«Жеңімізге су тимесін!» – Өрт деген құдіреттің алдында...

- Өрт сөндірушілердің ең басты тілегі; - Өздеріне ғана тән салт-жоралғысы, ұстанымдары қандай? - Олар туралы өрт кезінде "ұрлайды", "тонайды" деген дақпырт қайдан шыққан? - Олар қалай жаттығады? Және басқа да қызықты сұрақтарға жауап беретін өрт сөндіруші Бекбол Көшкеновпен сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

  • 31.07.2022
Көрнекі сурет / Фото: referativno.ru

Өрт ішінде газ баллоны қалып кетсе, ыстықтан пішінін өзгертіп, доп сияқты болып қалатын көрінеді. Өрт сөндірушілердің өрт болып жатқандағы ең бірінші сұрағы «Іште газ баллоны қалды ма?» болады. Егер қалса, ең алдымен соны алып шығуға міндетті. Ең қорқыныштысы сол, әлгі шегіне жетіп, шірей керіліп тұрған баллон сәл ғана соққыдан жарылып кетуі мүмкін. Көз алдыңа келеді: Қолына ажалын ұстап алған әлдекім мысықтабандап қызыл жалыннан шығып келеді. Сәл ғана жазым басқан қадам...

Алғаш осы туралы естігенде өрт сөндірушілерге деген құрмет оянған. Біздің түсінігімізде қолындағы шлангасымен өртке су шашып, алыстан қарап тұратын өрт сөндірушілердің мұндай қатерге жиі ұшырайтынын ойласақ та, білеріміз шамалы ғана екен.

Өрт сөндірушілердің әйелдерінің алдында сөз сөйлеген бір генерал айтыпты дейді:

- Сіздер жауынгердің жұбайысыздар. Кәдімгі соғыстағы жауынгерден титтей де кем емес. Әр күн сайын шығарып салып  тұрып, бетінен сүюді ұмытпаңыздар! Күліп шығарып салыңыздар! Өйткені... оны соңғы рет көріп тұруыңыз мүмкін...

Біз ара-тұра көшеден көріп қалатын дәу қызыл көліктің тағдыры да иелеріне ұқсас – зейнетке ерте шығады. Асса бес жылда қаусап қалады дейді. Өйткені, өрттен тыс уақытта да оның арқасынан бір сәтке де жүк түспейді – су толып тұрады. Қоңырау соғылған уақыттан бастап асса бес минут өткенде жол үстінде кетіп бара жатады. Осыншама ауыр жүкті қызып үлгермеген мотормен сүйрейді. Иелері де солай, жаңа ғана шырт ұйқыда жатқан, қас-қағым сәт өтті, енді міне жол үстінде, қатерге қарай асыға кетіп барады...

- Қарапайым жұртшылықтың өрт сөндірушілер жайлы түсінігі көшеде «жол бер» деп «өлеңдетіп», асығыс кетіп бара жататын қызыл көліктен арыға бара қоймайды. Немесе кезінде ауылда өрт болғанда (көбіне шөп өртенетін) соңына қарай келіп, кететінін еске түсірер. Табан асты ойлана қалсақ, осыдан асырып ештеңе айта алмайды екенбіз. Өрт сөндіруші ретінде айтыңызшы, осы бір сала туралы шүу дегеннен не айтуға болады?

Б.Көшкенов, өрт сөндіруші:

- Өрттің ішіне кірем деп кім ойлады дейсің! Бұл мамандық дегеннен гөрі міндет дегенге көбірек келеді. Мектеп табалдырығында жүргенде арманымыз туралы жазатын едік қой, сол кезде де бұл туралы қиялдап көрмеппіз. Бұл өзі солай, баланың арман-қиялына кіре бермейтін мамандық. Ғарышкер, әнші, тарихшы, ақын, т.б. туралы армандауы мүмкін, өйткені, олар туралы қалыптасқан пікір бар. Түсінік, ақпарат, оларға деген нақты көзқарас бар. Ал өрт сөндіру қызметі жайлы көзқарас пен ақпарат жаңағы өзің айтқан деңгейде ғана. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін деп айтып жатамыз ғой, басқаны қайдам, осы тіркес өрт қызметіне әбден келеді.

Елдің  түсінігіне келсек, біздің халық негізінен кінәлауға бар да, елеп-ескеруге сараңдау келеді, әсіресе біздің қызметкерлерді жақтыра қоятын кездері аз. Ең көп еститініміз: «Ойбай, кешігіп жетті, сусыз жетіп келіпті... Су жетпей қалды, өрт әбден жанып біткенде ғана бір көрініп, тындырған  түгі жоқ, тайып тұрды», - деген сөздер көп шығады. Ал енді неге кешігіп келді? Су неге тез бітіп қалды? Оның түбіне үңіліп жатқан адам аз. Бізде әр кезек ауысқан сайын техника да, су да (басқа да қаншама дайындықтар бар) толық тексерістен өтеді. Және қай кезде де бәрі сақадай сай, дайын тұрады.  Ал, сусыз келді деген мүлде орынсыз сөз. Өзінің міндеті өрт сөндіру болса, өртті сөндіретін бірден бір қарсы қару су болса, олар неге суды ұмытып кетуге тиіс? Біздің ең шағын деген көлікте екі жарым тонна су болады.  Ол су үлкен қысыммен айдағанда асса бес-ақ минутқа жетеді. Әлгі реніштің төркіні сол. Ал ол маңда су көздері бар ма (гидрант), жоқ па немесе бізде «маловодный» аудандар дейді, гидранттар мүлде тартылып үлгермеген жаңа аудандар қаншама... Мұндай жағдайда ең жақын ағып жатқан шағын өзен-көлдерді пайдалануға тура келеді. Тіпті болмаған жағдайда қосымша көмек шақырылады.

- Сіздер ондай көмек шақырып немесе цистерналарыңызды қайта толтырып келгенше өрт күтіп тұрмайды ғой?

- Әрине, өрт – тілсіз жау. Қас пен көздің арасында ұлғайып, жоландағы жұтып үлгереді. Өрттің де өзінің жаны бар. Бағыт-бағдары, өршу аймағы болады. Табиғи факторлардың да әсері аз емес. Жаз бен қыста болатын өрттің айырмашылығы – жер мен көктей. Сыртта қырық градус ыстық, кез келген дүние жанып кетуге тіленіп жатады. Қазіргі салынып жатқан үйлердің материалдары да жануға бейім заттар, бәрі пластик, бәрі химия.

- Өрттің жаны бар деп қалдыңыз. Әр нәрсеге тылсыммен қарап үйренген халықпыз ғой, бабаларымыз да отқа табыныпты. Қазір де жұрнағы жоқ емес. Отқа май тамызу деген сынды салт бар мәселен. «От айғай-шуға өршиді» дегенді естіп қаламыз. Бұл әшейін сөз бе, әлде тылсыммен байланысы бар ма?

- Осы уаққа дейін көзім жеткен бір нәрсе – отты да оты бар адам өшіреді. Бұл талас: От пен судың күресі; от пен адамның тартысы. Оттың ішіне кірдің делік, егер үрейге бой алдырдың ба, қорықтың ба, онда өрт сөндіру қайда, өзің өртеніп кетуің мүмкін. Өрттің ішіне кірген сәттен бастап, сен біріншіден, көк түтінмен демаласың. Екіншіден демі бет шарпыған жалынның ішінде жүресің. Суды да оңды-солды шаша бермейсің, алдымен жылдам ойлана білу керек,  тез шешім қабылдауға мәжбүр болатын жайттар аз кездеспейді. Сосын, екі жарым тонна суды бес минутта шашып тастайтын қысымы бар оқпанды ( «ствол» немесе «рукавка» деп атаймыз) ұстап тұра алатындай күшің болуы керек.  Үш-төрт жігіт жабылып, әрең ұстайтын оқпандар болады. Оның қысымы керегені құлатып тастай алады. Басыңнан бақайшығыңа дейін тер сорғалайды, қанша жерден маска кидім дегенмен, толық тыныс ала алмайсың. Оған шыдауға болады әрине. Ең қауіптісі – кез келген сәтте жарылыс болуы мүмкін, немесе отқа оранған объект жапырыла құлауы мүмкін. Міне осындай жағдайда өзіңді ұстай білу, қорқынышқа бой алдырып, өзіңді жоғалтып алмау – өрт сөндірушінің басты міндеті. Мұндай сәтте өз қара басың ғана емес, қасыңдағы серіктерің үшін де жауаптысың. Жолдастарыңның мықты болуы да көп нәрсені шешеді.

Кейде қызық жағдайлар болады, біз келіп жеткенде айғайға аттан қосып жүретін кісілер жиі ұшырасады.  «Ананы сүйт, мынаны бүйт», - деп,  қой дегеніңе қарамай, көмек көрсетуге ұмтылып жатады. Жақсы ниет қой әрине. Басында кері қайтаруға тырысатынмын, кейін өздері-ақ өрттің ошағына қарай жақындағанда, бірден кері серпілетінін біліп алдым. Тура мағынасында артқа секіреді. Соңынан қарасаң бастапқыдағыдай емес, жуасып қалғанын көресің. Ал, көпшілік сыртта тұрып алып айғайлағанға, ақыл айтқанға шебер. Отты айғай өршітеді дегеннің мәнісін тылсыммен байланыстырмай-ақ, сын сағатта өзіңді игеру мен  айналаңды, істің, өрттің бет алысын аңдай алумен байланыстырған дұрыс шығар. Өрттен басқа да өмірдің кез келген қиын сәтінде сасқақлақтық қауіпті асқындыра түседі. Өрттің де былайғы өмірден тыс заңы жоқ.

- Қимыл үстіндегі өрт сөндірушінің ең басты міндеті қандай?

- Алдымен өз өміріңді ойла. Өзіңді ойлай отырып өзгелердің өмірін құтқарып қалуға тиіссің. Ең бірінші адам өмірі. Өрт шыққан жерге барғандағы алғашқы сұрақ та – іште адам бар ма, жоқ па, соны анықтау. Одан кейін оттың өршіп кетпеуін қадағалау. Жанған дүние жанды ғой, ол кетті, енді кері қайтаруға кеш. Ендігі мәселе соның айналасына таралып кетпеуі. Жарылғыш заттар болса, соларды өрт аймағынан алып шығу да алғашқы атқарылатын шаруа.

- Сыртта тұрып ақыл айтады дегеннен шығады, «басы ауырмағанның Құдайменен ісі жоқ» дейміз, десек те, елі іші жақсысыз емес қой, қарапайым халықтың сіздерге пайда тигізген кездері жоқ емес шығар?

- Өрт шыққан кезде былайғы жұрт алдымен өзі өшіруге тырысады. Өрт әбден күшіне мініп, күш бермейтін деңгейге жеткенде барып бізді шақырады. Оған қаладағы көлік кептелісін қосыңыз. Адамдардың бәрінің жеке шаруасы бар, жұрттың бәрі асығыс, тіпті, мүмкіндігі бола тұра жол бергісі келмейтіндер кездесіп тұрады. Біз барғанша бекер обалы қане, ел боп, жұрт боп, көптеп, көмектесіп жатады. Біз жеткенде де оқпандарды тартысады, көлікке ыңғайлы жерді босатып, анталаған елді кейін ысырып дегендей... Мұндайда білесіздер, жұрт концерт көруге, цирк тамашалауға келгендей жиылады. Азаматтар бар ғой, Құдайға шүкір. Мұндайда телефондарын алып, видеоға түсіріп тұратындар да көп. «О анау сүрініп кетті, мынау құлап қалды»,  деп. «Әй, дұрыстап істеңдер!» - дейді қарап тұрмай. Бірақ, оларға қарап жататын мүмкіндік жоқ, алғашында жаман әсер ететін, кейіннен етің өліп кетеді екен, мән бермеуді үйренесің. Кім сүрінбейді, кім құламайды, бәрі заңды нәрсе. Оған бола ешкім айыпталмауға тиіс. Ал, көмекке келсек, бізге керек ең үлкен көмек – сабыр. Кедергі келтірмесе болды, одан үлкен көмектің керегі жоқ. Үйі, дүниесі жанып жатқанын көру кімге де болса оңай емес,  дүние-байлықтың күйігі оңай ма, кейде абайсыз отқа түсіп кетіп, күйіп қалып жататындар болады.

Кейде адамдардың махаббатын, жанашырлығын, ризашылығын сезінесің, қамқорлығын көресің... Таңға дейін бел жазбай жұмыс істейтін, өртпен алысатын кездер болады. Ешқандай үзіліссіз. Он-он екі сағат нәр татпайсың. Қаталайсың, кенезең кебеді, басың айналады, көзің қарауытады. Жасыратыны жоқ, сондайда «шіркін, бір ыстық шай болса», деп аңсайсың. Өрт кезінде бір минут тізе бүгіп ішкен шайдың дәмі таңдайдан кетпейді. Әлгі ашаршылықтағы құйқаның дәміндей ғой. Шай ұсынған адамның бет бейнесін өмірі ұмытпайсың. Адамды жақсы көру үшін көп ештеңенің қажеті жоқ, осындайда ұсынған бір жұтым қара су да жетіп жатыр.

- Ондай мүмкіндіктер болмаған жағдайда ше?

- Цистернаның суы... Ол біз үшін қасиетті саналады. Байырғыдан келе жатқан салт дейсіз бе, ұстаным дейсіз бе, шөл қысқан жағдайда ол өзеннің суы ма, басқа ма, оған қарамайсың, зәмзәм суынан кем көрінбейді бізге.

- Сіздер үшін судан да өзге қадір тұтатын, қасиет санайтын салт, ұстаным бар ма? Аттап кетуге болмайтын жазылмаған заң, қағидалар болатын шығар?

- Біздің ең қасиетті борышымыз, ең басты қағидамыз – қасыңдағы адамды тастап кетпеу. Ешқашан! Қандай жағдайда да. Бірге өлуге болады, бірақ, тастап кетуге болмайды. Звено бірге кірді ме, бірге шығу керек. Достық,  бауырмалдық болмаса, ештеңе тындыра алмайсың. Біз өміріміздің үштен бір бөлігін солармен бірге өткіземіз. Мен әке-шешемді, бауырымды, досымды айына бір мәрте көруім мүмкін, ал әріптестерімді әр үш күн сайын көрем. Әр үш күн сайын бір тәулік бойы солармен бірге болам. Мейлі, өрт болсын, болмасын. Олардың отбасында не болып жатыр, әке-шешесінің, бауырларының жағдайы қалай, баласы қалай өсіп келеді, өзі ғана емес, оның айналасындағы жақын-жуығының басында қандай проблема бар, соның бәрі маған аян. Ол қалай қарайды, не ойлайды, неге қайғырады, бәрі-бәрі...

Басыңда қиыншылық бар ма, жоқшылық көріп жүрсің бе, қайғың бар ма, қуанышың бар ма, бәрі өртке кірген сәттен бастап сыртқы әлемде қалып қояды. Алдыңда тілі жалындаған от, қасыңда әлгі бауырларың. Өрт сөндірушілердің жұмысы ұжымдық, бірлескер қимылға құрылады. Әркімнің өз міндеті бар. Қатерге бірге барасың, бірге шығасың. Егер газ баллон жарылғалы жатса, оны сен ұста, мен ұста деген болмайды. Кім бірінші жетеді, кім жақын тұр, сол қауіпсіз жерге шығаруға тиіс. Неге? Өйткені, ол жарылса, оны ұстаған адам ғана емес, бүкіл айналасы жоқ деген сөз.

- Жолдасты жолға тастамау деген қасиетті қағида ғой, ол түсінікті. Дегенмен, тек өрт сөндірушілерге ғана қатысты салт-жоралғылар қызықтырады бізді. 

- Алғаш жұмысқа кірген адамның «боевкасын» (өрт сөндірушінің формасы) сулау деген бар. Кезекті еңбек демалысынан келгенде және жаңа форма алғанда да солай. Әр кезекті ауысымға таза келу керек деген өлшем бар. Таза келу – дәрет алу, жуынып-шайыну емес, ешкімді ренжітпей, ешқандай күнә жасамай келу деген сөз. Өрт шықты деген хабар жеткенде өрт сөндірушілер «қайсың не бүлдірдің?» деп бір бірін қыжыртып жатады. Бір бірімізге тілек айтқанда да «Жеңімізге су тимесін!» деп тост көтереміз. Қандай тілектің де қорытындысы осы сөз.

- Өрт шықты деп естідіңіздер. Жолда кетіп барасыздар. Сондағы бірінші тілек қандай?

- Біздің ең негізгі тілек: Өрт ішінде адам қалмаса екен. Ешкім қаза таппаса екен. Одан кейін жаңағы айтқан газ баллон, сосын электр тогы болмаса екен деп тілейсің. Басқасы аса қиын емес.

- Ел арасында өрттің ішінен адам алып шығыпты, құтқарып қалыпты деп дәріптеліп, марапатталып жататын қарапайым адамдар туралы естіп қаламыз. Сүйіп айтады, сүйініп айтады. Бұл  былайша айтқанда, басыңды өлімге байлау ғой. Өрт сөндірушінің көзімен қарағанда осы нәрсе қаншалықты дұрыс? Аман қалса, әрине керемет. Жолы болмаған жағдайлар да тіркеліп жатады ғой?

- Мұндай ерлік жасау – мыңның бірінде ғана кездесетін жағдай ғой. Қалай сүйсінсең де, қалай марапаттасаң да лайық ерлік бұл. Бұл қадамға жүрегінің түгі бар адамдар ғана бара алады дер едім. Өрт ішінде жақыны қалып қалған адамдар тәуекел етіп жатады көп жағдайда. Бірақ, мұның да өзіндік мүмкіндік шегі бар. Айталық, өрттің алғашқы деңгейінде. Өрт әбден өршіп кеткен кезде қанша жүрек жұтқан болса да арнайы форма кимеген адам оттың ішіне қарай аттап баса алмайды. Ол физикалық тұрғыда мүмкін емес. Жақсылықты да, жамандықты да өсіріп айтамыз ғой, ойдан шығарған дақпырт деуге де болады. Әрине, алғашқы кезеңде кіру де оңай емес, қайтар жолың жабылып қалуы мүмкін, көп қой ондай жағдайлар. Бірақ соның бәрін біле тұра басын бәйгеге тіккендер қандай құрметке де лайық.

Ал енді өрт сөндірушінің көзімен қарағанда, адам денесінің мүмкіндігі жетпейтін ыстыққа (жоғарғы деңгейдегі өртке) жалаң қолмен ешкім кіре алмайды. Кіруге әрекет жасағандар болған шығар, бірақ, алғаш бас сұққанда-ақ автоматты түрде кері серпілесің. Адам ешқашан өзін тірідей отқа тастай алмайды. Мысалы, қатты өршіген өрттің ішінде арнайы жасалған масканың өзі балқып кетеді. Маска балқыса бет күйеді. Сол кезде қалай атып шыққаныңды өзің де байқамай қаласың. Адамдардың бір біріне деген жанкешті көмегі сөз жоқ ғажап ерлік, бірақ, белгілі бір өлшемде ғана. Айта кетерлігі, мұның барлығы өрт сөндірушілер келгенге дейінгі жағдай. Өрт сөндіру қызметі жүрген жерде қарапайым адамдар өрт ошағына қарай жіберілмейді.

- Оқу-жаттығу, өрт қызметі жүйесі туралы айтсаңыз?

- Үлкен нысандарды арнайы зерттеп, тізімдеп, күн сайын ақпарат алып отыратын арнайы ақпарат орталығы бар. 101-ге қоңырау түскен сәттен бастап дәл сол күні өрт шыққан нысанда кімдер болды, күзетшіден басқа қанша адам бар, бәрі арнайы түгенделеді. Көп жағдайда қаза болып жататын адамдардың көпшілігі біздің тізімнен тыс адамдар болып шығады. Яғни, тіркелмеген. Біраз жыл бұрын алты студент жанып кетті ғой, аты шулы қайғылы жағдайды әлі ұмыта ойған жоқпыз. Сол кезде бір әңгіме пайда болды: Өрт сөндірушілер сырттан келіп, ішін қарамай, өртті сөндіруді бастап кеткен дейді. Өйткені, олар білмеген. Марқұмдардың әлгі нысанға қатысы болмаған. Тех.персонал емес, сырттан қара жұмыс істеп ақша табу үшін барған. Олар туралы 101-ге мәлімет берілмеген. Іште адам болғанын құрылыс компаниясынан өзге ешкім білмеген. Егер алдын ала ақпарат беріліп, ескертілсе, біздікілер ең алдымен соларды құтқаруға күш салар еді. Мейлі қандай деңгейдегі өрт болса да кірер еді. Аса қауіпті өртке киетін арнайы форма болады, драйгер дейміз. Тыныс алу органдарын газ-түтіннен қорғайды. Өте қатты өрт кезінде ғана киіледі.

Ал, оқу-жаттығу екі бағытта: физикалық және техникалық дайындық. Біз әр нысанды алдын ала оқимыз. Характеристикасын қараймыз. Көпшілік бізді өрт болмайтын күндері жатып алып ұйықтайды деп ойлайды. Әр күн сайын арнайы сабақ өтеді. Дайындайды. Нысан жанса не істеу керек, қай жағынан кіруге болады, көрші нысандарға кетіп қалмау үшін қандай амал істеуге болады, соның бәрі алдын ала тексеріледі. Бізге әр күн сайын маңызды нысандар есеп беріп тұрады. Мектеп, аурухана, балабақша, т.б. Іште қанша адам қалды, балабақшадан қанша баланы ата-анасы алып кете алмады?  Аурухана қызметкерлер мен науқастардың тізімі, мектепте жұмыс уақытынан тыс атқарылып жатқан шаралар, ол жерде кімдер жүр, бәрін біліп отырады. Өрт шыққан жағдайда сол күні берілген мәлімет бойынша жоспар құрылады. Өрт қызметінде де ең басты құндылық – адам өмірі. Адам құтқарылғанша бар күш соған жұмсалады.

- Алыс-жақын шет елдермен тәжірибе алмасу деген бола ма?

- Болады. Бізді жауынгерлер дейді, өртке кіретін негізгі күш. Сосын бізді техникалық, тактикалық тұрғыда дайындайтын, жетекшілік ететін офицерлер бар. Шет елге көбіне солар барады. Арнайы оқу үшін. Шет елдерден бізге де келеді. Қазақстанның өрт сөндіру қызметі де жақсы жетістікке ие, алдыңғы қатарда деп айтуға болады. Техникалық жағынан да, тактикалық жағынан да. Техникалық база жыл сайын дайындалып, өңделіп, жаңартылып отырады.

Өрт сөндіру қызметіне де кім көрінгенді ала бермейді, алған соң өрттің ішіне жөні жоқ апара салмайды, арнайы дайындықтан өткен, оқуын меңгерген соң ғана барасың. Жан жақты дайын болған соң ғана өрт сөндіру жұмысына араласа аласың.

- Жаңа айтқан Алматыдағы 2016 жылы болған өрт қай деңгейдегі өрт мысалы? Біздің журналист әріптестер 500 метр жерден табы сезіліп тұрды деп жазды, рас па сол?

- Ол рас деп ойлаймын. Мен ол өртке барғам жоқ, бірақ, ол мүмкін жағдай. Алматыдағы үлкен нысандардың дені темір мен бетоннан салынады. Қатты өрт кезінде әлгі темірлер балқып, еріп кетеді. Өрттің мұндай деңгейінде адам өрттің табына-ақ жанып кетеді. Соншама тоннаны көтеріп тұрған темірдің қалыңдығы қандай болатынын өзіңіз ойлай беріңіз, сол темірді балқытып жіберген оттың табын 500 метрден сезуге әбден болады.

- Темірдің өзін ерітіп жіберген өртке киетін жаңағы ең мықты қорғаныш формаларыңыз қанша градусқа, қанша уақытқа шыдай алады?

- Үш жүз градусқа дейін шыдайды. Уақыты өте қысқа, асса 1-2 минут болар. Және мұндай өрттерге су қолданылмайды. Жаңағы ерекше формамен кіріп, өртті тұншықтыратын химиялық көбікті шашып шығуға жарайды.

- Қазақта бүлінгеннен бүлдіргі алмау деген қағидасымен үндесетін орыстардың «пиршество во время чумы» дейтіні бар. Кейде базарлар өртенген кезде сіздердің кейбір әріптестеріңіз өртті жайына қойып, нәпақа аулап кетіпті дейді. Жалпы, осы қаншалықты мүмкін?

- Өрттің ішіне кірген сәттен бастап өміріңнен өзге ештеңе ойлай алмайсың деп айттым ғой, сол сөзім – сөз. Әрине, қатаң бақылауда болмаса болмайды, біздің өрт кезіндегі іс-қимылымызды қадағалап, бақылап отыратын арнайы мамандар бар. Өртке кіргеннен шыққанға дейінгі қимыл-әрекетімізге жауап береді. Қауіпсіздігіміз, істің барысы, тәртібіміз, бәрі-бәрін қадағалайды. Жұмыс аяқталған соң мүлкі өртенген азаматтың шағымы бар-жоғын сұрайды. Куәгерлерден сұрайды. Ұрлаған ештеңе емес, әрбір сынған, бүлінген нәрсе үшін жауап береміз. Не үшін бүлінді, неге сақтап қала алмадық?..

Ал, өрт кезінде ұрлық жасапты, алып кетіпті деген сөздердің айтылатыны рас. Бес саусақ бірдей емес, мүмкін біреулер алса алған шығар, жел болмаса шөптің басы қимылдамайды ғой. Бірақ, бұдан өрт сөндірушілердің бәрі сұғанақ, ұры деген пікір қалыптаспауы керек. Рухани кеміс адамсың ба, онда, кім болсаң да бәрі бір, ұрлық жасау, қолыңды былғау түк емес. Оның тағы бір себебі болуы мүмкін, біздің көбімізге жоқшылық өтіп кеткен ғой, бәлкім содан да шығар. Негізінен, ұрлық -  ауру есептеледі. Ал енді, жалпылама көзқарасқа келсек, өртеніп кеткен жерден не алуға болады өзі? Бәрі жарамсыз болып қалады емес пе? Баяғыда Алматыдағы «барахолка» өртенгенде елдің бәрі жаппай ағылды, арзанға сатып жатыр екен деп алды, не тапты? Ештеңе де ұтқан жоқ, үйіне алып келген соң киіп көрген, киіп көшеге шыққан. Бәрі дұрыс сияқты, бірақ, түтіннің иісі сіңіп қалған. Ол ағаштың, қидың түтіні емес, қаншама химиялық материалдардың, киімдердің түтіні. Кетіріп көруге тырысқан, әуреленгенмен түк шықпаған. Сосын тастаған. Бұл да бүлінгеннен бүлдіргі алудың бір түрі. Жарамсыз, арзан дүниеге қызығып тұрамыз, «арзанның көз майы татымайтынын» білеміз, бірақ, кезі келіп қалғанда бас тарта алмай қалып жатамыз. Кедейшіліктің синдромы. Өз басым өрт кезінде пайда тауып, байып кетіпті деген өрт сөндірушіні көрген де, естіген де емеспін. Тірі шыққаның – олжа. Мыңның бірінде болатын шығар, бірақ, менің айналамда ондай жігіттер жоқ.

Біздің түсінігіміздегі өрт жалпы жұрттың түсінігіндегі өрттен мүлде бөлек. Өрттің де жаны бар дедік қой, ол да пендешілікті кешірмейді, бірде болмаса бірде жазым қылуы мүмкін. Бұған тағы бір нәрсе қосылады, өртенген мүлік иесінің пендешілігі. Яғни, өзінде болмаған заттарды жоғалды деп, шығынын өсіріп айту. Біз көбіне өрт әбден күшіне мінгенде келеміз ғой, оған дейін сол жерде қаншама адам жүрді, солардың пендешілігі оянбады деймісіз! Баяғы базар өртенгенде қаншама адам «мен қожайынымын» деп зат тасып жүрген. Оның бәрін тоқтатып, құжатын тексеріп жатпайсың ғой. Иесі кім, көлденең келгінші кім, бір Құдайға аян. Кез келген ойы бұзық адам ондай сәтті пайдаланып қалады. Бірдеңе іздеп жүрді деген сөздің шығуын да түсінуге болады. Біз кірген бетте өрттің шығу ошағын табуға тырысамыз. Жаңа айттым ғой, суды да оңды-солды шаша бермейміз деп, негізгі шығып жатқан, күшейген тұсын тап бассаң, өрт те жуасып сала береді.

- Өрт сөндіріп шыққан соң не сезінесіз?

- Былайғы кезде тартысасың, айтысасың, шекісесің ғой. Ал өртке кіріп шыққан соң мынадай құдіреттің алдында түк емес екеніңді сезінесің. Суреттеп айтсақ, миыңдағы жаман ойлар, кеудеңдегі тәкаппарлық отқа жанып кеткендей. Мұның бәрі әшейін сөз дейікші, бірақ, ең қиыны өрт кезінде адам шығыны болғаны. Әлгі адамның соншама азаппен жан тапсырғанын ойлаңызшы... Сіріңке жағам деп қолыңды күйдіріп алсаң жаның шырқырап кетеді ғой, ал ол... Ойлаудың өзі қорқынышты.

Сіз өзін өзі өртеген адамның әрекетін бақылап көрдіңіз бе? Оның жанкештілігі алғашқы секундта ғана. От тиді, лап етіп жанып ала жөнелді. Ары қарай оның санасы жұмысын тоқтатады, инстинкт жұмыс істейді. Жан далбаса қарману, шырқырай қашу, азапты сезіну... Өзін өзі саналы түрде өртеді деген адамның әрекеті әлгіндей болғанда, одан бірнеше есе ыстық өрттің табында шыжғырылып, көз жұмған адамның азабын айтудың өзі ауыр. Соның бәрін көргенде кәдімгідей жуасып қалғаныңды байқайсың. Айналаңа құрметпен қарай бастайсың. Кез келген сәтте қасыңда жүрген досың ба, туысың ба, біреудің жоқ болып кетуі мүмкін екенін ойлайсың. Өрттегі адам өлімін көру жаназадан да ауыр, жаназадан да тереңірек...

- Өрт болса болды, болмаса 24 сағат бойы ұйықтап-ұйықтап, үйлеріне қайтады, жұмыстары рахат, үш күнде бір келеді деп ойлайды дедіңіз ғой сіздер туралы. Кейде еңбегіміз бағаланбады-ау, біз туралы тым таяз ойлайды-ау деп, көпке өкпе артатын кездеріңіз бола ма?

- Мен жұмысқа барып, күні-түні ұйықтап келсем де, үйге келген соң демалғым келіп тұрады. Ұйқың келеді. Неге? Жұмыста қатер күтіп жатып көз ілесің, көзің ұйқыда болғанмен, көңілің ояу. Көңілі алаң адамның миы ұйқыға толық беріле алмайды. Бізде де солай. Елегізу дейді ғой.

Ал өкпеге келсек, кімге өкпе артқандайсың... Мектепте сабақ берген бір ұстазымыз кейін бір кездескенде өзіне рахмет айтып қоймай қойған шәкірттеріне: «Сендерді оқытсам жалақымды алдым, міндетімді атқардым. Сендердің бәріңді көшеден жетелеп әкеп, білім үйретсем, міндет артуға болатын еді»,  - деп еді. Бұл міндетің, бұл жұмысың, бұл жеп отырған наның. Өміріңнің үштен бірі. Міндетситіндей де ештеңе жоқ. Адам мүмкіндігінің де шегі болады, өрттің игерілу, игерілмеуі бір Құдіреттің күшіне байланысты. Мәселен, 2015 жылғы Медеудегі дала өрті сияқты алып өрттерде құдайдан болмаса, адамнан қайыр аздау. Сол жылы қатты қуаңшылық болды, оның үстіне қылқан жапырақтылар көк екеніне қарамай өз майына өзі жана береді. Мұндай жағдайда өрт сөндірушілердің қолынан келетіні таралу аймағын шектеу ғана. Сонда құдай оңдап, жаңбыр жауып қана өрт сөнді.

- Өрт дегенде есіңізге ең алдымен не түседі?

- Өрт мен үшін резинканың иісі. Тамағыңның удай ашығаны, көзіңнен парлап аққан жас. Өйткені, өртті ең алдымен сезінетін адамның көзі мен тыныс жолы. Сосын өрт мен үшін шығын, материалдық шығын. Әлдебір затыңды жоғалтып алсаң да ішің күйеді ғой, ал көз алдыңда бүкіл дүние-мүлкің жанып кетсе қандай күйде боласың?.. Ал оның ар жағында ең ауыры адам шығыны. Өрттің ең ауыр зардабы да сол. Өрт те өшер, дүние де қалпына келер, адам өмірін қайтара алмайсың...

- Әңгімеңізге рахмет! Жеңдеріңізге су тимесін!  

Сұхбаттасқан Алмас НҮСІП

Байланысты жаналықтар

Өрт сөндіруші: Өртенген жердің иесі ғана жүгіріп жүреді, көршілері қарап тұрады

06.04.2022

Өрт сөндіруші болу үшін не істеу керек?

29.03.2022
MalimBlocks
Өрт сөндіруші: Өртенген жердің иесі ғана жүгіріп жүреді, көршілері қарап тұрады

Қанша маңызды мамандық болса да, Қазақстанда көп елене бермейтін саланың бірі - өрт сөндіру қызметі. Malim.kz тілшісі Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы нөмірі 13-бөлімінің өрт сөндірушісі Самат Мекетаевпен мамандықтың машақаты мен рахаты жайлы сұхбаттасты.

Өрт сөндіруші болу үшін не істеу керек?

Өрт айтып келмейтін қорқынышты апаттың бірі. Өрт болған жағдайда көпшілік адам не істеу керегін білмей, от құрсауынан шығудың жолын таба алмай, абдырап қалады. Және сондықтан олардың тірі қалуға мүмкіндігі азаяды. Алайда бұл сәтте оларға өрт сөндірушілер көмекке келеді.