Симптомсыз науқастар қайтеді?
Қазақстанда 5492 адам – коронавирус індетінің симптомсыз "тасымалдаушысы". Соңғы тәулікте коронавирус анықталған, бірақ симптомдары жоқ 600 адам тіркелді.
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус анықталған, бірақ ауру белгілері жоқ "тасымалдаушыларды" вирус жұқтырғандардың жалпы статистикасына енгізбей, бөлек есептеп жүр.
Симптомсыз коронавирус тасымалдаушылары өздерінде ауру белгілері жоқ болғандықтан, айналасына індетті таратуы мүмкін екенін білмейді. Денсаулық сақтау министрлігі сол себепті қоғамдық орындарда маска тағып, жиі қол жуып, әлеуметтік ара қашықтықты сақтауды ұсынады.
Сиптомсыз науқастар жайлы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?
"COVID-19" анықталғандардың көпшілігінде аурудың аздаған симптомы ғана болады. Әсіресе, аурудың бастапқы кезеңінде симптомдар білінбейді. COVID-19-ды аздаған жөтелі бар, басқа ауру симптомдары жоқ адамнан жұқтырып алуға болады. Өйткені індет ауадағы, яғни адамның тыныс алу жолдарынан бөлінген тамшылар арқылы жұғады. Кейбір мәліметтер бойынша, вирусты ауру симтомдары жоқ адамнан жұқтырып алуға болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл жайлы жаңа мәліметтер анықталғанда, оны жариялап отыратын болады".
Яғни кмінің вирус жұқтырғаны, ал кімнің жұқтырмағаны белгісіз болса, қалай сақтанамын деген сұрақ туындайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирустан қорғанудың ең тиімді жолы қолды жуып, кемінде бір метр әлеуметтік қашықтықты сақтау дейді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 15 маусым күнгі мәліметі
Жақында еліміздің денсаулық сақтау министрлігі симптомсыз науқастарды емдеудің жаңа хаттамасын қабылдады.
Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында былай дейді: " COVID-19 жеңіл түрімен ауырған тұлғаға этиотроптық емдеу жүргізілмейді. Медицина қызметінің сапасы жөніндегі бірлескен комиссияның кезекті отырысында 9-шы редакциядағы коронавирус инфекциясын емдеудің хаттамасы қабылданды.
COVID-19 жұқтырғандардың қатары артып отыр. Олардың дені симптомы жоқ науқастар. Олар қалай ауырады және қалай емдеу керек? Бүгінде оларды емдемейді, бақыламайды, қараусыз қалады деген кереғар пікірлер жүр. Отырыста талқыланғандай, ауру белгісі жоқ науқастарға медициналық көмек беріледі".
Вице-министр COVID-19 симптомы жоқ науқас та инфекцияны жұқтырушы, оларда 14 күн ішінде (инкубациялық кезең) клиникалық белгілер пайда болуы мүмкін дейді.
"Симптомы жоқ науқастар үйінде немесе карантин нысанында Медициналық-санитарлық алғашқы көмектің келісімі (МСАК) бойынша ҚР Бас мемлекеттік санитария дәрігерінің қаулысына сәйкес эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып медициналық бақылауға алынуы тиіс.COVID-19-дың жеңіл түрімен ауырған тұлға үйінде немесе карантин нысанында МСАК-тың келісімі бойынша эпидемияға қарсы режимді сақтай отырып медициналық бақылауға алынуы тиіс. COVID-19-дың жеңіл түрімен ауырған тұлғаға этиотроптық емдеу жүргізілмейді".
Людмила Бюрабекованың айтуынша, амбулаторлық жағдайда бақылау келесі алгоритм бойынша жүргізіледі:
- күн сайын қоңырау шалып хабарласу;
- жалпы жағдайды бағалау, дене қызуы, шағымды анықтау (жөтел, тыныс алудың қиындауы, әлсіздік, терлеу, іш өту, дене бөртуі, миалгия және тағы басқалары), сатурация (мүмкіндік болса);
- видеоконсультация (қажеттілік болса), 3 күнде 1 реттен көп емес.
- бақылау кезеңінде клиникалық симптомдар күшейіп кеткенде (дене қызуының көтерілуі, жөтел, тыныс алудың қиындауы, демікпе) пациент инфекциялық стационарға жіберіледі.
- Жеңіл түрімен ауырғандарда жоғары дене қызуы болмаса және респираторлық симптомдардың регрессиясы байқалмаса, сондай-ақ мұрын қуысының жағысындысынан алынған ПТР тесті бірнеше рет теріс нәтиже көрсетсе медициналық бақылаудан алынып тасталады.
Кеше Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров коронавирус тестінің нәтижесі оң шыққан, бірақ ауру белгілері жоқ адамдарға жедел жәрдем шақыру қажет емес деген.
"Тест нәтижесі оң, бірақ ауру симптомдар болмаса, жедел жәрдем шақырмаңыздар. Өзіңіз тіркелген емханаға хабарласыңыз немесе 300-01-03 call-орталығына телефон шалыңыз. Сіздерді ауруханаға жатқызу мәселесі емхана деңгейінде шешіледі. Дегенмен симптомдар болмаса, бақылауда боласыз. Дәрігерлер күніне екі мәрте хабарласып, температура, жөтел тәрізді ауру белгілері бар-жоғын сұрап отырады", - деді К.Надыров.
Оқи отырыңыз: Бекшин карантинді күшейтті
Фото: РИА Новости