Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.

Белгілі жазушы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қалай құрылғандығы жайында айтқан. Жазушы ұйымның жарғысын өзі жазып, бүкіл құжатын өзі әзірлеп, тіркеткенін айтады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған ұйымның бірі осы – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы болатын.
1991 жылы Қалдарбек Найманбаев Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болып сайланды. Сосын жаңа қызметіне құтты болсын айта барып едім, әңгімелесіп отырып бір кезде, «әй, сен шетел қазақтары туралы жазып едің ғой, енді саған бір жұмыс бар. Келесі жылы Дүниежүзі қазақтарының конгресі құрылайын деп жатыр, соған керексің» деді. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алған соң Президент Н.Назарбаев Түркияға барып, сол жақтың қазақтарымен кездескенде оған Қ.Найманбаев та барған. Түркия қазақтары Қазақстан Президентімен кездескенде, әлем қазақтарының басын қосатын бір ұйым қажет, соны құрсаңыздар қалай болады дегенде, Президент: «Міне, Жазушылар одағының төрағасы отыр, бұл жұмысты соған тапсырайық» деген. Солайша, ол міндет Қалдарбек ағаға жүктелген. Енді мені соған тартып отыр. Бірақ жұмысты неден бастау керек екенін өзі де білмейді. Сыйлайтын адам болған соң, ұсынысынан бас тарта алмадым. Сөйтіп, театрдағы жұмыстан шықпай-ақ әлгі жұмысты да істей беретін болдым, дейді жазушы.
1992 жылы ДҚҚ-ның алғашқы құрылтайы Алматыда өткен болатын. Оған әлемнің әр түкпірінен қонақтар келген. Бір қызығы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын құру міндеті жазушыға жүктелген.
Бұл мәселе бойынша Жазушылар одағында жиналыс өтіп, мені Жазушылар одағы хатшысының орынбасары етіп тағайындады. Содан бастап Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына дайындықты бастадық. 1992 жылы алғашқы құрылтай өтті. Сөйтіп, «уһ» деп, енді менің жұмысым біткен шығар деп, Қалдекеңе барсам ол: «әй, сен қайда барасың, енді Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құрасың» дейді. Әлгі құрылтайда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылатыны туралы әңгіме болып, оның төрағасы Н.Назарбаев, бірінші орынбасары болып Қ.Найманбаев сайланған. Бірақ ондай ұйымның құрылғаны туралы ешқандай протокол жасалмаған. Құрылтайдың басы-қасында жүрген жігіттерден сұрасам, ешқандай қағаз жоқ. Ал оны Әділет министрлігіне тіркету керек. Министрлікке барсам, ұйымды тіркету үшін қандай құжаттар керек екенін көрсетіп, пәленбай құжаттың тізімін беріп жіберді. Оның ішінде ұйым құрылуы жөніндегі жиналыстың протоколы, құрылсын деген шешім, ұйымның жарғысы, т.б. нәрселер бар. Ал бізде оның біреуі де жоқ. Іс жүзінде жиын болған, дауысқа салынған, қол көтерілген, төраға сайланған, бірақ қағазға түспеген. Неге десеңіз, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік. Кейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына бұрыннан шетелдегі қазақтармен қарым-қатынас жасау ісін жүргізіп келе жатқан «Қазақстан» ұйымы таратылып, оның кеңсесі тұрған ғимарат, көліктері, өзге де дүниелері қауымдастыққа өтті, дейді қаламгер.
Жазушы Қауымдастықтың көп шаруасын алғашқы жылдары бір өзі атқарғанын айтады.
1996 жылы Қ.Найманбаев Одақ төрағалығынан босағаннан кейін Қауымдастыққа келді. Оған дейін ол кісінің жұмысын мен атқарып жүрдім. Сөйтіп, 1992-2017 жылға дейін сонда еңбек еттім. Әлем қазақтарымен әдеби-мәдени байланыста көп жұмыс атқардық. Көптеген мақала жазып, шетел қазақтары жайлы кітап шығардым.
"Алаш" сыйлығының қадірі кетіп қалды
Сұлтанәлі Балғабаев «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының әу баста шетелдегі қазақтардың қаламгерлері мен қазақстандық жазушыларға арнап жасалғанын, сыйлықтың көп адамға берілмегенін айтады.
Айтпақшы, құрылтай қарсаңында істеген тағы бір істі айта кетейін, ол бүгінде жұртқа таныс халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы туралы. «Алаш» сыйлығы Қ.Найманбаевтың бастамасымен І Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы қарсаңында тағайындалған еді. Оны 2 жылда бір рет 3 адамға (біреуі шетелдік, екеуі елде тұратын қазаққа) беру көзделген. Бірақ кейін оның санын 5 адамға жеткіздік. Оның ережесін мен жасадым. Сыйлықақысын Қалдекең іскер азаматтардың қолдауымен бергізді. Ол басында дұрыс жүрді. Бірақ кейін көптеп таратылып, қадірі кетіңкіреп қалды, дейді жазушы.
Фото: Айтжан Мұрзанов