Түркістан облысы Шардара ауданында ауыл әкімдерінің сайлауы өтті

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына орай ауыл әкімдерін ауыл тұрғындарының өзі тікелей сайлай бастады. Толығырақ айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін (бұдан әрі- ауылдық округ әкімдері) жергілікті тұрғындардың өздері тікелей сайлайтынын мәлімдеген болатын.
«Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын. Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет. Аса маңызды мәселенің бірі – аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұл ретте, «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек. Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі, бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді.
Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік бастамаларға аудандар мен елді мекендердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте, онлайн сауалнаманы да қолданған жөн.
Ел азаматтарының мүддесін қорғау жөніндегі маңызды миссияны бұрынғыдай саяси партиялар атқара береді. «Nur Otan» партиясы өзінің іс-қимылы арқылы қоғамымыздағы жетекші саяси күш екенін дәлелдеп отыр. Партия алдағы реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып, өзінің әлеуетін толықтай пайдаланатын болады. Сонымен бірге, мен, Мемлекет басшысы ретінде, шын мәніндегі көппартиялық жүйені дамытуға күш салуға міндеттімін. Біз бір орында тұрған жоқпыз. Саяси жүйемізді жаңа жағдайға бейімдеп, оны біртіндеп жетілдіріп келеміз. Саяси реформалар қоғамымызға қажет, сондықтан олар міндетті түрде өз жалғасын табады.
Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм. Осыны естен шығармаған жөн. Азаматтарымыз реформаларға қолдау білдіреді деп сенемін. Олар жаңа саяси мүмкіндіктердің арқасында қоғамда «хайпократияның» белең алуына жол бермейді деп үміттенемін. Айтылған барлық реформалардың, өзгерістердің табысты жүзеге асуы баршамыздың бірлігімізге, отаншылдығымызға және азаматтық жауапкершілігімізге байланысты», -- деді Президент.
Осыған орай республиканың Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен келісе отырып, мемлекетіміздің кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын әзірлеп, оларды Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.
Аталған заң жобаларына саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер, қалың жұртшылық, зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін білдірді, ұсыныстарын айтты. ҚР Парламенті Мәжілісі мен Сенатында екі ай бойы жан-жақты талқыланды. Қоғамның оң бағасын алды. Мемлекет басшысы Заңға қол қойды. Соның нәтижесінде еліміздің ауылдық округтерінде әкімдер сайлауы екі жылдан бері өтіп келеді.
Айталық, 2023 жылдың 30 шілдесінде Шардара ауданының Ақшенгелді, Достық және Ұзын ата ауылдық округтері әкімдерінің сайлауы өтіп, нәтижесінде кандидаттар арасында басым дауысқа ие болған Сахов Ордабай Орынбасарович Шардара аудандық аумақтық сайлау комиссиясының шешімімен Ақшенгелді ауылдық округінің, Акжигитов Ерлан Ануарбековичті Достық ауылдық округінің, Есимханов Гани Мынбасевич Ұзын ата ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Шардара аудандық аумақтық комиссиясының төрағасы Е.Бейсенбиев ауылдық округтердің әкімдеріне қызметтік куәліктерін табыстады.
Реті келгенде тілге тиек ете кетейік, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес енді бұдан былай аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округтері әкімдерін тиісті әкімшілік- аумақтық бірліктің сайлаушылары тікелей өздері сайлайтыны айтылған. Сайлау туралы Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда әкімдердің сайлауын өткізу, оларға қойылатын талаптар, әкімдікке кандидаттар ұсыну, ұсынылған кандидаттарды тіркеу, әкімдер сайлауын өткізу, сайлау қорытындыларын белгілеу және жариялау, сайланған әкімдерді тіркеу тәртіптері нақты айқындалған.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы жұмыс істеп тұр. Құжат 67 түзетуден тұрады. Заң жобасында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент пен ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуге қатысты өзгерістер ұсынылған. Сайлау заңнамаларына сәйкес ауылдық округ әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу, сайлау қорытындысын белгілеу мәселелерімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясы айналысады. Екінші жартыжылдықта өткізілетін ауылдық округ әкімдерінің сайлауын аудандық аумақтық сайлау комиссиясы әрекеттегі әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде қырық күн бұрын тағайындайды және олардың заңда белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталуына дейін кемінде он күн бұрын өткізілуге тиіс. Қазақстан Республикасының азаматы ауылдық округ әкімі болып сайлануы үшін «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін- өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Соттылығы бар, сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа шатылғандар кандидат бола алмайды. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күннен басталады және сайлау өткізілетін күнге дейін он бес күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Ауылдық округ әкімдігіне кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партиялар өз мүшелері қатарынан, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аудандық аумақтық сайлау комиссиясына ауылдық округ әкіміне кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы жүзеге асырады.
Әрбір саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Ешкім біреуден артық сайлау округінде кандидат болып ұсынылмайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ауылдық округ әкімдігіне кандидат ұсынған құжаттар негізінде үш күннің ішінде оның еліміздің мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес немесе сәйкес еместігін анықтайды. Әкімдікке кандидаттар үшін сайлау жарнасы қарастырылған. Саяси партия ұсынған кандидат үшін партия қаражатынан, ал басқа кандидат өз қаражаты есебінен аудан әкімі аппаратының шотына Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді.
Әкімдікке кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттар алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне дейін он күн бұрын жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу туралы хаттама жасайды және тіркеу туралы хабар жариялайды. Тіркелгенге дейін кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына белгіленген тәртіппен және нысанда ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніне активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады.
Ауылдық округ әкімін сайлау жөніндегі дауыс беру сайлау күні жергілікті уақытпен сағат жетіден жиырмаға дейін өткізіледі. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша дауыс беру хаттамасын жасайды және оны дереу аудандық аумақтық сайлау комиссиясына сайлау материалдарымен бірге тапсырады. Басқа кандидаттармен салыстырғанда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын жинаған кандидат ауылдық округ әкімі болып сайланады.
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Сұлтанәлі Балғабаев: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын мен тіркетіп едім
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасы орынбасарлығынан үміткер бір шенеунік өзі бола алмаған соң, айтылған дүниелерді қағазға түсіртіп, құжат жасатпаған. Содан іздеп жүріп, сол жиынды жазып алған радионың бір қызметкерінен дыбысжазбаны алып, сол бойынша өзім хатшы ретінде протокол жасап, тиісті адамдардың қолын қойдырдым. Кейін ұйымның жарғысын жазып шықтым. Солайша, ұйымды Әділет министрлігіне тіркеттік.