Студенттер: Бәке, Сәкесіз жұмысқа тұру мүмкін еместей көрінеді
Ресми деректерге сәйкес, еліміздегі жастардың 96 %-ы жұмыспен қамтылған. Бірақ бұл көрсеткіш олардың бәрі бірдей жақсы жерде жұмыс істеп, жоғары жалақы алады деген сөз емес. Тіпті көп жағдайда керісінше болып жатады. Malim.kz тілшісі Айшолпан Керім жұмыс іздеудегі өз тәжірбиесін бөлісіп, өзге студенттермен де сөйлесіп, іс-тәжірбиесі мүлде жоқ жас мамандар не істесе болады деген сұраққа қатысты сарапшы пікірін сұрап көрді.
Жасым 21-де, қатардағы студенттердей түрлі салада іс-тәжірбие жинағандаймын: әдеттегі жасөспірім сатушы, фрилансерліктен штаттағы қызметкерге дейін. Яғни, бұған дейін бірде-бір жерде ресми қызметкер болған емеспін, үнемі бір күні себепсіз жұмыссыз қалатыныңды сезе жұмыс істейсің, қызық. Осындайдан болса керек, көп студент курьер, сатушы, дүкенде кеңесші боп істеп жүреді – рас, мамандық бойынша емес, есесіне ресми жұмыс. Студенттердің бәрі бірдей оқу аяқталғанша ата-анасымен бірге тұра бермейді, сол себепті өзіңді асырау үшін табыс керек.
Жұмыс іздеу – көп студент үшін стресске толы іс. HeadHunter-дің лентасын әлеуметтік желіден жиірек жаңартқан күндерім есімде. Ынта мен жұмыс істеуге деген құлшынысың тасып тұрса да, «Кем дегенде үш жылдық іс-тәжірбиесі болуы керек» деген тармақ беттен қағатын.
Тәжірбиең болмағаны үшін еш жерге жұмысқа алмаса, қалай тәжірбие жинаймын? ..
Жұлдыз, Алматы қаласы
Жұмысқа тұрудағы ең қызық әрі өзіме ауыр тиген жағдай бір жыл бұрын болды. Бір апта өткен соң, басшылық жұмыстан шығаратынын айтты. Қателік жібергенімді айтып, тәжірбием жоқ екенін бетіме басып, оның үстіне жалақымды да берген жоқ. Жұмысқа тұрмас бұрын тәжірбием жоқ екенін түйіндемеме да жазып, басшылыққа да ашық айтқан едім. Қанша сұрақ қойсам да, жарытып жауап бере алған адам болған жоқ.
Одан кейін тағы да бейресми жұмыс: бір агенттіктің SMM менеджері болып орналастым. Мұны елдегі проблема деген дұрыс па әлде, дәл осы саладағы кемшілік пе екен, бізде SMM маманынан бірден видеоөңдеуші, копирайтер, фотограф, кейде модель болуыңды талап етеді. Бірақ беретіні бір маманның жалақысы. Мен мұны студент еңбегінің эксплуатациясы дер едім, көп жағдайда студенттер арқылы кадр шығынын үнемдегісі келеді, бізде мұндай жағдай өте жиі кездеседі.
Жанель, Қарағанды
Алматы қаласындағы медициналық ЖОО бірінде оқимын. Оқу жылы біткен соң аз уақыт болса да, табыс тапқың келеді. Бірақ жұмыс істеу былай тұрсын, оны іздеудің өзі үлкен стресс. Өз басым 18 жасымнан жұмыс істей бастадым, мектепті енді бітірген баланың қандай іс-тәжірбиесі болсын?
Бірақ іздейтініміз де сол жұмыс: call-орталық операторы, сатушы, дүкен кеңесшісі, даяшы, т.б. Оның өзін табу қиын, жұмыс беруші тәжірбиең болмағаны үшін сені көзге ілмейді. Қызық, дүкендеріне 18-20 жас шамасындағы кемі екі-үш жылдық тәжірбиесі бар сатушыларды іздеп отыр. Іштен де, жұмыс берушілерден де үнемі сұрап, жауап ала алмайтыным мына сұрақ: Мектепті жаңа бітірсем, екі-үш жылдың тәжірбиесі қайдан болсын я ешкім мені жұмысқа алмаса, қашан, қалай тәжірбиелі үміткер қатарына қосыламын?...
Бәке, Сәкесіз жұмысқа тұру мүмкін еместей көрінеді
Юлия, Алматы
Оқуды биыл бітіріп, қолыма дипломымды алдым. Өз басым студент кезден белсенді болып, түрлі іс-шаралар мен волонтерлік жобаларға қатыстым. Түйіндемеге осының бәрін іс-тәжірбиесі ретінде тіркедім. Осылайша дипломымды алып, бірден жұмысқа тұрдым, бірақ жалақым салыстырмалы түрдегі тәжірбиесіздік себебінен аздау. Рас, 20-21 жастағы студенттердің мәселесі ауыр: кез келген вакансияда «Кемі үш жыл іс-тәжірбиесі болуы керек» деген тіркес қатар жүреді. Ал студентті студент деп ешкім ресми жұмысқа алмаған соң, одан бөлек студент студент болып, білім алу керек болғандықтан одан бірден үш жылдық іс-тәжірбиесін талап ету – маған біртүрлі қисынсыз келеді. Осыдан кейін тіпті Бәке, Сәкесіз жұмысқа тұру мүмкін еместей көрінеді.
Студенттердің жұмысқа тұру жайлы тәжірбиелерін бөлісуді сұрағанда, көп хат алдық. Оқып, жас та болса, жұмыс істеуге, үйренуге деген құлшынысы зор қаншама кадр тәжірбиесіздігі кесірінен тіпті көзге ілінбей жатқанына көзіміз жетті. Бір қарағанда өз мамандығы бойынша жаңа копанияларға жаңалықтар әкелуге күші жететін жастардың өз қалауын ішке көміп, тек уақытша табыс үшін мүлдем басқа жұмысты істеп жүргені өкінішті.
Осыдан соң ойымызда көп сұрақ туындады: Сонымен жастар жұмысты қайдан, қалай іздеуі керек? Тәжірбиесіз жас маман қалай жұмысқа тұра алады? Жұмыс берушіге қандай сұрақ қойған дұрыс? Осы және өзге де сұрақтарымызға HR-маманы, рекрутер Рената Нуреева жауап берді.
Рената Нуреева - рекрутер
- Headhunter-ден өзге қандай платформалардан жұмыс іздеуге болады?
- hh.kz-пен қатар, hirebee.kz, LinkedIn сайттарына дәл қазіргі уақытта жұмыс іздеп жүрмесеңіз де, түйіндемеңізді жүктеп қойғаныңыз абзал.
Жас үміткерлер үшін қазір мүмкіндік көп. Әрбір ірі компания жыл сайын тағылымдамалық бағдарламалар дайындап, 3-4 курс студенттерін тартып, үздік нәтиже көрсеткендерін компанияға қызметке алып жатады.
Бұдан бөлек жастарға рекрутерлермен байланыс ұстаған артық болмайды: үнемі хабарда болып, сізге лайық жұмыс бар-жоғын осылай да біліп отыруға болады. Өз басым мәнсап жайлы 2-курстан ойлана бастауға кеңес берер едім.
- Тәжірбиесіз бола тұра, қалай жұмысқа тұруға болады?
- Әрбір жұмыс беруші компаниясына адал, нәтижеге жұмыс істейтін, бастамашыл қызметкер іздейді. Бірақ бойыңызда бұл қасиеттердің бәрі бар, ал тәжірбиеңіз болмаған жағдайда не істеуге болады? Егер тәжірбиеңіз бен қатысқан жобаларыңыз жайлы мәлімет жоқ түйіндемені жіберер болсаңыз,жұмыс беруші оған көзін қиығымен де қарамайды. Себебі түйіндемеде барлығын жіпке тізгендей етіп жазған үміткерлер де жетерлік.
Жұмысқа тұрмас бұрын міндетті тұрде тағылымдамалық бағдарламар мен компания өзге де түрлі жобаларына қатысып, белсенділік танытыңыз. Еріктілер бағдарламаларынан да қалыс қалмаңыз. Түйіндемеге осының бәрін жазар болсаңыз, жұмысқа тұруға мүмкіндігіңіз арта түседі.
- Жұмыс берушіге қандай сұрақтар қойған абзал?
- Шындығында, жастар да, тіпті бірнеше жылдық тәжірбиесі бар мамандар да кейде жұмыс берушіге сұрақ қоюдан ұялып жатады. Алайда, жұмыс берушіге сұрақ қою міндетті амал. Сіздің сұрақтарыңыз сізге жұмыстың қаншалықты лайық екенін, ал жұмыс берушіге сіздің белсенді үміткер екеніңізді көрсетеді.
Сонымен, қандай сұрақ қойған абзал?
- Алдымен сіздің компанияның қалай қарсы алып, амандық сұрасқанына назар аударыңыз.
- Болашақ жетекшіңізге назар аударыңыз. Бұл сіздің алғашқы жұмысыңыз болғандықтан, өзіңіз ұстазыңыздай көретін, «үйренерім бар» деген жетекшіні таңдаңыз.
- Егер сайттан толық ақпарат ала алмасаңыз, компания масштабы мен бөлімшелер санын, жұмыс құрылымы жайлы айтып беруін сұраңыз.
- Жаңа вакансияның пайда болу себебін сұраңыз.
- Компаниядағы карьерарлық өсі жайлы да сұраған жөн. Болашақ жетекішіңіздің өсу жолын, өзге қызметкерлердің қалай көтерілгенін сұрауға болады.
- Айлық жалақы жайлы сұрауға да ұялып керек емес, тек бұл жайлы интервьюдің соңында сұраған жөн.
Рекрутер ретінде осы кеңестерді қолдана отырып, арманыңыздағы жұмысқа бір табан жақындайтыныңызға кепілдік бере аламын.