Жастар «Жұмбақтасты» жаман жазудан тазартып жатыр

«Табиғатқа жасалған тағылық» – «Жастар Рухы» ескерткіштерді тазартуға арналған жалпы республикалық акция бастады

  • 20.10.2023

Бүгінде бір топ жастар Бурабай ұлттық саябағындағы «Жұмақтас» жартасын тазалауға кірісіп кетті. Бұл жартас – тек тарихи ескерткіш қана емес, сонымен қатар мәдени мұра. Акцияға волонтерлерге әдістемелік және басқа да жалпы көмек көрсететін Ұлттық парк пен облыстық мәдени мұраны қорғау орталығының мамандары қатысады. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, бұл акция – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі ғана емес, жастардың халық игілігін қорғауға қосқан үлесі.

«Мұндай ескерткіштер бүкіл қазақ халқына ортақ мұра, ол ұлттық бірегейлігімізді айшықтайды. Президент «өз Отанын шын сүйетін адам туған елінің табиғатын да барынша қорғайды» деп бекер айтқан жоқ. Біз қазір қоғамда ілгерілетуге және қалыптастыруға ұмтылып жүрген патриотизм идеясы да осыған саяды деп ойлаймын. Осынау игі акция қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегінде топтастырады деген сенімдеміз. Сондай-ақ, еліміздің басты мерекесі – Республика күні қарсаңында мәдени және табиғи мұрамызды бағалайтын, оның болашағына бей-жай қарамайтын азаматтарды, қоғамдық ұйымдарды бізге қосылуға шақырамыз» - деді ол. Ақерке Искандерова аталған акцияның қоғамда экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Өткен жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «AMANAT» партиясының XXII Съезінде «ТазаLike» экологиялық тәрбие жобасы басталған еді. Жастар қанатының белсенділері мен жақтастары жоба аясында ел аумағы бойынша мыңға жуық экологиялық акция өткізіп, оған 80 мыңнан астам адам қатысты.

«Жастар Рухы» белсендісі Жасұлан Рахымов вандализммен тек күш біріктіре отырып күресуге болады деп есептейді.

«Осындай жерге келетін кейбір адамдардың әрекеті көңілге қаяу түсіреді. Адамдардың демалуға келетіні түсінікті, бірақ бұл табиғатқа тағылық жасап, оны қалай болса солай бұлдіруге болады деген сөз емес қой. Ондай әрекетке барған адамдар өз ісі үшін ұялып қана қоймай, жасаған әрекеті үшін заң алдында жауап беруі, айыппұл төлеуі тиіс. Ата-бабамызыдан мұра болып қалған кең байтақ даланың әрбір бөлшегін таза ұстауымыз керек», - деді ол.

Табиғатты сақтау мәселесін – «AMANAT» сайлауалды бағдарламасына қосқан болатын. Сондай-ақ, табиғат қорғау іс-шараларын сапалы іске асыруға тұрақты партиялық бақылау жүргізуді айтқан.

Ескерткіштерді қалпына келтіру және тазарту акциялары басқа өңірлерде де жалғаспақ. Күні ертең «Жастар Рухы» белсенділері сарапшылармен және қоғам белсенділерімен бірге еліміздегі барлық ұлттық паркке, «Аққайнар» петроглифтік кешеніне, «Тамғалы-Тас» шатқалына және басқа да нысандарға бармақ. Онда «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері «Вандализмге жол жоқ!» ұранын көтермек.  Белсенді жаста ескерткіштерді, онымен іргелес аумақты тазартып, ретке келтірумен қатар  туған өлкенің тарихын, дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды зерделеуге мүмкіндік алмақ.