Судьялар жетім балалардың баспаналы болуына көмектеседі

Отандық сот ұжымдарының үнемі қайырымдылық шараларына бастамашы болып жүргендерін жиі естиміз.

  • 06.12.2023

Облыстық соттар жыл сайын балалар күні мен 1 қыркүйек білім күнінде қайырымдылық акцияларын өткізуді дәстүрге айналдырған. Бүгінде әрбір өңірлік сот өз аймағындағы бір балалар үйін тұрақты қамқорлығына алып, тек мереке күндерінде ғана емес, басқа уақытта да бүлдіршіндердің жағдайын біліп, қажетті құрал-жабдық, замттарын түгендеп беруде.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының ұжымы талай жылдан бері «Үміт» балалар үйі мен «Балалар ауылына» барып, көмек қолын созып келеді. Балаларға қуаныш сыйлайтын шараларға судьялар ерікті түрде қатысады. Мейрам сайын келетін қазылар қауымын балалар да жақсы танып алған. Жақындарын көргендей қонақтардың алдынан жүгіріп шығатын бүлдіршіндер судьяларға өз өнерлерін көрсетіп, қызықты оқиғаларын айтып бір серпіліп қалады. Балалар үйіндегі жағдайды жақсы біліп, бүлдіршіндердің неге қызығатынын, нені армандайтынын естіген судьялар қауымы да сыйлыққа нені алу керегін жақсы біледі.

– Бір жолы келгенімізде балалар өздерінің жанды дауыста ән шырқағысы келетінін айтты. Жұмысқа барған соң ұжым болып ойландық. Жақсы микрофоны бар, ән айтып, музыка тыңдауға ғана емес, аспапта ойнау қабылеттерін шыңдайтын заманауи аппаратуралардың мүмкіндіктерін салыстырып көрдік. Ақыры, баршамыз таңдап жүріп үлкен музыкалық орталықты балаларға сыйладық. Сыйлықты алғандағы балалардың қуанышын көрсеңіз. Біреуді қуантқаныңды, онда да ата-ананың мейірімінен тыс өсіп жатқан балаларға қуаныш сыйлағанның әсері енді керемет, – судья Ераман Утешев.

Балалар ауылымен тұрақты байланыс орнатқан судьялар жеткіншектердің сұрауына орай талай мәрте тұрмыстық техника, түрлі тағам дайындауға қажетті құралдарды сатып әперген болатын. Мұның бәрі балалардың қоғамға қажет екенін сезіндіру үшін, сондай-ақ, сөзін, тілегін тыңдауға, орындауға ниетті жандардың бар екенін ұқтыру үшін қолға алынған шаралар.

Кейіннен Шығыс Қазақстан облыстық сотындағы Судьялар одағының өңірлік филиалын судья Елдос Жұмақсанов басқарды.

– Судьялар одағы – облыстағы судьялар қауымының басын біріктіретін қоғамдық бірлестік. Республикамыздың әр өңірінде одақтың жергілікті филиалдары жұмыс жүргізеді. Осы филиалдардың барлығы ылғи жақсы істердің басы-қасында  жүреді. Біздің судьялар да жылдар бойы балалар үйіне қамқорлық көрсетіп, тығыз байланыс орнатқан. Одан бөлек, еліміздегі төтенше жағдай, оқыс оқиғалардан зардап шеккендерге көмек көрсетуде де судьялар қауымы жұрттың алдында жүреді. Шыны керек, балалар үйіне қамқорлық жасауды кәдімгі міндет секілді қабылдап алғанбыз. Балалар үйінің басшылары да қоңырай шалып, өздеріне керекті заттарды қысылмай айта береді, –  дейді Елдос Шағанұлы.

 Жылдар бойы жалғасып келе жатқан соң ба, судьялар енді тек балаларға тәтті-дәмді беріп, қажетті құрал-жабдықтарын алып берумен шектелмей, олардың алдағы өміріне көмектесетін, мамандық таңдап, уайымсыз тірлік етуіне ықпалын тигізетін жобаларды қолға алу керек деп шешкен. Осылайша Судьялар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы балалар үйіндегі ешқандай туыс-туғаны жоқ, қамқоршысыз қалған, тұлдыр жетім балаларға банктен арнайы шот ашып, тұрғын үйдің алғашқы жарнасын жинауға шешім қабылдайды.

– Ұл-қызының ертеңін ойнаған ата-ананың қай-қайсысын алсаңыз да, тапқан ақшасынан үнемдеп банктен арнайы шот ашып жатқанын байқайсыз. Ондағы мақсаты ұрпағының жарқын болашағына жол ашатын алғашқы жарнаны ерте бастан қалыптастыру. «Теңге тиыннан құралады» демекші, жылдар бойы жиналған қаржының баланың білім алуына, мамандық игеруіне, баспаналы болуына көмегі көп. Осылайша судьялар ақылдасып, жақындары жоқ жетім балалардың келешекке деген сенімін нығайтып, білім-ғылымға ынталандыру үшін жеке тұрғынүй мәселесін шешу жөн деп тапты. Ата-анасының қамқорлығында өскен бала мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқуға түссем, ел көрсем, жер араласам деп армандайды. Ал кәмелет жасына толған жетім балаларды толғандыратыны оқу мен жұмыстан бұрын – баспана. Өйткені, балалар үйі төлқұжатын алып, мектеп бітірген балаларға ары қарай пана бола алмайды. Сондықтан, тұрғын үйдің мәселесін шешу – жетім балалар үшін аса өзекті, – деген Елдос Шағанұлы әріптестерімен ақылдаса келе бұл ұсыныстарын Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасының жетекшілеріне айтады.

Шығыс Қазақстан облыстық сотының ұжымы өздері қолға алғалы отырған қайырымдылық жобасының мақсатын, маңызын, жүзеге асыру тетіктерін айтып Білім басқармасына ұсынады. Сөйтіп екі тараптың өзара келісімімен жетім және ата-ананың қорғауынсыз қалған балаларға әлеуметтік-патронаттық көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаның тұсауы кесілген болатын.

Міне, 2013 жылдан басталған бұл жоба әлі күнге дейін үздіксіз жалғасып келеді. Осы игілікті істң басы-қасында жүріп, әріптестерін жақсылыққа жұмылдырған сол кездегі Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрлан Қайырбеков қазір Жоғарғы Соттың судьясы болса, Судьялар одағының аймақтық филиалын басқарған Елдос Жұмақсанов Астана қалалық сотының сот әкімшісінің басшысы.

– Бастапқыда судьялар «Үміт» және «Балалар ауылы» атты екі балалар үйінің төрт тәрбиенушісін қамқорлығына алды. Сөйтіп «Отбасы банкінен» балалардың атына арнайы есеп шот ашылды. Оған судьялар жылына бір рет бір күндік жалақыларын аударып отырады. Балалардың 18 жасқа толғанына дейін аударылатын бұл қаржы есеп шотқа жиналып,  баспана алар кезінде алғашқы жарна ретінде ұсынылды, – дейді Елдос Жұмақсанов.

Шығыс Қазақстан облысының судьялар  Одағы  тұрақты түрде  балалар үйінің ұжымымен және тәрбиеленушілерімен кездесіп, олардың тұрмыс жағдайларына көз жеткізіп, мекемеде ұйымдастырылатын шаралар туралы, құқықтық және басқа да мәселелер жөнінде балалармен тілдесіп отырады.

– Алдыңғы буын бастап кеткен жақсы іс үзіліп қалған жоқ. Әріптестеріміз әлі күнге дейін балаларды қамқорлықтан сырт қалдырған емес. Сонымен бірге, жыл сайын бір күндік ақшамызды өз қарауымызға алған төрт баланың есепшотына тұрақты аударып келеміз. Олар – соттың ортақ балалары. Сондықтан, балалардың оқу үлгерімін, спортқа қызығушылығын үнемі біліп, өз жақындарымыздай тұрақты бақылап жүреміз, – Судьялар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының хатшысы Ләззат Мамырбаева.

Жалпы, шығысқазақстандық судьялардың бастамасы өзгелерге үлгі боларлық ерекше жоба. Мұндай қолдауды сезінген балалардың алға ұмтылары, алдына биік мақсаттар қойып, теріс әдеттерден бойын аулақ ұстары анық. Судьялар қауымының бір адамның болса да түзу жолға түсіп, жақсы өмір сүруіне көмектессек деген адал ниет, қамқорлығы үшін білім басқармасының алғысы үлкен. 

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.