Қазақ тіл білімін жаңа деңгейде жетілдірген ғалым

Malim Админ

  • 26.03.2021

Еліміздің тәуелсіз кеңістігі мен жаһандану заманында қазақ руханиятын тануда, түрлі әлеуметтік, саяси-мәдени жағдаяттардың күрделі де күрмеуі қиын мәселелердің өзегін ашуда тіл мәселесі тамыры тереңдегі ұлт болмысымен сабақтасып жатқан алтын арқау ретінде анықталып, кешенді зерттелу үстінде.

Осыған орай қазақ тілін зерттейтін әлемдегі жалғыз ғылыми мекеме  А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының іргетасы қаланғанына да биыл 60 жыл толғалы отыр.

Осы уақыт аралығында институт өзінің жетілу, кеңею, даму деңгейі арқылы тек Қазақстандағы емес, жалпы алғанда, бұрынғы түркі республикалары арасында ғылыми-лингвистикалық орталыққа айналды.

Осымен байланысты білімді де білікті мамандар жинақталған ұжымды әр кезеңде басқарған тұлғалардың ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі ерекше атап өтерлік. Мысалы, академик І.Кеңесбаев, академик Ә.Қайдаров басқарған кезең кәсіби қазақ тіл білімінің қалыптасып, сан түрлі салаларының кеңейіп, ғылыми-әдіснамалық тұрғыдан негізделуімен ғалым-мамандардың көбейіп қана қоймай, республикадан тыс жерлерде де танылуымен сипатталса, ал 90-жылдардағы «қайта құру» мен сол кезеңдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік мәселелердің нарық заманының шиеленіскен кезеңінде қиынның арасынан жол тауып, басқарған профессор К.Ш.Хұсайын екенін бәріміз білеміз.

Махамбетше айтқанда, «Исатай басшы, мен қосшы» дегендей, өзінің әріптесі әрі досы Н.Уәлимен тізе қосып, институтты жаңарған заманға ілестіретін жаңа бағдарлар белгілеп, атқарылған орасан істер, қазақ тіл білімін жаңа деңгейге көтерді. Олар, шын мәнінде, ауыз толтырып айтарлықтай сүбелі еңбектер еді: Онбес томдық қазақ әдеби тілінің сөздігі, басқа да алуан түрлі сөздіктер (мысалы, бәлен жыл шыға алмай жатқан «Қазақша-орысша сөздік» жаңартылып, толықтырылып басылған Синонимдер сөздігі мен орфографиялық, орфоэпиялық, аймақтық сөздіктері және «Қазақ грамматикасы», академик Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілі әлемінде» атты үш  томдық этнолингвистикалық сөздік т.б.

Осы жұмыстардың сапалы атқарылуы үшін зерделі де зиялы басшылар Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Ш.Сарыбаев, Ө.Айтбаев, Т.Жанұзақов, Б.Әбілқасымов, Ә.Жүнісбеков, А.Жұбанов сынды асылдарымызды бас қылып қана қоймай, ең бастысы, осы кезеңде институтқа ғалымдардың жаңа легін тартты. Сөйтіп, институтта қалыптасқан дәстүрлі жалғастық жүзеге асты.

Осы «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» сияқты қазақы қағиданы ұстаным етуді олардан кейінгі басшылыққа келген М.Малбақовтың да жалғастырғанына куә болдық. Бойларына қазақы тәрбие рухы сіңірілген, кеуделеріндегі жігер (оларға Көбекең «намысы бар» деген сөзді жиі айтатын) мен ғылымға деген құштарлыққа сай ғалымдардың жаңа ұрпағының ғылым кеңістігіне шығуына адами да, ғылыми басшылықпен де көмек пег қолдау берген Көбекең мен Нұрекеңнің ісі ғылымдағы, ғылымды басқарып ұйымдастырудағы адалдықтың, тағылымдықтың үлгісіндей.

Ең қуаныштысы – сол ақ үміттің ақталып, ол жастардың ғылымдағы өз орындарын бекітіп, тілді зерттеудің және онвң қоғамда өзектелген мәселелеріне қатысты еңбек етіп жүргені. Оларды атап айтсақ: Қ.Күдеринова, А.Фазылжанова, О.Жұбаева, А.Жаңабекова, А.Аманбаева, А.Әмірбекова, Қ.Айдарбек, Ж.Жұмабаева, Н.Әміржанова, А.Хабиева, А.Сейітбекова, Қ.Ғабитхан т.б.

Осы игі дәстүрдің бүгінгі басшылық тәжірибесінде, зерттеу ісіне жұмылдыру барысында ғылыми деңгейі мен іскери қабілетіне көңіл бөлу қағидасының негізгі қағида ретінде жалғасуы қуантарлық жай.

Ал профессор К.Ш.Хұсайынның ғалымдық тұлғасы да қазақ тіл білімін жаңа деңгейде жетілдіріп, ғылыми көкжиегін кеңейтетін мәніне байланысты ерекше маңызды.

Шын мәнінде, лингвогенезистік, жалпы әмбебаптық моделімен қатар ұлттық моделіне қатысты дыбыс пен мағына сабақтастығын бейнелейтін дыбыс еліктеуіш құбылысын, дыбыс символизмі, фоносемантика мәселесін Қазақстан тіл білімінде алғаш рет көтеріп, арнайы зерттеген – профессор Қ.Хұсайын және оның фоносемантикалық идеясының қазақ тіліндегі көріністерінің әртүрлі қырларын анықтауға тырысқан шәкірттерінің аз ғана тобы (С.Өткелбаева, А.Ислам, М.Жұбанова, А.Нақубек)

Тіл болмысын тану үрдісіндегі бұл күрделі мәселенің зерттелуін одан әрі жалғастырып, дамыту аса маңызды.

Қазақ тілін зерттейтін қара шаңырақтың тарихында ойып алған орны бар профессор К.Ш.Хұсайын ағамыз егер арамызда жүргенде былтыр 75-тің белесіне шығар еді. Кемел шаққа келгенде көрнекті ғалымдардың еңбектерін (70 жылдық мерейтойына орай) Мемлекеттік тапсырыс бойынша профессор К.Ш.Хұсайынның таңдамалы жинағын шығаруға әзірлеп ұсынған.

Бірақ ол шараны іске асыру сол кездегі елдегі объективті жағдайларға  байланысты (Қазақ хандығының 550 жылдығы, ЭКСПО-2017 т.б. шаралар)  экономикалық, материалдық тұрғыдан мүмкін болмай қалды. Бірақ профессор К.Ш.Хұсайын еңбектерінің орнын, бағасын, тілді зерттеудің қазақ тіл білімінің тың аспектісінің бағасын түсінген ғалымдардың Ә.Жүнісбек бастаған инициативтік топ, жақсы аға, тұғырлы азамат, терең зерделі ғалым, қайраткер тұлғаның институт әзірлеген еңбектерінің жинағы түріндегі кітабын 70 жылдығына орай шығарған болатын. Әрине, оның таралымы ( кітап) бұл мәселенің ғылыми қажеттілігін өтей алмайды. Болашақта ол мәселе де шешімін табар деген үміттеміз.

Ал, ең бастысы, осы ғылыми мәселенің (фоносемантиканың) зерттеу аясының кеңейіп, жоғары оқу орындарында, докторантура, магистратура, жүйесінің тәжірибесінде көрініс табуын жүзеге асыру маңызды.

Ол мақсат, ең алдымен, мәселенің айналысқа түсіп, қазіргі ғылым өкілдерінің санасында игерілуін қажет етеді.

Осы тұрғыдан қазіргі таңда институт қабырғасында жүзеге асып жатқан, ғылыми мұраны түсіндіру мен ғалым-тұлғаларды танытуға арналған «Тілтанымдық зерттеулер» жобасы – аса игілікті жұмыс.

Профессор К.Ш.Хұсайынның ғылыми-шығармашылығына арналып, ғалымның  75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылатын жобаның осы шарасы ғалым мұрасын игеріп, дамытуда үлес қосары сөзсіз.

А.Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының

Бас ғылыми қызметкері,

Филология ғылымдарының  докторы, профессор           

Ж.А.Манкеева