Ұстаздың дамуы ұлтты ұшпаққа шығарады

Педагогтың өзін-өзі дамытуына тірек болатын басты себептің бірі бұл – өз мамандығына деген айрықша іңкәрлік пен құрметте жатыр.

Malim Админ

  • 16.04.2023

Педагогтың өзін-өзі дамытуына тірек болатын басты себептің бірі бұл – өз мамандығына деген айрықша іңкәрлік пен құрметте жатыр. Осы қайнар бұлақтан өрбіген түрлі қабілеттер тұлғаның жан-жақты, парасатты, білікті болуына ықпал етері анық. Ал ондай педагогтің өзін-өзі дұрыс ұстауы, сөйлеу мәнері, кәсіби құзіреттілігі әрқашан да бағалы болмақ.

Екіншіден, шым-шытырық өмірдің шырғалаңдары мен қуанышты кезеңдерін қатар қабылдап, ақ-қарасын саралап, дұрыс шешім қабылдай білудің де маңызы зор. Себебі оқушы өзінің ұстазы арқылы өмірдің жарқын сәттерін тиісті деңгейде тани біледі. Тіпті, ұстазымен бірге қиындықтарды еңсеруге де мүмкіндік алады. Бұл – педагог үшін зор жетістік.

Хәкім Абай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», - деп жырлағандай, ұстаздың басты қаруы – еңбек пен ақыл болуы керек екені мәлім. Алайда соны жүзеге асыру үшін де түйсіктің тереңдігі, сананың ояу болуы қажет. Сананы оятатын құралдардың әлқиссасында, әрине, кітап тұрады. Адамзат өркениетін қазіргі биік деңгейге көтерген де -осы кітап екенін сенімді түрде айта аламыз. Ендеше, кітап – біліміңізді шыңдап қана қоймайды, сізге өмірлік бағыт-бағдар беретін, жүйелі жоспар құруға ықпал ететін алып күш.

Түрлі жағдаяттар педагогтың кәсіби құзіреттілігін дамытпаса, төмендетпейтіні ақиқат. Сондықтан қоршаған ортаның кез келген жарқын, жеңісті, сапалы әрекеттерінен мотивация ала отырып, ұстаз өз құзіреттілігін одан әрі жан-жақты, жоғары қылса, жұмысы нәтижелі болары белгілі. Ондай тұлғаның қабілеті төмендегі компоненттер бойынша сараланады:

- Кәсіби-педагогикалық бағыттылық;

- Өзін-өзі кәсіби ұғынуы;

- Кәсіби белсенділік;

- Кәсіби педагогикалық қабілеттері, есі, ойлауы және қиялы;

- Кәсіби білімдері мен іскерліктері.

Осы талаптарға сәйкес мұғалімнің нәтижелі еңбегі айқындалып, оқу үдерісіне оң ықпалын тигізе алады. Білім көкжиегінде қанат қаққан сайыпқыран-ұстаздың сарабдал шешімі мен сұңғыла мінезі қашан да басқаға үлгілі болары анық. Сондықтан педагог мігірсіз, мүлтіксіз алға ұмтылу арқылы ол өзінің тұлғалық қабілетін ғана емес, тұтас елдің болашағына өшпес сәуле құяры ақиқат.

Кеңес одағы кезіндегі білім жүйесі мен қазіргі білім жүйесінде біршама айырмашылық бар. Бұл үрдіс баланы оқытуда, ата-анамен қарым-қатынаста, мұғалім мен оқушының арасындағы мәселелерде айқын көрініс табады. Яғни, «ескірген» жүйемен бірге сол әлеуметтік-психологиялық атмосфера да ескірді.

«Бүгінгі бала қандай, оған білімді қалай беру керек» деген сауалға әркім әрқалай жауап беруі мүмкін. Дегенмен, бұл сұрақтың жауабын бала танымынан, оқушы қалауынан іздеген дұрыс. Қазіргі оқушылар – жаңа технологияларға аса жақын тұлғалар. Сондықтан сабақ барысында міндетті түрде жаңашыл ізденістер қолданылуы қажет. Бұл жердегі мәселе тек технологиямен ғана шектелмейді, оған сапалы білім, интеллектуалды пайым мен пікірталас та ерекше маңызды.

Сабақ барысында оқушының өзін еркін сезінуі, ойын бүкпесіз жеткізуі – үлкен жетістік. Ол, тіпті, бір сабақта бірнеше рет теориялық тұрғыдан да, практикалық тұрғыдан да қателесуі мүмкін. Енді осы қателікті көрген мұғалім қандай іс-қимыл жасайды? Дауыс көтеріп, ұрса жөнеле ме, әлде проблеманы сындарлы диалог түрінде шеше ме? Бүгінгі таңда, жасыратыны жоқ, бірінші мәселе көбірек кездеседі. Яғни, мұғалім өз шәкіртінің қателігін «көтере алмайды».

Мұғалімге ұнамаған әрбір қателік – оқушының жан дүниесіне түскен ауыр тас. Сондықтан да ол сабақ барысында көп белсенділік таныта бермейді, қателесуге қорқады. Шын мәнінде, оқушы мектепке қателіктерін түзеу үшін, білмегенді білу үшін келеді. Осы орайда мұғалім баланың жан дүниесіндегі қалауларды бірден аңғарып, кешірімді болуы шарт.

Жазбаша және ауызша айтылатын, орындалатын тапсырмаларда оқушының қателік жіберуі қалыпты үрдіс. Бірақ мұны дер кезінде жөнге салуды да ұмытпаған жөн.

Мұғалім – орындаушы емес, тек бақылаушы, бағдарлаушы. Ендеше, оқушы сабақ кезінде өз қателігін өзі түзеп, соңында осы қателігінен өзі қорытынды шығаруы қажет.

Қорытындылай келе, сабақ барысындағы мұғалімнің кез келген іс-әрекеті, қимылы, жүріс-тұрысы, сөзі, мәдениеті, өзін-өзін ұстауы – барлығы да оқушыға әсер етеді. Оқушы мұғалім айтқан сөзді ұмытпайды, сол секілді іс-әрекеті де жадында сақталып қалады. Ұстаз кешірімді болған сайын, сынып алдында абыройы артып, түрлі проблемалардың шешімі бірден табылады. «Ұлағатты» деген атқа лайық болу үшін, осындай элементтерді назарға алған жөн деп есептейміз.

Байланысты жаналықтар

Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

25.07.2024

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

22.07.2024

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

30.06.2024

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

28.06.2024

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

27.06.2024

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

25.06.2024
MalimBlocks
Ұлттық ақпараттық кеңістігіміз потенциалды сепаратистерден тиісінше қорғалмаған

Қазір ақпараттық, ментальды, гибрид, когнитивті соғыс тәрізді көптеген  ұғым пайда болды.

Аятжан Ахметжан: Министр Бейсембаев сынаған адамын ата жауы санайды

Министрлік ол  шешімнің күшін  жойып, мектепке құжат қабылдайтын уақытты 1-қыркүйекке дейін созды

Нұрбай Кеңесбекұлы: Ұлттық ұлан патриот жастарды шыңдайтын құрылым

«Жас бүркіт» деп аталатын 7 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді

Төрехан Майбас: Бізді осы күнге алып келген - қазақшылығымыз!

Тәңіріміз сыйлаған құтымыздың Иесі болуымыз керек!

Тіл корпустарын әзірлеу және жетілдіру ісі – аса маңызды тарихи-мәдени іс-шара

Қазақ тілінің корпус қорын арттыру, ішкі функцияларын жетілдіру ғылыми тұрғыдан да, тіл болашағы тұрғысынан да өте маңызды әрі өзекті.

Аңсаған Мұстафа: Ұлттық нақыштағы киім ұлттық сананың оянуына себеп

Ұлттық нақышты киім-кешекке принт түрінде түсіріп, ұлттық сананы жаңғырту жолдарын іздеген дарынды суретші, ұлт жанашыры Аңсаған Мұстафамен әңгімелесудің сәті түсті.