйверлерінің бірі – ауыл шаруашылығы. Аталған салада биыл өнім көлемі 1 трлн. теңгеден асып, облыс республикада көш бастады. Жыл басынан бері салаға 88,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн. тонна жиналып отыр.  «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға ендіріліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік туды. Дегенмен өңірдің әлеуеті бұдан да жоғары деп ойлаймыз. Жерді тиімді пайдалану, жаңа технологияларды ендіру, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бағытында жұмыстар жандануы тиіс. Бұл ретте халық сайлаған ауыл әкімдері маңызды рөл атқарады. Сондықтан тұрғындар да өздері танитын, білетін, ауылға жаны ашитын азаматтарға қолдау көрсететіні анық. Президенттің бұл бастамасы өте орынды болды деп есептеймін. Жыл басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин «Ауыл әкімдерінің корпусын жаңарту жалғаспақ. 350-ден астам ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлау жоспарланып отыр. Сайлау мыңнан астам ауылдық елді мекенді қамтиды. Осылайша, 2023 жыл өткен жылға қарағанда ішкі саяси оқиғаларға толы болмақ. Ең бастысы – Президенттің жаңғырту бағдарламасын үдемелі іске асыру жалғасуда. Бұл 2023 жылғы саяси күн тәртібінің негізі» деген болатын. Өңірімізде бұл үрдіс жалғасты. Биыл 4 ауданда әкім сайлауы өтті. Бәйдібек, Созақ, Мақтаарал, Шардара тұрғындары өз таңдауларын жасады. Жалпы 2 жылдан астам уақытта облыста 140-тан астам әкім сайланған. Жалпы, мәслихаттар болсын, әкімдер болсын бәріміздің алдымызда елге қызмет ету, аймақты дамыту міндеті жүктеліп отыр. Осы сенімді мақтау бағытында жұмысты жалғастырамыз.

– Ой бөліскеніңізге рахмет!

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.