Malim Cinema: Параллель соғыстар («Мандариндер» фильміне көзқарас)  

Malim Админ

  • 27.02.2021

Фильмнің қысқаша мазмұны:

Мандариндер» фильмі Грузия мен Эстония кинематографистерінің 2013 жылы бірлесе отырып түсірген жұмысы. Режиссері Заза Урушадзе.  Фильм сюжеті 1992 жылғы грузин-абхаз соғысына арналған. Оқиға Абхазиядағы шағын эстон ауылында өрбиді. Ауыл тұрғындарының көбі соғыс басталар тұста өздерінің тарихи отанына көшіп кетеді де, ауылда тек ұста Иво, мандарин алқабының иесі Маргус пен жергілікті дәрігер Юхан ғана қалады.

Грузин-абхаз шайқасы бос қалған эстон ауылын  айналып өтпейді. Ауыл маңындағы осындай кезекті қақтығыстардың бірінде екі тараптан  біраз адам қайтыс болады. Оларды жерлемек болған Иво(Лембит Ульфсак) мен Маргус (Элмо Нюганен) адамдардың өліктерінің арасынан екі жақтың ауыр жараланған екі солдатын тауып алады, оларды үйлеріне әкеп, емдейді. Бір шаңырақ астында естерін жиып, қалыпты өмірге оралған екеудің тартысы мен таным өзгерісі арқылы режиссер көрерменге соғыста жеңімпаз болмайтынын, өлім мен өмірлік сабақтың адамзатқа ортақ екенін қарапайым шаруа адамдарының диалогтарымен шебер жеткізеді.

Фильм 2014  жылы 29 Варшава кинофестивалінде «Үздік режиссерлік жұмыс» марапатын иеленсе, 2015 жылы «Оскар» мен «Алтын глобус»  жүлделерінде «Үздік шетелдік фильм» номинациясына үміткерлер тізіміне ілінген. Соғыс тақырыбын соғыс кадрларынсыз сөз еткен үздіктер тізіміндегі таңдаулы фильмдердің бірі.

Жер үшін, ел үшін, Отан үшін қан кешу, сол шайқаста опат болу  адамзат санасына ежелгі шапқыншылық кезеңдерден-ақ  сіңісті болған ұғым. Ол  майданның бәрінде жеңіс пен жеңіліс бар. Бірақ қай  жеңіс пен жеңіліс болсын, ондағы адам жанына үңілген емес. Қай соғыс болсын, сырт көзге «күркіреп күндей» өте шығады. Соғыс философиясы мүлдем бөлек. Ол жерде көп білген емес, бірінші және дәл атқан - көреген.

Грузин режиссері Заза Урушадзенің «Мандариндер» фильмінен кейін Нобель сыйлығының иегері Светлана Алексиевичтің «У войны не женское лицо» кітабын  арнайы оқып шықтым. Екі суреткердің еңбегінен соң маған біздің  ешбір соғысты әділетті, әділетсіз деп айдарлауға құқымыз жоқтай көрінді.  Екі кезең мен географиясы бөлек екі соғыстың тарихы емес, маған олардағы сол соғысты өткерген адамдардың  ортақ  философиясы мен психологиясы  қызық болды.  «Мандариндер» фильмі мен «У войны не женское лицо» кітабы соғыс, жеңіс, жеңімпаз, қаһарман  сөздерінің биік мінберлер мен салтанатты шерулерде пафосты ұрандармен науқандық сипатта  айтылатынын, ал барлық кезеңде сол соғысқа қатысы бар кез келген  адамның өз қасірет, қайғысымен, өз бақытсыздығымен  өзі қалатынын көрермен мен оқырманға шынайы мысалдармен шебер жеткізеді. Сонысымен де, бұл  «параллель соғыстар».

«Мен соғыс туралы жазбаймын, мен соғыстағы адам жайлы жазам. Мен соғыс тарихын емес, сезім, көңіл күй тарихын жазам. Мен жан суретшісімін, жан туралы айтатын тарихшымын»-дейді жазушы Светлана Алексиевич.

 «Бұл фильм адамгершілік жайлы. Бұл фильм біздің бәріміздің бірдей екенімізді ұмытатынымыз жайлы. Рас,  бізде басқа мемлекет, басқа әлем, басқа наным-сенім шығар, бірақ бәріміз - адамбыз. Менің фильмімнің негізгі ойы  осы – барлық ситуацияда адамның адам болып қалуы» -дейді режиссер Заза Урушадзе.

Жазушы Светлана Алексиевич «У войны не женское лицо» дейді. Оның кейіпкерлері өз замандастарының ерліктерін, соғыс тарихын  жыр қып емес, ондағы  адами құндылықтардың қалай аяқасты болғанын, жүрек түпкіріндегі зілді  көздерінің жасын көл қыла отырып жеткізеді. Кітаптағы әр кейіпкердің өмір тарихы жеке бір терең зерттеуге тамызық. Оның кейіпкерлері адами құндылықтар өлшемін адамзаттық биіктен сөз етеді. Бұл кітапты мен Заза Урушадзе фильмінің мазмұнын  кеңірек, тереңірек түсіну үшін ашып едім. Оған  бұл фильмде  бірде бір әйел кейіпкер, әйел образының болмауы себеп болды. Кітап ақиқаты тым ащы екен. Режиссер соғыстың мұндай ауыр салдарынан, ақтаусыз қиянатынан әйел қауымын осылай арашалап, Алексиевичтың «У войны не женское лицо» тұжырымына бекігендей көрінеді.  Одан фильмнің көркемдік, мазмұндық құны артпаса еш кемімеген.

«Біреуге қиянат жасама, айналаңмен тату бол, адал өмір сүр». Көзімізді тырнап ашып, ақыл-ойымызға өзіміз иелік ете бастаған тұстан бергі естіп келе жатқан ең қарапайым тәрбие-тәмсіл осы.   Бірақ соны санасына сіңіріп, осы қағидамен ғана жүріп тұратын адамды көрдіңіз бе?! Бүкіл соғыстардың түп төркіні  осы сөздердің қарсы мағыналас түсінігінен туады. Адамзаттың өзімшіл амбициясы әртүрлі ауыр шайқастардың себепкеріне айналды. Режиссер Заза Урушадзенің фильмі осы қарсылықтардың ащы сабағын алға тартады.  Мұнда адам ғұмырының қысқа, бітіспес даудың мәңгілік екені айтылады.

Диалогқа құрылған фильмнен сіз жеңімпазды, не  ұтылған тарапты  таппайсыз. Сіз бұл фильмнен тіпті зілді зеңбірек, кескілескен ұрысты, жұлдызы жарқыраған қаһарманды да  көрмейсіз. Есесіне бейбіт өмірді аңсайтын қарапайым шаруа адамдарының биік парасатын, сабырлы болмысын ғана көресіз. Бұл адамзатқа ортақ «әр істің ауырында сабыр жақсы» тұжырымымен үндес.

Мандарин –  өмірдің гүлі, тіршіліктің символы. Оны соғыс тақырыбымен қатар алып жүру фильмге сәуле түсіріп тұр. Мандарин бағы адамның да осылай әдемі өмір бағбаны  бола алатынын айтатындай.

Пафоссыз, әсіре бояусыз кино ешкімге артықшылық бермейді. Мұнда  эстон, шешен, абхаз, грузин бәрі тең. Алайда көп көрермен фильмнің соңғы эпизодтарына қатысты дау айтады. Онда орыс әскерилерінің эстон үйіне шабуылдап ондағы грузинді, мандарин қожайыны Маргусты өлтіретін кадрлары бар.  «Адами құндылықтарды үндеп келе жатқан фильм қалай аяқасты орыс әскерилерін жаналғыш жендетке айналдырды? Шығармадағы гуманизм қайда кетті?»-дейді олар.  Бұл жерде режиссер   «экрандағы соғыс ойынында» кімнің белсенді ожар екенін көрсетуді емес, ол  әр актерды терең тағдырлы кейіпкерге айналдыруды ғана мақсат еткен сияқты. Солардың соғыс жағдайындағы психологиясы, солардың жан мен тән жарасы...

Көрермен фильмді грузин әртісінің театрдағы спектакліне эстон мен шешеннің жетектесе келіп, қол соғып отырған кадрімен аяқтайтын шығар деп  жобалайды.  Алайда, режиссер көрерменін ондай әдемі иллюзиядан  алып шығып, соғыстың  ұлт таңдамайтынын, кездейсоқ оққа кез келген ұшып кете беретінін ұғындыратын өмірлік шындықпен табыстырады.

Шолпан Рақымқызы

Суреттер интернеттен алынды

[embed]https://www.youtube.com/watch?v=8iFi5w9X4go&ab_channel=Melomankaz[/embed]