"Куәгерлерде" басы артық сөз қолданыстар мен қайталау бар
Бақытбек Қадырдың «Куәгерлер» атты шағын әңгімесін бір демде оқып шықтық. Негізі оқи салысымен көкейде қалар сезім-күй табы шығарманы бағалаудағы басты фактор екені рас. «Куәгерлердің» оқырман ойын өзіне көгендер көркемдік нақыштары бар екен: қоршаған орта мен кейіпкер портретіне қатысты егжей-тегжейлі сипаттаулардан аулақ; символға ауқымды мағына сыйғызу талабы айқын; тылсым құбылыстардың өзара сабақтастығын жеңіл мегзеумен ғана танытады.
Әңгімедегі кісі өлімі орын алатын кеңістік суреттемесінен бастайық. Көркем уақыт пен кеңістіктегі жол мен бағдаршам символдық тұрғыда тағдыр мәнін арқау ете отырып, суреттелген қас-қағым мезеттің кейіпкер (сары шашты қыз) өміріндегі шешуші сәт екендігін аңғартады.
Шығармада қыздың апатқа ұшырауының логикалық себеп-салдарын түрліше саралауға болады. Детективтік баяндау үлгісінің түпкі мақсаты да – сол. Жалғыздығынан көңілі құлазыған қыздың өлімге қасақана өзі беттеуі мүмкін. Оны жаңбырлы түнде абайсызда автобус қаққан болуы да мүмкін. Қайғылы оқиғаның үшінші бір себебі қалалық пейзаж суреттемесіндегі мистикалық астармен байланысты болуы да әбден мүмкін. «Тасжолға түскен бейнесіне үңілген» қыз бен жол бетіндегі шалшық су арасындағы тылсым байланыс бар.
Сюжетте логикалық финал жоқ: автор түнгі оқиғаның шынайы тізбегін айқындауды саналы түрде оқырман еншісіне қалдырады. Яғни таңдау әр оқырманның өз еркінде. Оқиғаның қиюласуы, композициялық түзілім, психологиялық атмосфера – тұтастай алғанда өзара үйлесімді. Дегенмен баяндау жүйесіне қатысты кейбір олқылықтарды байқамау мүмкін емес.
Әңгіменің бірінші бөлігіндегі баяндаушыға тиесілі көзқарас позициясының тым нақтылығы («Жолдың арғы беті») логикалық қисынға келмейді. Оқырман көкейінде: «Сонда мұны көріп тұрған жолдың бергі бетіндегі кім болды?» деген сауал тууы мүмкін.
Шығарманың басындағы шалшық су бейнесі кинематографиялық стильдегі суреттеу техникасымен ірі планда шығарманың күллі панорамалық көрінісі ретінде ұсынылады. Негізінен түйінді мистикалық мотив те осы көрініспен тамырлас. Алғашқы екі сөйлемге назар аударайық: «Көше шамдарының сәулесі мен бағдаршамның қызылды-жасылды жарығы тасжолдың бетіндегі мөлтіл суға шашырап, жол үстінде қызыл-жасыл түсті жарықтар дірілдейді. Арагідік зу етіп өте шыққан машиналар шалшық суды шашып, әлгі түрлі-түсті жылт-жылт еткен бояуды сапырылыстырып, реңін бұзады». Баяндаудағы басы артық сөз қолданыстар мен қайталаулар ойша жобаланған мөлтек картинаның көркемдік сапасына нұқсан келтіріп-ақ тұр. Бірінші сөйлемді «Көше шамдары мен бағдаршамның жарығы тасжолдың бетіндегі мөлтіл суға шашырап, жол үстінде қызыл-жасыл түсті жарықтар дірілдейді» деп қайырса, сөзбен салынған бейне әлдеқайда ұтымдырақ шығар ма ед?..
Қайғылы оқиғадан кейінгі су бетіндегі өзгеріс («Жол үстіндегі жылтыраған түстің бәрі демін ішіне тартып, түнере қалған») осынау түнгі қаланың тіршілігіндегі жалтырақ, әлеміш әлемнің бір сәттік екендігін аңғартады. Су бетінде ойнаған от дерсің... Қыздың басын жалмап әкеткен жалтырақ әлемнің жалмауыздығына куә болғандаймыз. Опат болатын кейіпкердің құлаққаппен музыка тыңдауы, терімшінің телефоны сынды детальдар да жұмбақтың көп шешімдерінің бірі ретінде зерделенеді. Сайып келгенде, ойда жоқта опат болған сары шашты қыздың өліміне кімнің қалайша күнәлі болуы да маңызды емес. Әңгіменің өзегінде мағынасыз өмір жайлы ой-түйін жатса керек.
Жалпы әңгіме оқылады. Жоғарыдағы олқылықтарды есепке алмағанда, мәтін артық авторлық ремаркалардан ада. Біздің ойымызша, автордың мейлінше жіті назармен мәтінді қайта сүзіп шыққаны абзал.
Альмира Қали, филология ғылымдарының кандидаты
Оқи отырыңыз: Бақытбек Қадырдың әңгімесі – «Куәгерлер»