MalimCinema: «Келінжан 3» сериалының кемшілігі мен жетістігі
«Хабар» телеарнасында көптің көзайымы болған «Келінжан 3» сериалы бітті. Алдыңғы екі сезоны да жақсы өткен. Көрерменге ұнады, үшінші сезонын халық көргісі келді. Продюсер мен режиссер үшінші сезонды түсіріп, халыққа ұсынды. Телеарнадан да, ютуб платформасынан да сериалдың көрермендері әр сериясын жібірмей көрді. Тіпті, кейінгі күндері бір серияның алдына өткен серияны қайталап берсе де, тапжылмай көрді. Неге?
Біздіңше, «Келінжан» сериалы теледидарды өмірге жақындатып, қабыстырып жіберді. Осыған дейінгі сериалдар жасанды, оқиғасы да құрастырылып, актерлері де шынайы ойнай алмай, біздің шын болмысымыздан да алыс жатты. Болмыстан алыс дүниені көрермен қабылдамайды. «Келінжан» біздің өмірімізден алынды. Бәрімізге ортақ кейіпкерлер жүрді. Тіпті, біз де соның ішінде жүрдік.
Күлімхан апа
Күлімхан ана рөлін Ләйло Бекназар-Ханинга ойнайды. Жақсы образ. Күйеуі Темірбек ерте дүниеден өтсе үш ұл, бір қызын жеткізіп, азамат қылған ана. Ол кісінің образында мейірім де, шынайылық та, кейде балалары үшін баратын жасандылық та бар. Ондай жасандылық ананың бейнесін аша түседі. Өйткені баласы үшін, соның бақыты үшін, өмір қиындықтарының тігісін жатқызып, білдірмей жіберу үшін ондай қасиеттер керек.
Ләйло Бекназар ойнаған Күлімхан апаның бейнесі көрерменін сендіре білді. Бірақ ол кісінің ойынында театр актері екенін бәрібір білініп жатты. Үнемі үһілеп жүреді, «тұқым өскір-ай» деген сөзді өте көп айтты. Күлімхан апаның әр қимыл, сөзін, жүрісін де сырттан алғаннан кейін бе, кейде табиғи аналық бейне жетіспей жатты. Ауылдағы апалар үнемі шаршап жүрмейді ғой. Олар үйдің тіршілігіне араласып кетіп жатады. Келін түсірсе де үй шаруасына үйреніп қалған аналар отты да жағып, сиырды да сауып кете береді. Келіні ет салып жатса, нан илеп кетеді. Отыра алмайды. Ал Күлімхан апаның бейнесінде ол жоқ. Ол кісі үнемі балаларының қарым-қатынасын бақылап, соның шаруасымен жүреді.
Осы үшінші сезонның соңғы екі сериясындағы рөлі, тіпті, адам нанғысыз. Ол жерде актердің емес, әрине, сценарийдің кемшілігі байқалып тұрды. Жалпы осы үшінші сезонда сценарий тұрғысынан көп олқылық болды.
Дегенмен Күлімхан апаның бейнесінің артықшылықтары да болды. Бір отбасының шашауын шығармай ұстаған адуынды аналарымыз болды ғой. Күлімхан апа – сондай ана.
Қылышбек пен Айсара
«Келінжан» сериалының негізгі кейіпкерлері. Бүкіл сезон осы екі образ айналасында ұсталып тұр. Егер Қылыш пен Айсара сериалда болмаса, бұл сериалдың көп сериалдан артықшылығы болмас еді.
Қылышбек – Рүстем Жаныаманов. Өте тамаша актер. Комедиялық сахналарды түрлендіріп жібереді. Үшінші сезонда көбіне актерлік шеберлігіне сүйенгендей сезілді. Ол әйелінің сөзінен шықпайтын Қылышты да, аз уақыт әкім болып өзгерген Қылышты да жақсы ойнады. Және сценарий жағынан осы екі кейіпкердің сөзін жазу өте ыңғайлы болған сияқты.
Рүстем Қылыштың образын қайталанбайтындай жасады. Сондықтан да ол есте қалады, ұмытылмайды, танымал болады. Қылышбектің өз айтқанын да істете алатыны, бірақ көбіне әйелінің көңіліне қарайтыны, орысша сөздер қосып ұрсатыны – бәрі ойластырылып, сәтті шыққан. Рүстемнің ойынына қарап, оның тек сериалдың, комедияның актері емес екенін түсінесің. Актер Рүстемнен енді басқа образдарды сәтті шығаруын күтеміз.
Айсараның үнемі конфликт тудырып жүретін әрекеттері сериалдың динамикасын ұстап тұрды. Айсараның әр сөзі, қылығы, көзқарасының өзі – ойын. Нанымды, сенесің. Енесінің алдында өзін ұстауы, абысындарның арасындағы қарым-қатынасы, қайындары мен күйеуіне сөйлеуінде де шынайылық бар. Айсараның рөлін ойнаған Дариға Бадықова образына сценарийден бөлек, өзінен де көп нәрсе қосқандай әсер етті. Кей күлкісінде, репликаларында аяқ асты туған дүниелер байқалып жатты. Мәдібек екеуінің больницаға бара жатқан сахнасында да сондай күлкі байқалады.
Айсара – образ ғана емес, ол қазақы қарым-қатынастың проблемасы. Дариға осы проблеманы жақсы түсінген, сценаристер де жақсы мақсат қойған. Бірақ Мәдібектің баласының шашы мен тырнағын ауыстырып тастағаны артықтау сезілді. Айсара конфликт тудырып, жоқ жерден сөз шығарып, кейде қосып айтып, кейде кемітіп айтып жүретін адам. Бірақ ол ДНК ауыстыратындай кейіпкер емес. Сол бір тұстар өте жасанды шыққан. Айсараның содан кешірім сұрайтыны, күйеуінің де, енесінің де алдында жыламсықтап қалатыны бұрынғыдай көрерменге өтпеді. Айсара бірдеңе бүлдірсе, үндемей жүріп алатын адамдардың қатарынан. Ал мұнда біртүрлі бүлдіріп қойған дүниесін, шешуге асығады. Валяның баласын Мәдібектікі деуі нанымды. Конфликті осы деңгейде қалдыру керек еді.
Жалпы Дариға Бадықова өз рөлін керемет ойнады.
Мәдібек пен Балқия
Балқия (Нұргүл Мыңғатова) – ененің қолында келін. Ерке, бірақ еркелігін тұрмыс ұмыттырған әйел. Абысыны Айсараның барлық сөзіне қослып кетпейді, енесіне де жақтаспайды. Бірақ ортаны ұстап, бәрінің көңілін тапқысы келеді.
Мәдібек те – ерке. Жүрісі бар, бірақ отбасын жақсы асырайды. Назар Шархан ағасы Қылышбекке ұқсағысы келгендей. Кейде соның жүрісін, қылығын қайталайтындай сезілді.
Қылышбек пен Айсараның тандеміне сүйеу болып, сериал бойынша ойынды жетелеп, дамытқан осы Мәдібек пен Балқия. Олардың арасындағы сезім де шынайы. Бір-бірін жақсы көреді. Балқияның күдіктеніп жүретіні де жақсы. Сөйте тұра екеуі де отбасын сақтауға ұмтылады.
Асқар мен Асылым
Асылым (Сара Амангелді) мен Асқардың (Дәулет Өсербай) қарым-қатынасы қазіргі жастардың қарым-қатынасына негіздеп жасаған. Олардың ажырасамыз деген себебін үлкендер түсінбейді. Оларға ондай себеп – күлкілі.
Асқар – кенже. Асылым қаланың баласы. Бұл екі рөл түсінікті. Өздеріне берілген міндетті актерлар тәуір алып шыққан.
Сценарий бойынша және өзге де актерлер
Осы сезонда сценарий жағынан әлсіздік байқалды. Айсараның інісі пайда болды. Үш ұл да ажырасамыз деп, мәселе тудырды. Нұрболхан Шарапов түгелімен Айсараны көшірген. Сөзіне, қылығына дейін Айсара. Бір анадан туғаннан кейін ұқсайтын-ақ шығар. Бірақ актер ретінде жәй ғана көшіріп алғандай көрінді. Әрине қызық, күлкілі. Балзияға ғашық боп, сөз айтып, ол қарамай қоятын кездері Нұрболхан жақсы ойнады. Есік алдына шығып, гүлін жерге соғып, ашуланатын сахналарды жақсы шығарған.
Балзияның рөлін ойған Сәбира Ақатай өз рөлін сенімді, жақсы ойнап шықты. Ал мектепке жаңадан мұғалім болып келген Әсем (Мәриям Сатай) шынайы шықпады. Ол кейіпкер конфликт үшін керек болған шығар. Бірақ схема бірден білініп қалды. Әрі актриса да жақсы ойнай алмады. Қазақша сөйлегені де жатық емес. Ойыны да сіңбей тұрды.
Бұл жолғы сезонды Күлімхан ананың Құдайбергеннің үйіне кетіп, содан оралған кезбен бітіруге болар ма еді. Сол уақытта бәрі татуласқандай болып, тынышталады. Одан әрі созып, ДНК тексертіп, қалас танысқандарын еске алдырып (14-серия, тіпті, керегі жоқ серия еді), Күлімхан апаға жігіттерді жалдатқандары жасанды болған. Өмірге жақындаған «Келінжанды» соңғы екі сериясы қайта алыстатып жіберді. Соңының өзін той сияқты аяқтап жіберген. Өмірді өмір сияқты аяқтау керек пе еді?
Жалпы алғанда «Келінжан» сәтті жоба. 4 сезонын түсіруге болады деп ойлаймын. Бірақ сонымен аяқталуы керек. Онда драма, тіпті, көп болады.
Бұл сериалдың жетістігі - актерлердың талантын ашты, қазақ сериалдарын өмірге жақындатып, нанымды етті.
Продюсер, сценарисі Гүлнұр Мамасарипова, режиссер Ернар Нұрғалиевқа жақсы жұмыстары үшін алғыс айтуға болады.