Қазақтар ғана бір-бірінің үстінен арыз жазды деу қате пікір
1922 жылға дейін Әлихан тек қазақ және орыс тілін білген. Ол кезде оның жасы 50-ден асқан еді. Логикаға салсақ, осыдан кейін 9 тіл біліп кетуі де екіталай ғой.
Фото: www.aikyn.kz
Белгілі журналист, алаштанушы, «Алашорда», «Алаш автономиясының әскері» кітаптарының авторы Болат Мүрсәлім www.aikyn.kz сайтына сұхбат берді. Алаш тұлғалары мен Алашорда үкіметі туралы мәліметтердің кейбір қызық деректеріне тоқталған. Сәкен Сейфуллин мен Тұрар Рысқұлов туралы пікірі де маңызды деп ойлаймыз. Сұхбатты қысқартып ұсынып отырмыз.
– Қазір шыны керек, Алаш тақырыбына қатысты жалған ақпарат көп қой. Шындық пен өтірікті ажырату қиынға айналды. Мысалы, соның бірі – Әлихан Бөкейхан 9 тіл біледі деген мәлімет. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Омбы мен Петербор қалаларында білім алған адамның соншалықты көп тіл меңгеруі мүмкін бе? Жалпы, мұндай мәлімет қайдан шықты?
– Бұл мәліметтің қайдан шыққанын нақты білмеймін. Бірақ мен көрген деректердің бірі – Әлиханның 1922 жылы өз қолымен толтырған сауалнамасы. Оның 1922 жылы Қарқаралыдан ұсталып, Мәскеуге барғаны бәрімізге мәлім. Мәскеуде «Күншығыс» баспасына жұмысқа тұрған кезінде сауалнама толтырған. Онда «1 ұл, 1 қызым бар» деп жазады. Бұған қоса, бұрын қайда жұмыс істегенін және қандай тілді білетінін көрсеткен. «Қай тілдерді білесіз?» деген сұраққа: «қазақ және орыс тілін ғана білемін» деп жауап берген. Яғни, 1922 жылға дейін Әлихан тек қазақ және орыс тілін білген. Ол кезде оның жасы 50-ден асқан еді. Логикаға салсақ, осыдан кейін 9 тіл біліп кетуі де екіталай ғой.
Кейде біз белгілі тұлғаларды асыра мадақтауға бейімбіз, неше түрлі культ жасағымыз келіп тұрады. Сондықтан «ол 9 тіл біледі» деп немесе «Ленинмен бірге емтихан тапсырған» деген сияқты «мифтерге» сене саламыз. Мұндайды кім айтса да, кім жазса да, тарих ғылымында зерттеліп, тексерілуі қажет. Мысалы, орыс тарихшысы Виктор Козодой өз еңбегінде Әлиханның заң факультетін сырттай оқымағанын көрсетеді. Бұл сияқты басқа да деректер жетіп артылады.
Ол кездегі университеттердің көбі француз тілін оқытқан. Мәселен, Мұстафа Шоқайдың әйелі Мария Горина естелігінде: «Біз Францияға көшкенде, Мұстафа бірауыз французша білмейтін» деп жазады. Үйренсе, кейіннен үйренген шығар. Яғни, жалған фактілер арқылы тұлғаларды қанша дәріптеуге тырыссақ та, олар содан биіктеп кетпейді. Сондықтан барды бар деп қана айту керек. Мен үшін Алаш азаматтары көп тіл білмей-ақ, принципімен, күллі қазақ үшін жасаған еңбегімен-ақ құнды.
– Әлихан Бөкейханның қанша тіл білгенін тарихшылардан сұрап, аз-кем сөйлескенім де бар. Кейбірі «Әлихан 9 тіл білетінін әдейі жасырған» дейді.
– (Сәл ғана жымиды) Қызық екен. Әлиханды «скромный» етіп көрсеткісі келе ме? Жарайды, егер шынымен француз тілін білген болса, ол өзі «қазақ, орыс және француз тілдерін білемін» деп жазады ғой. Мүмкін, башқұрт немесе татар тілін ауызекі деңгейде ғана білген шығар, өйткені татар-башқұрттармен араласқаны анық. Бірақ мұндайды (көп тіл білетінін – ред.) жасырудың қажеті жоқ қой...
– Сіздің ойыңызша, 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен бастап 1920 жылы Алашорда таратылғанға дейінгі кезең несімен құнды?
– Бұл кезең – мен үшін қазақты тарихи субъект ретінде айқындаған Алашорданың идеяларымен құнды. Біз Кенесары хан өлгеннен кейін 70 жыл бойы біртұтас биліктен айырылған, бірнеше генерал-губернаторлыққа бағынған ел едік. Осы 1917-1920 жылдардағы Алаш қайраткерлері күресінің арқасында қайтадан мемлекеттік іргетасымызды белгілей алдық.
– Қазір Сәкен Сейфуллинді «Алашты сатқан, ұстап берген» деп айтады, сол сияқты Тұрар Рысқұловқа қатысты да жағымсыз пікірлер бар. Кейде біз осы тек қазақ қана бір-бірін сатып жіберетіндей етіп көрсетпейміз бе? Егер бұл Кеңестік режимнің азаптауынан, қинауынан кейін жасалған дүние болса, өз басым сол кез үшін «қалыпты» дер едім. Немесе олар коммунистік идеяға шын сенді ме екен? Бұл туралы сіз не ойлайсыз?
– Бізде Сталин заманында қазақтардың бірін-бірі сатқаны, бірін-бірі оққа байлап бергені туралы біржақты түсінік бар. Алайда бұл – қате пікір. Осы мәселені айтып, Мәскеудегі алаштанушы Дина Аманжоловадан сұрағанымда, ол кісі де осы сұрақты беделді сталинтанушыдан сұрағанын айтты. Сталин заманын терең зерттеген ғалым сол кезде бүкіл халықтар бірінің үстінен бірі арыз жазғанын айтыпты. Яғни, қазақтар ғана бір-біріне қарсы арыз жазды деу – жаңсақ пікір.
Бірақ мына нәрсені де айтпасқа болмас. Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» романы еркін кезінде жазылды және Алашқа қарсы сипатта болды. Сәкен мен Тұрардың мақсаты Алаш қайраткерлерін биліктен ысыру болған сияқты. Саяси күрес қой. Алаш қайраткерлері советтік билік кезінде де билікке араласқан еді. Мысалы, олардың арасында Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов сияқты кейінгі толқын өкілдері де болды. Сөйтіп, олар Алаш қайраткерлерін белгілі бір қызметтерге тартты. Міне, олардың осылай топтасуы кейбіреулерге ұнаған жоқ. Негізгі себептің бірі осы деп ойлаймын.