Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан

«Алаш» партиясының жетекшісі, Алашорда көсемі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (1866-1937) – қазақ тарихындағы ірі тұлға, публицист, ғалым, аудармашы. Ол ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында қазақ зиялыларын біріктіріп, ұлттыө мүддені қолдайтын топ ұйымдастырды, қазақты оқу-білімге ынталандырды, орыс зиялыларының арасында беделі ерекше жоғары болды.

Malim Админ

  • 26.09.2024

1866 жылы 5 наурызда бұрынғы Семей облысы Қарқара уезі Тоқырауын болысында дүниеге келген. Қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданына қарасты бұрынғы Қаратал кеңшарына қарасты жер. 1992 жылы Ақтоғай аудандық кеңестің  шешемімен кеңшарға Әлихан Бөкейханов есімі берілді.

Жасынан зерек, алғыр өскен Әлиханды әкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол молданың қолынан оқуды канағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны техник мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыды. Мұнда ол студенттік қызу пікірталастарға қатысып, XX ғасырдың босағасын аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болды, өз ойын да шыңдай түсті.

Дәл сол студенттік шақта сан алуан қозғалыстарға белсенді түрде араласқаннан кейін жандармерияның назарына ілікті, "саяси сенімсіздердің" қара тізіміне енді.

Әлихан Бөкейхан Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, заңгер дипломына да алып шыққан. Ал оқудан кейін Омбы қаласына қайта оралып, орман шаруашылығы училищесінде математика пәнінен оқытушы болып жұмыс істейді. Сол кезде "Степной край" газетінің редакция алқасына кіреді. Орыстың императорлық жағрафия қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің қызметіне қызу араласады. Осы бөлімнің басқару комитетіне де мүше болады.

 Алаш жетекшісі отаршыл империяны саяси тұрғыдан реформалап, федеративтік демократиялы мемлекетке айналдыру арқылы ғана қазақтың әуелі өзін-өзі билеп, кейін толық тәуелсіздікке қол жеткізуіне болады деп санады.

"Қазақтар петициясының" басты ұйымдастырушысы әрі негізгі авторы – Әлихан Бөкейхан. 14 500 адам қол қойған құжатта халық қазақ отырған жерлердің қазақтың меншігі болып саналатынын патша өкіметінен мойындауды, қазақ балалары білім алатын барша бастауыш мектептерге ана тілі мен жазуын енгізуді, қазақ тілінде газет шығарып, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді талап етті.

Әлихан Бөкейхан бұл талаптарды Петербургтің "Сын отечества" газеті мен Омбының "Иртыш" газетінде жариялады.

1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарыдан Орынбор келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады. Ол Ақпан төнкерісінен үлкен үміт күтеді. Бірақ ол үміті ақталмайды. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады.

Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады. Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейхан сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады.

Алаш партиясы Қазан төңкерісінің қарсаңында Ресейдегі 50-ге жуық партияның ішінде сегізінші орында тұрған еді.Алайда көп ұзамай жеңіске жеткен большевиктер Қазақ автономиясының жұмысын тоқтатып, басшыларын қуғынға салады. Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады. Әлихан Бөкейхан һмірінде бірнеше рет түрмеге түсті. Талай мәрте қуғын-сүргінге ұшырады.

1937 жылдың 27 қыркүйегінде қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханов жалған айыппен Мәскеуде өлім жазасына кесіледі.  Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды.

Байланысты жаналықтар

Қазақтар ғана бір-бірінің үстінен арыз жазды деу қате пікір

13.11.2024

Әлихан Бөкейханның ұлы Үгедейге белгі қойылды

13.12.2020
MalimBlocks
Қазақтар ғана бір-бірінің үстінен арыз жазды деу қате пікір

1922 жылға дейін Әлихан тек қазақ және орыс тілін білген. Ол кезде оның жасы 50-ден асқан еді. Логикаға салсақ, осыдан кейін 9 тіл біліп кетуі де екіталай ғой.

Әлихан Бөкейханның ұлы Үгедейге белгі қойылды