Ерболат БАЯТ. Жанар және Моника
Жанар түн ішінде жаман түс көріп, бастырылып оянды. Қара терге малшынып, жүрегі атқақтап жатыр екен. Тура өңіндегідей, мұны прокурор тарамыс, арық қолдарымен қылғындырып жатыр. Бір көзі жоқ екен дейді. Мойын тамырлары білеуленіп, бір көзі ақиып, күрек тісі сояудай болып көрінеді. Бұл «Ағатай! Ағатай, не жазығым бар еді?!» деп айқайлап жатыр. Бірақ қырылдап даусы шықпайды. Енді өлдім-ау дегенде оянып кетіп, есеңгіреген қалпы өзіне-өзі келе алмай біраз жатты. Баяғыда апасынан көргенін істеп, сол жақ иығына үш рет «суф» деп үшкірген болды. Сонда да көңілі тыншымай, сықырлауық төсегінде аунақшып жатып, таң алдында қайтадан ұйықтап кеткен. Бірақ тәтті ұйқыдағы мұны «китайский» қызыл сағаттың шырылы «тұр-тұрлап» қоймады.
Жанар таңғы алты жарымда сонда болуы керек. Жазғытұры болғандықтан, таң әлдеқашан атыпты. «Оразамды сонда ашармын» деп ойлаған ол асыға жүріп киініп, сіңлісі Тәттігүлдің қасында жатқан кішкентай ұлының бетінен ақырын сүйді де, сыртқа шыққан. Иір-шиыр тар көшені кесіп өтіп, аласа үйлердің арасымен жүріп, қаладағы ең үлкен көшелердің бірінен такси ұстап, Әл-Фараби даңғылының өр басындағы вилла қалашығына кетіп бара жатқанын енді білген. Еріксіз есіне прокурор түскен. Жүрегі дір еткендей болды. Жанар екі күнде бір рет осылай қатынайды. Прокурордың үйі биік дуалмен тегіс қоршалған, айналасы атшаптырым үш қабатты зәулім вилланың кіреберіс қара қақпасы мелшиіп үнемі үнсіз тұрады. Тек анда-санда ғана қымбат шетелдік автокөліктерге айқара ашылып, қайта жабылады.
Бұл дарбазаның қоңыраулы түймесін басқанда, қаусырма есіктің тесігінен еңгезердей, ұлты кавказдық күзетшінің қоңқақ мұрны, алақандай ала көзі көрінеді.
– Это, ты Джанар? – деп сұрайтын әдеті. Келген сайын осылай. Бірақ Жанар ештеңе деп тіл қатпай, иығындағы былғары сөмкесін оң иығына іле салып, сырты аппақ мрамормен қапталған салтанатты сарайға қарай асығып бара жататын еді. Бүгін де солай. Жанар үлкен есікті ақырын ашып, кіреберістегі кең холлға ене бергені сол еді, ана түкпірдегі жуынатын бөлмеден жартылай жалаңаш шығып келе жатқан прокурорды көріп қалды. Бір үлкен түкті сүлгіні белін орай байлап, екіншісімен басын, мойнын сүртіп келе жатқан прокурор әу баста қызды аңдамаған. Жанардың көзі прокурордың арық, ұзын саусақтарына түскен. Түндегі түсі сап етіп ойына оралғаны сол – қаққан қазықтай болып сілейіп тұрып қалды. Жаңа көргендей тіл-жақсыз мелшиіп тұрған күтуші келіншекті енді байқаған ол «мынау жынды ма?» дегендей одырая бір қарап, өте берген. Жанар сасқалақтап, әнтек басын изеген. Амандасқан ишарасы.
Сырт киімін шешіп, үлкен залға қарай өткенде кең, жарық залдың еденіне төселген аса қымбат түкті кілемнің үстінде арбайып, аяқтарын созып жатқан қожайынның итін көреді. Бүгін де солай болды. Басы бір құшақ, аяқтары сала құлаш ала шұбар ағылшынның пойнтері марғау ғана басын көтеріп, қайтадан ұзынынан түсіп жатып қалған. Адамға соқтықпайды. Тек прокурор қожайынына әредік еркелеп қоятыны бар. Бірақ сонда да Жанар қатты сескеніп, алыстан айналып өткісі келеді. Бірақ олай болмайды. Себебі – Жанардың осы зәулім сарайдағы негізгі шаруасының бірі осы пойнтерді және прокурордың қызы Жанелияның кіп-кішкентай сабалақ жүнді скайтерьерін күніне бес рет тамақтандыру. Екі иттің қашан, қай уақытта, қандай тамақ жейтінін прокурордың өзі немесе сылқым келіншегі қадағалайды. Арнайы ас мәзірі бар. Ол күнделікті құнтталып, қағазға жазылып, Жанардың қолына беріледі. Осыдан төрт ай бұрын осында жұмысқа қабылданғанда прокурор қатты ескерткен. Прокурордың шегір, сидаң келіншегі де құптаған.
– Саған өте жауапты болу керек, – деген сызылып тұрып. Орыс тілінде. Оның айтуынша, бұл иттердің тұқымы өте қымбат тұрады. Астан ауырып немесе өліп қалса, мұның құнын төлеуге Жанардың шашы да жетпейді екен. Кей кездері осы қаладан табылмаған сүйікті тағамдарын арнайы тапсырыспен шетелден алдырады. Оған алғаш рет Жанелияның сүйікті скай-терьері Мониканың туған күнін тойлағанда куә болды. Ол – ол ма, туған күн «иесі» шақырылған қонақтармен бірге үстел басында отырды. Жанелияның қасында. Бір күн бұрын Жанелия Мониканы алтын жалатылған ваннада иісі бұрқыраған қымбат сабындармен жуындырып, тазартып, феньмен құрғатып, ұйысқақ жүндерін Жанарға таратып, мойнына алтын қарғыбау тағып, әспенсітіп отырғызған. Мониканың туған күніне Жанелияның үш құрбысы және анасының екі сырлас келіншегі шақырылыпты. «Хапибөз» айтылған соң, Жанелияның мамасы туған күннің мәнісін түсіндірген. Оның айтуынша, Жанелия Моникасын бәрінен жақсы көреді екен, жан дегенде, жалғыз қыздары Жанелия үшін оны да құрметтеуге болады екен.
Туған күн кешінде Жанелияның құрбылары Мониканы қызықтаса, мамасының сылқым сырластары бай келіншектің әртүрлі, ең асыл, қымбат тастармен көмкерілген әшекей-мүшекейін тамашалап мәз болысты. Олар өзара орысша, әредік ағылшынша сөйлесіп отырды. Туған күнінде кіржиіп отырған түйме көз, сабалақ жүнді Мониканы тамақтандыру Жанарға жүктелген. Дәл сол күні Жанардың жалғыз ұлы Нұрланның да туған күні болатын. Бірақ Жанар ол туралы ләм-мим деп ауыз ашқан жоқ. Тек үйіне тез кетуді ойлап отырды. Түн қараңғысында шақыртқан таксимен қала шетіндегі өзінің екі бөлмелі құжырасына кетіп бара жатқанда ағыл-тегіл жылағаны есінде. Үйіне келсе, ұлы әлдеқашан ұйықтап қалыпты. Ол анасынан тәтті мен ойыншық күткен болатын.
Шыттай киінген прокурор екінші қабаттан түсіп, қасынан өте бергенде қымбат әтірдің иісі бұрқ еткен. Кері бұрылып келіп, қолына бір жапырақ қағаз ұстатқан. Оның не екені Жанарға бесенеден белгілі. Ол – Акбара мен Мониканың ас мәзірі. Жанар қожайынның Акбарасының көзіне қараған. Қазандай басын алдыңғы аяқтарының үстіне салып, мөлиіп жатқан ала шұбар иттің көзінен аянышты мұң көргендей болды. Бұл әлгі қағазды еденге тастай салып, мына тымырсық, суық, үрейлі сарайдан безе жөнелгісі келді. Жанелия мен мамасы ұйқыда екені белгілі. Екінші қабаттан кәнігі аспаз-күтуші Роза тәтені көрген. Үшінші қабаттың бір түкпірінен шәуілдеп үрген Мониканың даусы естіледі. Жанар еріксіз сатыға қарай сүлесоқ беттегенін өзі де сезген жоқ. Өйткені ол бүгін Мониканы таза ауада қыдыртуға тиіс болатын.