Алматы – туристердің сүйікті қаласы
Қазақстан туризмі дегенде ең алдымен көз алдыңызға не елестер еді? Есіңізге қай қала түсер еді?
Біздіңше, әрине, Алматы. Мың жылдық тарихы бар қаланың жасампаз болмысы ғасырлар қойнауынан бізге жетті. Алматы қаласының тарихына қарасаңыз, мыңжылдықтың бедеріне қала қатты өзгерген. Оның архитектуралық келбетінде де сол жылдардың бедері жатыр. Г. Қозғамбаева «Алматы қаласы және оның тарихи-мәдени ескерткіштері» атты ғылыми мақаласында: «Қалада салынған неғұрлым ірі және бірегей архитектуралық және қоғамдық ғимараттарды зерттеу негізінде, Алматы сәулетшілері отандық және дүниежүзілік архитектураның барлық жетістіктерін пайдалана білген. Олар эстетикалық талғамдық, етене пластикалық көрнекілік, халықтық сәулет өнері және әрлеу жұмыстарында ұлттық ою-өрнек нақыштарын орынды қолдана білген өзінің жоғары кәсіпті ұлттық архитектуралық мектебі салған деген қорытынды жасауға негіз бар. Қала бүгінде ғылым мен мәдениет, білім мен өнеркәсіп және қаржы орталығы. Қаланың архитектурасында ұлттық ерекшеліктің элементтері, қала аумағының табиғат сұлулығы және құрылыс саласындағы ғылым мен техниканың жетістіктері жүйелі түрде, жоғары талғампаздықпен үндестік тапқан.Бүгінде Алматы қаласында 179 тарихи және мәдени ескерткіштер, оның 99 – тарихи және сәулет, 52 – монументальды, өнер және 28 –археологиялық ( оның ішінде 30 ескерткіш республикалық маңызы бар. Қорытындылай келе, қаланың қалыптасып даму тарихы мен ондағы тарихи мәдени ескерткіштерін зерттеу барысында, қала мен оның төңірегінде тас,қола, темір дәуірі мен ортағасырлардан қалған сан алуан тарихи –мәдени ескерткіштердің бар екендігіне көз жеткіздік. Археолог, ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, ортағасырлардағы қала аумағы мен оның төңірегіндегі Боралдай сақ қорғандары, Есік қорғанынан табылған алтын адам, Қарғалыдан табылған диадема сынды тарихи ескерткіштердің ерекшелігіне тоқталдық. Ортағасырда қаланың өмір сүргендігін айғақтайтын жазба деректер мен археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған қыш ыдыстар,теңгелер мен ондағы (теңге) жазуды оқу барысында қала аумағында ортағасырларда теңге сарайы болғандығы және Алматы қаласының аты қазіргідей айтылғаны айғақталды. Көптен бері пікірталас тудырып жүрген Алматы қаласының жасы 1000-1100 жыл деген қорытынды негізге алынды. Алматы қаласы моңғол шапқыншылығы, Әмір Темір мен оның ізбасарларының жаулап алу жорықтарының, Жібек жолымен халықаралық сауданың қысқаруы себептеріне байланысты құлдырағанымен мұндағы отырықшылық өмір тоқтаған жоқ. ХV ғ. ортасында Алматы аумағы қазақ халқы мен Қазақ хандығының қалыптасу орталықтарының бірі болды» деп жазды.
Әлі де тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық ірі орталығы саналатын Алматы қаласына жыл сайын туристер ағылып келеді. Жыл өткен сайын түрленіп келе жатқан мегаполистің шекарасы кеңіп келеді. Алатау бөктерінде орналасқан әсем қаламен көптеген адамдар өз өмірін байланыстырады. Сутдент кезінде оқыған, я бір заманда қалада тұрып кеткен адамдар Алматының табиғатын аңсап тұрады.
Алматы қаласының туризм басқармасының ақпаратыша, қазіргі қалыптасқан жағдайларға байланысты туристер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы елдерді, Түркия, Араб елдерін таңдайды. «Соған қарамастан, ішкі туристердің саны 422 мың адамға жеткен. Қазіргі жағдайды ескере отырып, біз ішкі туризмге ерекше назар аударамыз. Негізінен таулы аймақтарда туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, былтыр орталықтар, глэмпинг қонақ үйлер салынды, тау соқпағы абаттандырылды. Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біз биыл тікұшақ алаңы, лашықтар салынады. Таулы аймақтарда туристік навигацияның бірыңғай жүйесін құруды жоспарлап отырмыз», - деп жазады Алматы қаласының туризм басқармасының қызметкерлері.
Ішкі туризмге назар аударатындай-ақ жағдай бар. Өйткені пандемия уақытында қалдан шыға алмағандар, Алматы айналасындағы таулы жерлерді жағалап кеткен болатын. Сонда инфрақұрылымы дамымаған жерлерде кәдімгідей қиналыс болған. Сол себепті Алма-Арасын шатқалы бойындағы демалыс аймақтарына инфрақұрылымдық жұмыстар әжептәуір жүргізілді.
Туризм саласының кадрлық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Жыл сайын экскурсоводтарға арналған семинарлар, әуежай, теміржол вокзалдары қызметкерлері үшін тренингтер ұйымдастырылып жүр. Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша, алғаш рет музей, театр, кітапхана қызметкерлеріне ағылшын тілінен онлайн курс өткізіп жатыр. Оған 667 адам қатысқан. Дүниежүзілік туризм ұйымының мәліметінше, 2021 жылы туристер саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 22-55% -ға өскен. Дегенмен бұл сала алдағы төрт жыл ішінде пандемияның әсерінен зардап шегуі мүмкін екен.
«Халықаралық тенденциялар мен сарапшылардың пікірін ескере отырып, біз 2021 жылы Алматы қаласына туристердің (сыртқы және ішкі) санын 25% көбейтуді жоспарлап отырмыз, бұл 921 мың адам. Алматы қаласының туризм басқармасы 2024 жылға қарай туристер санын 1,2 млнға жеткізуді көздеп отыр. Эпидемиологиялық ахуалды жақсаратын болса, жыл сайынғы өсім 6-7% болады», - деп атап өтті Алматы қаласының туризм басқармасының қызметкерлері.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында еңбек өнімділігін арттыру және экономика құрылымын өзгерту үшін Алматы әкімдігі цифрландыруды, креативті индустрияны және туризмді дамыту арқылы құрылымдық маневр жасап жатқанын айтқан болатын.
Оңтүстік астанамыз – Алматы қаласында 2025 жылға дейінгі цифрландыру стратегиясы және қаланың бірыңғай ІТ-архитектурасы жасалып, сарапқа салынды. Ол жұмысты атқара алатын компаниялардың тізімі жасалып, таңдау жұмыстары да жүргізілді. Әрине, оған дейін де бәсекеге қабілетсіз компаниялар өздері де су бетінше шыққан көбіктей анықталады. Бұл уақыттың талабы да сол. Мықтыларды өзі анықтайды. Ал Алматы қаласы қай уақытта да алдыңғы санаттан табылуға тиіс. Сондықтан заманауи технологияның бар мүмкіндігін мейілінше пайдаланып, алдағы уақытта шаһарымыз жасанды интеллект арқылы ұтымды басқаруға көшеді. Бұл салада жастарымыз да оқып, осы жұмысқа ыңғайланады. Бұл қаланы заманауи технологиямен басқаруға мүмкіндік береді. Солайша туристерге де ыңғайлы қала сипатынан айырылмайды.
Алматы қаласы экономикалыұ жағынан өте қуатты. Бұнда бизнестің барлық түрі бар. Туризмге керек бір сипаты осы. Заманауи трендтердің барлығы алдымен Алматыға келеді. Жаңа заман индустриясында осы күні елу мыңнан астам адам қызмет істейді. Бұл жалпы жұмыс істейтіндердің бес пайызы. Төрт мыңнан астам кәсіпкер мен үш жарым мыңнан астам компания осы салада жұмыс атқарады. Қазақстанның креативті бизнесінің елу үш пайызы Алматы шаһарының еншісінде.
Жаңа индустарияның дамуына Алматы қаласы әкімдігі де көп көмектесіп жатыр. «Алатау» креативті хабы осы мақсат үддесінде қызмет етеді. Бұл жер нағыз шығармашылықтың ордасына айналған. Күніне жеті жүз адам осы орталықта өз арманын іске асырады. Бұндай орталық қала тұрғындарына да, қонақтарына да керек. Сондықтан тура осындай шығармашылықпен еркін айналысуға мүмкіндік беретін орталықты Алматы қаласының Медеу ауданында ашу көзделіп отыр. Оған қоса, қаланың көркі болатын «Depo Evolution Park» бұрнағы трамвай паркінің базасында бой көтеріп, қаланың сәулетіне сән қоспақ.
Бұл орталық – креативті индустрия паркі Алматы қаласындағы ең ірі ғимараттардың қатарына кіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алматының бұл жаңа бағыттағы еңбек тәжірибесі Қазақстанның өзге шаһарларына да үлгі болады.
Алматы қаласының туристердің сүйікті қаласы болатындай жөні бар. 2021 жылдың алғашқы тоқсанында туризмге салынған инвестиция көлемі 29,6 млрд теңге болған. Бұл туризмнің потенциалын байқатады. Әрі туристердің назары барын көрсетеді.
Осы сұранысқа сәйкес тау соқпақтары цифрландырылып, бес жүз шақырым соқпақ жөндеу жұмыстарынан өтті. Тікұшақ қонатын алаң, жедел көмек көрсететін орталықтар да салынып жатыр. Бұлар төтенше жағдай кезінде өте керек дүниелер. Өйткені табиғи апаттарды Казгидромет алдын-ала хабарлап отырғанмен, табиғатқа ешкімнің күші өтпейді, сөзі жүрмейді. Сондықтан ондай алдын алу қызметтерін де ойластырған жөн.
Алматы қаласын дамыту бойынша өткен жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қаланы көгалдандыру мәселесінде науқаншылыққа, ұқыпсыздыққа және әлдекімдердің мүдделерін қолдауға жол берілмеуі тиіс. Бұл мәселеде ғылыми көзқарасқа, кәсібилікке, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және қаланы үйлесімді дамытуға басымдық берілуі керек. Алматыға «жасыл қала» мәртебесін қайтаруға міндеттіміз», – деген болатын.
Қазір осы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. бұл Алматының туристер қызығатын келбетін жоғалтпауға зор мүмкіндік беретінін тағы айтқымыз келеді.
Жаңа заманның келбетіне Алматы да түрленіп, жаңарып, жасарып қарайды.