Сарапшы: Винокуровтың Аstana Pro Team командасы мемлекеттен жыл сайын 5 млрд теңге алады
Команда 15 жылдан бері бюджеттен қаржыландырылады
Өткен аптада спорт сарапшысы Аслан Қажен «Qazaqstan barysy Grand Slam» турниріне жерлестеріміздің дайындығы, еліміздегі дзюдо спортының ахуалы, Мемлекеттің ақшасын сорып жатқан қисапсыз федерациялар туралы Malim.kz тілшісіне сұхбат берген болатын. Дегенмен, спорт өте ауқымды сала болғандықтан, айтар, көтерер проблема аз емес. Сарапшы отандық спорттың дамуына үлес қоспаса да, қазынадан қаншама қаржы алып отырған клубтар, командалар мен федерациялардың жұмысын да ашық түрде сынап келеді. Бұл жолы біз көпшілік біле бермейтін ақша ағындары жөнінде айтамыз.
- Аслан, Сіз қазақстандық спортты алға сүйремесе де, мемлекеттік бюджеттен, халықтың қаржысынан қыруар ақша алып отырған клуб, командалар жайында жазып жүрсіз. Мұндай ақпараттарды қоғам білуі керек деп ойлаймыз. Елімізде ең көп қаржы алатын құрылым қайсы?
- Біз әдетте хоккей, футбол, баскетбол салаларына қаржы ең көп бөлінеді деп ойлаймыз. Өйткені, олар легионерлерді көп тартады. Одан да ең көп ақша бөлініп жатқан спорт бар. Бұл жөнінде ақпараттар бар. Оны жуырда ресми түрде жариялаймын. Мысалы, Александр Винокуров құрған Аstana Pro Team деген команда бар. Білмеймін, қазір оның не істеп жүргенін. Мендегі бар ақпарат бойынша ол жыл сайын мемлекеттен 5 млрд теңге алып отыр. «Спорт қоры» ақша береді. Бірақ, айналып келгенде халықтың қалтасынан алып отыр ғой. «Спорт қоры» «Барыс» командасын, «Астана» футбол клубын, «Астана» баскетбол клубын қаржыландырып отыр. Түптеп келгенде төртеуі де керек емес жобалар. Бұл пікірімді спортқа жауапты адамдар, сарапшылар да құптайды. Өйткені, қыруар ақша шашылып жатыр. 5 млрд теңге деген көпшілігіміз түсімізде көрмеген ақша. Қателеспесем, 15 жылдан бері бюджеттен қаржыландырылады. Кейіннен Президент Тоқаев кәсіпқой спорт клубтарына ақша бөлуді тоқтату керектігін айтты. Демек, бұл қаражаттың қысқартылған мөлшері. Оған дейін 10-15 млн-нан алып келген деген ақпараттар бар. Осыны ресми түрде растаймын. Өзімнің жиған дерегіме 90 пайыз сенімдімін. Осындай былықтарды қоғам көп біле бермейді. Халықтың қаржысының бұлайша бейберекет шашылғаны елдің ашуын тіптен қоздырады. Өздеріңіз білесіздер, велоспорт біздің икемімізге келмейтін спорт. Бұл салада қазақ балалары жоқтың қасы. Аstana Pro Team-нан шамамен 500-ге жуық кәсіпқой спортшы шықты. Оның 10 пайызға жуығы ғана қазақстандық. Бұл дегеніңіз өте төмен көрсеткіш. Кілең легионерлер. Осындай велокоманданы ұстап отырмыз. Оған бөлінген ақша қайда кетіп жатыр, ол жағы беймәлім. Маған сол команданың бұрынғы мүшелері хабарласып жатыр. Олардың да өздерінің айтары бар екен. «Еңбекақымызды дұрыс бермеді», «Берген уәдесін орындамады», «Келісімшартымызды бұзды» деп арыз-шағымдарын жеткізуде. Осы мәселеге әріптестерімнің назарын аударғым келеді.
- Сол секілді қателеспесем, «Барыс» хоккей клубы да мемлекетті теспей сорып отырғаны жиі сыналады...
Ал «Барыс» хоккей клубына «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-әуқат қоры айына 8 млрд теңге беретінін растады. Бұл хоккейшілердің ай сайын алатын жалақысы. Аталмыш мәселені өзіміз бірінші болып көтердік. Құрлықтық хоккей лигасы ақпараттарды ашық түрде ұсынады. Оның үстіне оларға сыйақы бөлек төленеді. Әрбір голына дегендей. Оның да мөлшері қомақты. Ал, басшылары қанша алатыны белгісіз. Құрлықтық хоккей лигасы жалпы саны 2 жарым млрд деген сомманы көрсетеді. Ешкім жауап бермейтін осындай сұрақтар алдымызда тұр.
- «Астана» баскетбол клубына да көп назар аударылмайды...
- Себебі, хоккей мен футболға көбірек мән береміз. Осы клубқа қателеспесем, жылына 1 млрд 200 млн бөлінеді екен. Өте қомақты қаржы. Ал, баскетболдан ұлттық құрамамызға 100 млн теңге ғана беріледі. Салыстырсақ, ұлттық құрама «Астана» бакетбол клубынан 12 есе аз алады. Негізі, керісінше болуы керек еді ғой. Өйткені, бізге керегі ұлттық құрама ғой. Елдің намысын қорғайтын солар емес пе?! «Астана» баскетбол клубы соңғы 10 ойынның тоғызында жеңіледі. Турнир тізімінің ең соңғы сатысында тұрады. «Барыс» хоккей клубы да солай. Алайда, ақшаның көп бөлігі солардың үлесінде. Өздерінің арасында шешімдерді қабылдайтын кеңесі бар. Өзара жиын өткізеді де, құжаттарын реттеп, қаржыны ала береді. Спорт қорына маңайлай алмайсың. Қорға сұрау салып, жауап алу қиын.
- Қазір отандық таеквондо тығырыққа тірелгендей. Үлкен жарыстардан көп жағдайда жүлдесіз қайтып жүрміз. Мұның себептері неде?
- Кезінде Мұстафа Өзтүрік таеквондоның мектебін қалыптастырды деп мақтанамыз. Бірақ, қазір сол мектеп жоғалды деуге болады. Шәкірттері қайда, мектебі қайда, жолы қайда түсінбей дал болып қалдық. Таэквондодағы былықтың бірі - федерация басшылығына таласқа байланысты. Бұл бүгін ғана емес, бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан жағдай. Билікке талас, бірін бірі көре алмаушылық бізді кері тартатын жағымсыз әдетке айналды. Федерация ешқандай нәтиже көрсетпейтінін былтыр білгенмін. Бір қола болсын алады деп үміттендік, алайда медальсіз құралақан қайтты. Ең бірінші федерация, оның қазіргі басшылығы өзінің білгенін істеп жатыр. Бас бапкер Батырбек Есдәулетов 8-9 жылдан бері креслосына жабысып, кетпей отыр. Сол себепті, ешқандай да нәтиже жоқ. Бірақ, бапкер ауыспайды. Оларға ақша бөліп отырған Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті, спортты дамыту дирекциясы бар. Осы құрылымдар талап етуі керек. Федерация олардың талаптарын орындамайды. Ең өкініштісі, биыл жылдың басты жарысы саналатын Қазақстан чемпионаты өткен жоқ. Осы сайыста қазақстандық таеквондошы балалардың үздіктері іріктеліп алынуы қажет болатын. Алдымен облыстарда, сосын республикалық жарыстарда таңдалып, ең мықтылары әлем чемпионатына қатысуға тиіс. Олардың өздерінің жинап алған белгілі бір тобы бар. Соларды сүйрелеп әлем чемпионатына апарады. Көбіне ұтылып қайтады да әр түрлі сылтау айтады. Ал спортта нақты нәтиже керек екені белгілі. Жүлде жоқ па, ол дегеніңіз - құлдырау. Таеквондоның чемпионаты өткеніне біраз уақыт болды. Әлі бір ашық талқы болып, талдау жасалған жоқ. Ештеңе өзгерген жоқ деуге болады. Мәселені бірнеше рет көтердік. Десек те, қандай өзгеріс болатыны беймәлім.
- Бұдан кейін Олимпиадада топ жару туралы ойланудың да реті жоқ дейсіз ғой...
- Париж олимпиадасына бір жыл ғана қалды. Бірнеше спорт түрі дайын емес. Әйтеуір бокста жетістік болған соң бірқатар олқылық соның көлеңкесінде қалып жатыр. Негізі отандық спортта құлдырау көп. Біздің спортта мемлекет басымдық беріп отырған басты бес бағыт бар. Соның ішіне таеквондо кіреді. Атап айтсақ, бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика, таеквондо. Осыларға қаржы бөледі және нәтиже күтеді. Таеквондодон жеңіске құлшынысы мол, епті, талантты жігіттер-қыздар жетеді ғой. Іргетасы қаланған мектеп бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, талантты балалардың жолдары жабылып тұр. Мүдделер қақтығысы болып жатыр. Сырттай бақылап қарасаң, өте жиіркенішті. Бітпейтін, талас-тартыс, тамыр таныстық, сыбайластық дерті өршіп кеткен. Тайға таңба басқандай көрініп тұрады ол. Тіпті, жасырын да жасай алмайды ғой. Ел ақымақ емес, бәрін көріп отыр. Жауапты адамдар да көрмей отырған жоқ. Алайда, былық шылықтың алдын алатын ешкімді байқамаймыз. Жүгенсіз кетіп бара жатқан сала болып тұр, өкінішке қарай. Және мұндай іріп шіріген спорт салалары аз емес.
- Осындай проблемаларға байланысты Мәдениет және спорт министрлігін екіге бөлу туралы бірнеше рет айтылды. Меніңше, министрлікті екі ведомствоға бөлетін кез әбден келген сияқты...
- Менің ойымша, бөлек құрылуы керек. Асхат Оралов Мәдениет және спорт министрі болды. Бірақ, оның бір басында мәдениет, туризм, спорт сияқты бірнеше бағыт бар. Бәрін бірдей жетік меңгеру мүмкін емес. Беткі жағын білгенімен, қанша тырысқанымен түйткілдерді терең талдап, біле бермейді. Осы министрлікті Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақтоты Райымқұлова басқарды. Олар отандық спортқа тікелей жауапты болды. Нәтиже шамалы. Бәрінің жұмыс істеу стилі ұқсас. Салаға терең бара алмайды, үстірт, жауап беруі бірдей.
Ендігі бір мәселе, спорт өз алдына министрлік ретінде құрыла ма, әлде агенттік бола ма деген сұрақ. Спортты дербес агенттік қылып құрсақ та жеткілікті. Көптеген елде мұндай тәжірибе бар. Сонда спортқа жауапты адамның өз құзіреті өз қолында болады. Министрлік, комитет, дирекция бар. Бірдеңе болса мақұлдауы керек, бюрократия етек жайып кеткен. Кейде әр саланың басшысы бір бірімен келіспей қалып жатады. Спорт бөлек ведомство болып шықса дұрыс болар еді. О баста мәдениет пен спортты біріктірмей ақ қояйық деп бекер айтылған жоқ.