Қазақ боксындағы қола дәуір

Олжас Қасым

  • 06.08.2021

Қазақстанның бокстан ұлттық құрамасы олимпиада ойындарында тұңғыш рет алтын ала алмады. Токио олимпиадасы біздің боксшылар үшін сәтсіз аяқталды. Бас бапкер Ғалымбек КЕНЖЕБАЕВ Жапонияға толық құрамда аттанған еді.

Сәкен БИБОСЫНОВ (52 келі)

Серік ТЕМІРЖАНОВ (57 келі)

Зәкір САФИУЛЛИН (63 келі)

Абылайхан ЖҮСІПОВ (69 келі)

Әбілхан АМАНҚҰЛ (75 келі)

Бекзат НҰРДӘУЛЕТОВ (81 келі)

Василий ЛЕВИТ (91 келі)

Қамшыбек Қоңқабаев (91+)

Өкінішке қарай алтын жүлде алады деген басты фаворит Бекзат Нұрдәулетов алғашқы жекпе-жегінде ресейлік қарсыласы Имам ХАТАЕВТАН жеңіліп қалды. Жүлдеден дәмелі делінген Василий Левит пен Абылайхан Жүсіпов те олимпиадамен ерте қоштасты. Сонымен ХХХІІ жазғы олимпиадада қазақ боксшылары екі қолға ғана қол жеткізді. Олар: Қамшыбек Қоңқабаев және Сәкен Бибосынов.

Мalim.kz сайтының тілшісі Токио олимпиадасында боксшыларымыз неге сәтсіз өнер көрсетті деген сауалға жауап іздеп көрді. Бокстан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Болат ЖҰМАДІЛОВКЕ хабарластық.

-Жартылай финалға шыққан соңғы боксшымыз Сәкенге өкінішке қарай жеңісті берген жоқ. Жақсы бокстасты. Бірақ қазы кімнің қолын көтерсе сол жеңді деген сөз. Ұлттық құраманың олимпиададағы боксы «пойдет». Маған журналистер көп хабарласып жатыр. Менен сын күтеді.

- Мен сізден сын күтіп отырғаным жоқ. Өз пікіріңізді білдірсеңіз.

- Жақсы, бауырым. Менің айтарым осы.  

Қазақ боксына үлкен еңбек сіңірген, әлемнің екі дүркін чемпионы, олимпиада ойындарының жеңімпазы Серік СӘПИЕВТІҢ жеке бапкері болған Александр СТРЕЛЬНИКОВҚА да қоңырау шалдық. Білікті бапкер шәкіртінің бұл күнде спорт комитетінің басшысы екенін ескерді ме, әйтеуір бізбен сөйлесуге аса ынталы болған жоқ.

«Мен боксшылардың Токиодағы өнеріне қатысты пікір білдіре алмаймын. Себебі дайындық барысынан хабарсызбын», - деп қысқа қайырды Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Александр Стрельников.

Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт СӘРСЕКБАЕВТЫҢ пікірінше, үкімет боксқа жақсы қолдау көрсетіп жатыр. Тиісті қаражат бөлінеді. Жаттығу базалары жеткілікті. Чемпион бапкерлер құрамын жаңарту керек деп есептейді.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев. Оның бапкерлік тәжірбиесі 35 жыл. Қазақстандағы ең даңқты боксшы Геннадий ГОЛОВКИНДІ 1998-2005 жылдары жаттықтырған. Алайда, қазір ұлттық құрамамен ең төмен нәтиже көрсеткен бапкер болып тұр.

«Сәкеннің үшінші орын құтты болсын. Басқа не дейміз? Алтын ала алмадық. Тарихта бірінші рет алтынсыз қалып отырмыз. Жолымыз болмады. Үшінші орын да жақсы. Бірақ жанкүйерлер бокстан тек алтын күтеді ғой. Бокс ұлттық спортымызға айналғалы қашан. Мемлекет бокс үшін бәрін жасап жатыр. Қаншама ақша бөледі. Мен оны білемін ғой. Бізде боксқа Өзбекстаннан көп ақша бөледі. Ұлттық құрамадағы бапкерлерді өзгерту керек. Жаңа қан жүгірту керек ұлттық құраманың бойына. 69 келіде Асланбек Шынбергенов неге бармай қалды деген сұрақ бар.  75 келі салмақта Тұрсынбай Құлахмет те ұлттық құрамаға ілікпеді. 2019 жылғы Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері. Аманқұлдың жарақатпен жүргеніне қанша уақыт болды. Оны бәрі біледі. Онда неге оны апарды деген тағы бір сауал пайда болады. Әбілханның жеке бапкері Нұрлан Ақүрпеков шәкіртінің денсаулығын біледі ғой. Еліміздің мәртебесі бірінші орында болу керек қой. Біз барымызды қадірлемейміз. Кадрлар шетке кетіп жатыр. Бір ғана мысал айтайын ауыр атлетикадан Токио олимпиадасының чемпионы болған Акбар Жураевтың жеңісіне қазақ Ержас Болтаев еңбек сіңірді. Біз қазір рингпен қоштассақ та бокспен өмір сүреміз. Токиодағы сәтсіздікке жүрегіміз ауырып қалды», - дейді Бақыт Сәрсекбаев Мalim.kz сайтының тілшісіне.

Сәрсекбаев сынға алған ұлттық құрама бапкерлер штабында Мырзағали АЙТЖАНОВ, Нұрлан АҚҮРПЕКОВ, Марат ЖӘКИЕВ, Болат ӘБДІРАХМАНОВ, Марат МАНАШЕВ, Асқар ЕРКЕБАЕВ, Бауыржан АМАНБАЕВ және дәрігер Ғалым НҰРМАХАМБЕТОВ бар.

Ұлттық құраманың бас бапкері Орталық коммуникациялар қызметінде арнайы баспасөз мәслихатын берді. Айтуынша, боксшылар Токиоға өте жақсы дайындықпен барған. Психологиялық қысымға тап болған дейді. Бас бапкерге журналистер тарапынан «отставкаға кетесіз бе?» деген сауал қойылды.

«Отставкаға кету ойымда бар. Бірақ олимпиададан кейін жиналыс болады. Олимпиада қортындыланады. Сол кезде басшылар шешеді», - деп кібіртіктей жауап қатты Ғалымбек Кенжебаев.

Оңтүстік Корея, Түркия, Ирак, Венгрия құрамаларын жаттықтырған бапкер, Атланта олимпиадасының қола жүлдегері Болат НИЯЗЫМБЕТОВ барлық кінәні бапкерлерге арта беруге болмайды. Бокс әлемде қарқынды түрде дамып жатыр дейді.

«Токиодағы додада  әлем, олимпиада чемпиондары да ұтылып жатыр. Бапкерлер мен жеке бапкерлерді кіналай беруге болмайды. Алғаш қатысып жатқан спортшылар қиналды. Сол командаға әсер етеді. Қазір әлемде бокс қатты дамып жатыр. Бірнеше елдің құрамасын жаттықтырған маман ретінде айтып тұрмын. Біз негізі тойынғанбыз. Қоланы менсінбейтін дәрежеге жеттік. Ал қазір қоламыз алтындай болып отыр. Бірақ олимпиада қоласын жеңіп алу да оңай емес қой. Мен Атланта олимпиадасының қоласын алғанмын. Бізді ұмытып та кетті. Қазір бокс ластанып та кетті. Рингтен төбелесті де көріп жатырмыз. Токиода қазылар жұмысы АИБА дан қарағанда таза болды деп айтуға болады», - деді Болат НИЯЗЫМБЕТОВ.

Тәуелсіздік алғалы бері қазақ боксшылары олимпиада ойындарынан алтынсыз қайтып көрмеген. 1996 жылы Атлантада Василий ЖИРОВ чемпион болса, 2000 жылы Сиднейде Бекзат САТТАРХАНОВ пен Ермахан ЫБРАЙЫМОВ қос алтынмен қуантты. 2004 жылы Афинада Бақтияр АРТАЕВ олимп шыңын бағындырса,  2008 жылы Бейжіңде Бақыт СӘРСЕКБАЕВ чемпион болды.  2012 жылы Лондонда күллі әлем Серік СӘПИЕВТІҢ шеберлігіне тән болды.  2016 Риода жеңіс жолын Данияр ЕЛЕУСІНОВ жалғаған еді. Енді қазақ боксы қола дәуірге тап болғандай.  

Фотолар ғаламтордан алынды.