Мұхтархан Ділдәбеков Сиднейде жеңген Куба боксшысымен кездесті

Екеуі араға 24 жыл салып қайта кездесті

Malim Админ

  • 26.06.2024

2000 жылы Аустралияның Сидней қаласында өткен жазғы Олимпиада ойындарында Мұхтархан Ділдәбековпен жұдырықтасқан әйгілі кубалық боксшы Алексис Рубалкаба Қазақстанға келді. Қос боксшы араға 24 жыл салып қайта кездесті.

Рубалкаба Түркістан облысында 2006-2007 жылы туған жастар арасында өтетін Мұхтархан Ділдәбеков атындағы он екінші халықаралық турнирге құрметті қонақ ретінде шақырылған.

Ділдәбеков пен Рубалкабаның 24 жылдан кейінгі кездесуінің видеосы Қазақстан бокс федерациясының Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланды. Видеодан қос боксшы төс қағысып амандасқанын көруге болады.

Ділдәбеков пен Алексис Рубалкаба 2000 жылы Сидней Олимпиадасының ширек финалында жұдырықтасқан еді. Бұл жекпе-жекте қазақстандық боксшы жеңіске жеткен болатын. Ділдәбеков осы Олимпиаданың финалына дейін барды. Ол ақтық сында ұлыбританиялық Одли Харрисонға есе жіберіп, күміс жүлде еншіледі.

Еске салайық, Мұхтархан Ділдәбеков қазір Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті.

Фото: Alash.kz